Финдер тағы да әлемдегі ең бақытты адамдар болып танылды

НЬЮ-ЙОРК. 20 наурыз. Финляндия тұрғындары қатарынан сегізінші жыл әлемдегі ең бақытты адамдар деген атаққа ие болды. Бұл туралы DW ақпарына сүйенген rast.kz хабарлайды.
Бақыттылық жөніндегі жаһандық рейтингіде үштікті Солтүстік Еуропа тұрғындары құрады.
Финдер бұл тізімде сегізінші жыл қатарынан бірінші орын алып, планетадағы ең бақытты ұлт деген атақты өздерінде сақтап қалды. 20 наурыз, бейсенбі күні Нью-Йоркте жарияланған бақыт туралы жаһандық есеп осындай қорытынды шығарды.
Тізімде екінші орынға Дания орналасса, үшінші орынға Исландия жұрты жайғасты. Ал үздік 10 тобын бұдан әрі осы реттері бойынша Швеция, Нидерланд, Коста-Рика, Норвегия, Израиль, Люксембург және Мексика елдерінің халықтары толықтырды.
Тізімге жалпы саны 147 мемлекет енгізілген.
Алпауыт дәулеттердің арасында Аустралия – 11, Жаңа Зеландия – 12, Канада – 18, Германия – 22, Ұлыбритания – 23, АҚШ – 24, Франция – 33, Бразилия – 36, Испания – 38, Италия – 40, Аргентина – 42, Жапония – 55, Корея – 58, Қытай – 68, Индонезия – 83, Түркия – 94, Үндістан 118 орындарды алып тұр.
Посткеңестік елдердің көрсеткіштері мынадай: Литва – 16, Эстония – 39, Қазақстан – 43, Латвия – 51, Өзбекстан – 53, Армения – 57, Ресей – 66, Қырғызстан – 75, Молдова – 80, Тәжікстан – 90, Сакартвело – 91, Әзербайжан – 106, Украина – 111.
Тізімге Түрікменстан мен КХДР кірмей қалыпты.
Жалпы тізімді соңғы 157-орындағы Ауғанстан аяқтайды.
Байқап тұрғандарыңыздай, Қазақстан кеңестік елдер арасында үшінші көрсеткішке ие болыпты. Ал Ресей соғыс қанша қызу жүріп жатса да, биыл рейтингте екі саты ілгері жылжыпты. Украина болса, екі саты кейін кетіп қалыпты.
Халықаралық бақыт күнін Біріккен Ұлттар Ұйымы 2012 жылы белгіледі. Оның рейтингісінде әрбір елдің аухалы өмір сүру ұзақтығы, әлеуметтік қолдау, теңсіздік деңгейі, жалпы ішкі өнім мөлшері, маңызды шешімдер қабылдау еркіндігі, сыбайлас жемқорлықты қабылдау сипаты, жомарттық шаралары секілді әртүрлі өлшемдер бойынша анықталады. 2024 жылдан бастап баяндаманы Оксфорд университеті ғылыми-зерттеу институттарының бірі – Gallup институты мен БҰҰ-ның тұрақты даму мақсаттары бөлімі бірлесіп жариялап келеді.