Түркия банктері Ресей компанияларының шоттарын жаппай жауып жатыр
АНКАРА. 2 ақпан. Ресей компаниялары өздерінің түрік банктеріндегі шоттарын жабуға мәжбүр болса, жеке тұлғалары карта ашуда қатаң талаптарға тап келді. Бұл туралы The Moscow News дерегіне сүйенген rast.kz хабарлайды.
Түркия банктері өткен жылдың соңынан бастап Ресейге байланысты төлемдер жасауды тоқтатты. «Ведомостидің» мәліметінше, олардың шоттары осы кезге дейін бұғатта тұр. Егер бұрын тек Батыстың санкциясына ұшыраған кәсіпорындардың ғана шоттары қыбырсыз қалса, енді ресейлік компаниялардың барлығы да осы кепті кеше бастады.
Шектеу АҚШ президенті Джо Байденнің 2023 жылдың 22 желтоқсанындағы жарлығынан кейін күшейе түсті. Ол Америка қаржы министрлігіне Ресейдің санкцияға ұшыраған тұлғаларының РФ-ның әскери-өнеркәсіп саласына белгілі бір материалдар мен жабдықтар жеткізіп берулеріне көмектесіп тұрған барлық шетелдік банктерге қарсы шара қолдануға мүмкіндік берді.
Осыдан кейін түрік банктері Ресей экспорттарының төлемдерін өткізіп тұруды тоқтатты.