Футбол: «Астана» Суперкубокты жеңіп алды
ҚОСТАНАЙ. 1 наурыз. Бүгін «Астана» мен Қызылорданың «Қайсары» Қазақстан Суперкубогы үшін кездесіп, бұлардың біріншісі жеңіске жетті. Бұл туралы vesti.kz хабарлады.
Матч Қостанайда ойналды. Ол «Тобыл Арена» стадионында өтті.
2020 жылдың Суперкубогын «Астана» еліміздің өткен жылғы чемпионы, «Қайсар» Кубок иегері ретінде сарапқа салды.
Кездесу 1:0 есебімен елордалық команданың пайдасына шешілді. Ел чемпионы оны барынша ұқыпты етіп өткізді. Матчтағы жалғыз гол «Қайсардың» қорғаушысы Бағдат Қайыров өз қақпасына түсіріп алуымен салынды. Ол астаналықтардың кипрлік дебютанты Пиерос Сотириудың баспен әуелеткен добын өз торынан бір-ақ шығарды.
Осымен «Астана» бесінші мәрте Суперкубокты жеңіп алып отыр. Сонымен бірге ол соңғы кездері елордалық клубтың да тізгінін ұстаған Қазақстан құрамасының бас жаттықтырушысы Михал Билектің жаңа лауазымдағы бірінші трофейі болып тұр.