Қазақстан ресейлік телеарналарды көрсететін сервисті бұғаттап тастады
АСТАНА. 18 қараша. Қазақстан билігі РФ телеарналарын көруге мүмкіндік беретін Sputnik24 интернет-порталын байланыс кеңістігінен шығарып жіберді. Бұл туралы The Moscow News дерегіне сүйенген rast.kz хабарлайды.
Arbat Media порталының мәнбесі мәліметінше, бұғаттаудың себебі «Қазақстан Республикасының аумағында лицензиясы жоқ телерадио хабарларын тарату операторлары мен жабдықтардың қызметтеріне шартты қол жеткізу карталары туралы ақпаратты тарату» деп аталады. Былайынша айтқанда, аталмыш портал-сервис республика территориясында Ресей телеарналары хабарларын заңсыз таратып келген. Осыған байланысты оның жұмысын тоқтатуға шешім қабылданған.
Биылғы сәуір айында Эстония тап осындай себеппен, яғни ресейлік телеарналарды көруге мүмкіндік беретін болғандығынан айтылып отырған интернет-порталды бұғаттап тастаған еді.
Мысалы, Кремльдің ең басты насихат арналарының бірі – RT өз контенті көре алатын платформалардың тізімінде «Sputnik24.tv/Спутник24» интернет-порталы бар екенін атап көрсетеді.
Ресейдің пропаганда тарататын телеарналарын жауып тастау мәселесін Хайастан (Армения) көптен бері көтеріп, талқылап келеді. Билікке жақын «Азаматтық келісім» партиясының депутаты Лусине Бадалян биылғы қыркүйек айының соңында, қазіргі интернеттің мүмкіндігін ескере келіп, Ресей насихатынан құтылудың бір ғана жолы бұл емес дегенді айтты. Ол егер мемлекет қауіпсіздігіне қауіп төнген жағдайда, мұның соңы қандай аласапыранға алып баратынына қарамастан, бұдан да батыл әрі бұлтартпас қадамға бару керек деп есептейді.
Мұның алдында РФ президентінің халықаралық мәдени ынтымақтастық жөніндегі арнайы өкілі Михаил Швыдкой бір жиында Путиннің алдында сөйлеп тұрып, Кремль қожайынының Қазақстанға сапарынан кейін ресейлік бұқаралық ақпарат құралдарының аталмыш республикаға көзқарасы біршама жақсарып қалғанын, ал қазақстандық БАҚ-тардың қатынасы керісінше нашарлай түскенін атап өткен болатын.