Финляндия Ресеймен шекараны толық жабу жоспарын жасап жатыр
ХЕЛЬСИНКИ. 18 қараша. Финляндия ішкі істер министрлігі Ресейден келетіндер көбейіп бара жатса, шығыс шекараны толық жауып тастаудың жоспарын жасауға кірісті. Бұл туралы The Moscow News дерегіне сүйенген rast.kz хабарлайды.
Суоми билігі шекарадағы бақылау-өткізу бекетінің бәрін тез жауып тастау мақсатында шектеу енгізу жоспарын жасауды қолға алды. Бірақ әзірге қосымша шектеулер енгізу туралы түпкілікті шешім шыққан жоқ. Ал үкіметтегі мәнбелер қазіргі ахуалдың қосымша шараларды қажет етпейтінін айтып отыр.
Финляндияның оңтүстік-шығыс шекара қызметінің есебіне сәйкес, бүгін түске таяу шекараға 69 босқынның келгені белгілі болды. Ал сағат 18:00-ге таяу олардың саны 96-ға дейін өсті.
Бұдан бұрын Финляндия Ваалимаа, Нуйямаа, Иматра и Ниирала, Вяртсиля автомобиль өткізу бекеттерін жауып, Ресей тарапынан келетін көліктердің жолын кесіп еді. Шектеу 2023 жылғы 17 қарашадан 2024 жылғы 18 ақпанға дейін қолданыста болады.
Мұндай шара қабылдануына кіруге қажетті құжаттары жоқ үшінші ел азаматтарының Ресей арқылы жиі келетіні себеп болып отыр.
Енді Финляндиядан кейін Эстония мен Норвегия де Ресеймен шекараны жауып тастау мүмкіндігін қарастырып жатыр. Бұған қоса, бүгін Эстония орыс елімен шекара белдеуіне танкінің жүріп өтуіне кедергі келтіретін темір құрсау салып тастады.