Қазақстан 106 тауар түрін Ресейге экспортқа шығаруға тыйым салды
АСТАНА. 19 қазан. Қазақстан РФ армиясы Украинаға қарсы соғыста пайдалануы ықтимал 106 тауарды Ресейге шығаруға тосқауыл қойып, технологиялық санкцияларға қатысушы елдер қатарына қосылды. Бұл туралы «Неміс толқыны» радиосы дерегіне сүйенген rast.kz хабарлайды.
Осылайша санкцияны айналып өтіп, электроника мен жоғары технологиялы тауарларды Ресейге жеткізіп келген басты хабтардың бірі өзінің тіршілігін тоқтатты. Ресейдің посткеңестік кеңістіктегі ең ірі сауда әріптестерінің бірі және ҰҚШҰ мүшесі – Қазақстан 106 тауар позициясын Ресейге жіберіп тұрудан бас тартты. Бүгін бұл жайында республиканың сауда және интеграция вице-министрі Қайрат Төребаев баяндады.
Шенеуніктің айтуынша, РФ Украинаға қарсы соғыс ашқаннан кейін Батыс елдері орнатқан экспорттық бақылау шаралары ұрыс қимылдары барысында қолданылуы мүмкін чиптер мен электроникаға қатысты қабылданған.
Ресей 2023 жылдың бірінші жартысында Қазақстан мен басқа да параллель хабтар (Грузия, Армения, Түркия, Өзбекстан, Әзербайжан, Қырғызстан,Тәжікстан) арқылы Еуроодақ елдерінен $14,1 млрд тұратын тауарлар алған. Бұл 2022 жылдың сол мерзіміне қарағанда, көрсеткіштің 60 пайызға, яғни $5,2 млрд-қа артып кеткенін көрсетеді. Ал мұншама ақшаның негізгі тауарларын телеком жабдықтары, микроэлектроника, электр жабдықтары, көліктер, компьютерлер, серверлер, қатқыл дискілер мен смартфондар құраған.
Қазақстан билігі Ресейге әскери мақсаттағы тауарлар жіберуді 2022 жылдың мамыр айында-ақ тоқтатқанын мәлімдеген болатын. Алайда елдің сыртқы істер министрлігі кейбір жекеменшік компаниялардың содан кейін де тыйым салынған заттарды Ресейге астыртын жіберіп тұрғандарын мойындады. Олардың бәрі Украинадағы соғыста пайдаланылған.
Астананың ендігі қадамдары РФ-қа қатысты тауарларды сатып алу өрісін шектейтінін президент Қасым-Жомарт Тоқаев растады. Ол ГФР канцлері Олаф Шольцпен биылғы 28 қыркүйекте Ақордада жүргізген келіссөзінен соң Астананың Батыс елдері Ресейге байланысты енгізген санкциялық режимге толық қосылатынын мәлімдеген еді.