Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Үкіметті ақыры доғарысқа жіберді
АСТАНА. 5 ақпан. Бүгін Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Үкіметті доғарысқа жіберді. Бұл туралы Ақорда баспасөз қызметінің дерегіне сүйенген rast.kz хабарлайды.
Президент 5 ақпан, дүйсенбі күні «Қазақстан Республикасының Үкіметі туралы» жарлыққа қол қойды.
Сөйтіп, көптен бері айтылып келе жатқан қауесет шындыққа айналды. Соңғы екі жыл бойы Парламенттің де, халықтың да көңілінен шықпаған Үкімет өзінің сенім кепілін тауысып алып, Президенттің ұйғарымымен отставкаға кетуге мәжбүр болды.
Соның алдында Қаржы министрі болып қызмет атқарған, одан да бұрын көп жылдар бойы еліміздің статистика саласына жетекшілік еткен Әлихан Смайылов 2022 жылғы Қаңтар оқиғалары дүмпуінен кейін Министрлер кабинеті басына күтпеген жерден келіп қалып еді. Уақыт бұл таңдаудың оншалықты сәтті бола қоймағанын кейін талай рет көрсетті.
Мемлекет басшысы Қазақстан Республикасы Конституциясының 70-бабына сүйеніп. Үкіметтің орнынан түсуін қаулы етті. Ол сонымен бірге Премьер-Министр міндеттерін уақытша атқаруды вице-премьер Роман Васильевич Склярға жүктеді.
Жарлықта атап көрсетілгендей, Үкімет мүшелері Үкіметтің жаңа құрамы бекітілгенге дейін өз міндеттерін атқаруды жалғастыра береді.