Армения Путинді қамауға алатын елдер қатарына ресми түрде қосылды
ЕРЕВАН. 2 ақпан. Армения өткен жылы мамырда РФ президенті Владимир Путинді қамауға алуға ордер берген Гаага соты статутына толық еге болды. Бұл туралы The Moscow News дерегіне сүйенген rast.kz хабарлайды.
Хайастан парламенті Гагадағы Халықаралық қылмыстық соттың негізгі құжаты – Рүм статутын былтырғы жылғы қазан айында ратификациялаған еді. Осы шешім 1 ақпан күні өзінің күшіне енді.
Нәтижесінде бұған дейін Ресеймен бірге Ұжымдық қауіпсіздік шарт ұйымы (ҰҚШҰ) мен Еуразиялық экономикалық одаққа (ЕАЭО) кіріп келген Ереван енді өз елінің территориясы аумағына келе қалса, Путинді қамауға алу жөніндегі міндеттемені мойнына алды.
Тап осындай міндеттемелер Халықаралық қылмыстық соттың 120-дан астам мүшелерінің мойындарында да бар. Олар Путиннің БРИКС-тің 2023 жылдың тамызында Оңтүстік Африка республикасында өтетін саммитіне қатыса алмауына жеткізді. Соның артынша РФ диктаторы Түркияға да бара алмай қалды. Анкара халықаралық соттың статусына ие болмаса да, Кремльдің қожайыны бұл сапарға тәуекел ете алмады.
Ресей сыртқы істер министрлігі Арменияның бұл қадамына «барынша дос емес елдің қадамы» деген баға берді.