АСТАНА. 22 желтоқсан. Қызылорда облысында биыл 48, 6 млрд теңгеге 43 медициналық нысан салынып, іске қосылды. Бұл туралы Қызылорда облысы әкімі баспасөз қызметінің дерегіне сүйенген rast.kz хабарлайды.
«Ауылда денсаулық сақтауды жаңғырту» ұлттық жобасы аясында өңірдің барлық ауданында 10 млрд 763 млн теңгеге 28 медициналық нысан салынды. Қызылорда облысының әкімі Нұрлыбек Нәлібаев Астана төріндегі Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингінде осылай деді.

«Қызылорда қаласында 36 млрд 400 млн теңгеге 300 орындық көп бейінді аурухана құрылысы қарқын алды, 5 млрд 400 млн теңгеге 4 аудандағы орталық ауруханалар жанынан қосымша ғимараттар салынды. Шиелі ауданында 2 млрд 300 млн теңгеге бой көтерген жұқпалы аурулар бөлімшесінің жаңа ғимараты ел игілігін толықтырды. Құрылысына 2 млрд 200 млн теңге бөлінген дәл осындай жаңа нысан жақын күндері Арал ауданында ашылады. Бұрын-соңды өз ғимараты болмаған қан орталығы бүгінде жаңадан салынған нысанда халыққа қызмет көрсетуде», – деді сосын облыс әкімі.
Сонымен қатар, Үкімет облыс орталығында 48 млрд 500 млн теңгеге 200 орындық перинаталдық орталық, 14 млрд 780 млн теңгеге 500 орындық емхана салуға тиісті қаулы қабылдады. Құрылыс жұмыстары жақын күндері басталады. Сол сияқты тағы бір 400 орындық емхана салу жоспарланып отыр.
«Халық сұранысына сәйкес, соңғы 2 жылда жергілікті бюджеттен бөлінген 5 млрд 400 млн теңгеге 225 жаңа санитарлық автокөлік, 45 жедел жәрдем көлігі алынып, барлық елді мекендегі денсаулық сақтау ұйымдарына табыс етілді», – дегенді айтты келесі кезекте Нұрлыбек Нәлібаев.
Тағы бір айта кететін жайт, кейінгі жылдары 24 медициналық нысан 6 млрд теңге қаржыға күрделі жөндеуден өткізілген, 15 млрд теңгеге медициналық құрал-жабдықтар сатып алынған. Жабдықталу деңгейі 2022 жылғы 83,2 пайыз болса, қазір бұл көрсеткіш 87,4 пайызға артты (республикада – 85,6 пайыз).
Халыққа сапалы медициналық қызмет көрсету үшін мамандар біліктілігін арттыру мәселесі ұдайы назарда. Халықаралық байланыстың артуы мамандардың тәжірибе алмасуына жол ашты. Өткен жылы 15 дәрігер Түркияның жетекші медициналық клиникасында білім жетілдірді. Биыл 41 медицина қызметкері Германия, Ресей, Литва, Беларусь елдеріндегі үздік клиникаларда біліктілік арттырды.



USD




