Қазақстанда салафи ағымына қатаң тыйым салынуы тиіс
ҚР Президенті Қ. Тоқаев мырзаға,
ҚР Парламенті Сенатының Төрағасы М. С. Әшімбаев мырзаға,
ҚР Парламенті Мәжілісінің төрағасы Е. Ж. Қошанов мырзаға,
ҚР Бас прокуроры Б. Асылов мырзаға
АШЫҚ ХАТ
Елімізде діни-радикалдық бағыттар күш алып келеді. Соңғы кездері тіпті қарқынды түрде дамуда. Оған дәлел – ұлттық құндылықтарымыз, ұлттық ерекшеліктерімізге айрықша шабуылдар жасалуда. Бұдан былай мемлекет тарапынан нақты шараларды қолға алмаса, мүлде кеш болатыны сөзсіз.
Оның үстіне, Өзбекстан мен Қырғызстан салафиттік-уаһабиттік жат идеологияға тыйым салуды қолға алды. Өзбекстан тіпті заң шығарып үлгерді. Егер біздің елімізде де мемлекет нақты заң қабылдамаса, көрші елдердегі теріс діни ағым өкілдері Қазақстанға қарай ағылады. Сондықтан мемлекет тарапынан заң қабылдау жөнінде шешім шыққаны көпшілік тарапынан қолдау тауып отыр.
Осы күндері туыстар, достар, тіпті бір отбасы мүшелері дін мәселесімен бір-бірімен араздасып, бір дастархан басына отыра алмайтын жағдайға жетті. Бұл ұлтты бөлшектеуге апаратын ұлттық қауіпсіздік жағдайына да орасан зор нұсқан келуде.
Теріс діни ағымдар ислам діні атына кір келтіріп отырғанын да баса айтуымыз керек.
Алда қайта қаралатын заң жобаға ғалымдар, ұстаздар, ақын-жазушылар, журналистер, өнер адамдары, жалпы қоғам белсенділері өзіңізге төмендегідей ұсыныстар жолдайды:
- Қоғамдық орындарда ниқаб, паранжа (бетті толықтай бүркеп жауып) киіп жүруге тыйым салынсын;
- Салафилік белгідегі мұртсыз сақал қоюшылар, қысқа балақтылар қатаң қадағалауға алынсын;
- Мемлекеттік органдардың, сол мекемеге қарасты жартылай мемлекеттік ұйымдардың діни үгіт-насихатпен айналысуына тыйым салу қажет. Себебі, қандай бағыттың нақты дұрыс екенін білместен-ақ әрбір мекеме өздерінше насихаттық жұмыстар жүргізеді. Бұл заңға қайшы. Көңілі таза, ниеті дұрыс жас толқын өздері де сонысын түсінбей арандатушы топтардың қармағына топырлап түсіп жатыр. Діни ағымдардың мүддесін көксейтін мемлекеттік қызметкерлер жұмысын босатуы қажет.
- Әлеуметтік желідегі әртүрлі діни ағымдардың ұлттық идеологияға қауіп төңдіретін үгіт-насихаттарына тоқтам жасау керек. Әсіресе, әлеуметтік желілердегі теріс діни ағымдарға жасалған үгіт-насихаттар қатаң қадағалануы тиіс.
- Әртүрлі діни ағымдарға сырт елдерден қолдау жасалып отыр. Олардың қаржы көздерін анықтап, шеттен қаржыландыру жоларына тыйым салынуы керек. Ұлттық қауіпсіздік комитеті батыл әрекет жасауын талап етеміз.
- Соңғы 30 жылда ұлттық идеологияның орнын діни идеология басып, жастар өз тамырынан, өз тегінен, ұлттық болмысынан жеріп жатыр. Сол себепті ұлттық құндылықтарды дамытатын арнайы мемлекеттік бағдарлама қабылдануы қажет. Соның аясында жүйелі, нақты жұмыстар жүргізілуі керек.
- Елді нағыз дамытатын бағыттар дін емес, ғылым мен білім саласы. Ғылым мен білімге жастарды тартудың, қызықтырудың әдіс-тәсілдері зерделеніп, ғылым мен білім саласын насихаттайтын жобалар жүйелі іске асуы тиіс.
- Бүгінде идеология саласы бос қалғандықтан, оның орнын әртүрлі діни ағым жетекшерлері, уағызшылар толтырып отыр. Блогерлер мен әншілер, уағызшылар жастар еліктейтін тұлғаларға айналып отыр. Соның орнын елді нақты дамытатын ғалымдар, тарихшы-этнографтар, кәсіпкерлер, жалпы еңбек адамдары басуы тиіс. Арнайы осы бағытта жобалар іске асырылып, барлық БАҚ ұйымдасқан түрде жұмылдырылуы керек.
- Елімізде жыл сайын мешіттер қарқынды түрде салынып жатыр. Кей жағдайда бұл құрылыс жұмыстарына мемлекеттік қолдаудың да бар екені сезіледі. Бұдан әрі мешіттердің орнына балабақшалар мен мектептер, университеттер (жатақханалар) салынуы керек. Балабақша жетіспейді, кезекте тұрғандардың саны есепсіз. Мектепте балалар 2-3 ауысымда оқиды. Университеттердің жатақхана мәселесі де өте өзекті. Студенттердің тек 1 курста оқитындары ғана жатақханада жатуға мүмкіндігі бар. Былтырғы жылғы есеп бойынша Алматы қаласында сол 1 курс студенттерінің небәрі 40 пайызы жатақханамен қамтылған. Ал мешіттер аптасына бір күн ғана, оның өзінде сол жұма күнінің түс мезгілінде ғана пайдаланылады. Ал ғылым мен білім алуы тиіс жастар пәтерақысын төлеу үшін оқудың орнына жұмыс істеуге мәжбүр болып отыр. Толық білім алу үшін оларды толықтай жатақханамен қамтамасыз ету қажет. Кәсіпкерлерге осы бағыттағы құрылыс жұмыстарына ынталандыру керек. Мемлекет тарапынан қолдау қажет.
- Мемлекеттік мекемелерде (М.Тазабеков бір кезде құқық қорғау органдарымен кездесу өткізді), университеттерде, мектептерде (әсіресе, спорт мектептерінде) дін өкілдерімен кездесулер өткізуге тыйым салынуы қажет. Олардың орнына тарихшы-этнографтармен, ғалымдармен, еңбек адамдарымен кездесулерді көбейткен дұрыс. Атаулы мекемелерде діни рәсімдер, діни іс-шаралар өтуіне де тыйым салынуы керек. Аш құрсақ студенттерге жатақханада ауыз ашар жасап беріп, уағызшылар өз әсіре діншілдік қақпандарына оп-оңай түсіреді. Бүгінге дейін осы жағдай қалыптасып отыр.
Әр ауылда екі мешіттен. Екеуі де бос қаңырап тұрады. Тек жұма күні түсте біреуіне ғана кісілер жиналады. Бірақ сол ауылдарда мәдениет ошақтары жоқ. Жол нашар. Қауіпсіз бассейн жоқ. Жыл сайын жазда балалар суға ағып кетіп, өзендерге батып кетіп жатыр.
- Talim tv, «Халық арна» сияқты телеарналар жабылып, оның орнына ғылым мен білім туралы телеарналар көптеп ашылуы қажет. Мемлекеттік ақпарат құралдарындағы («Қазақстан», «Қазақ радиосы» сияқты ) діни бағдарламалар жабылып, орнын ғылым туралы жобалар басуы керек. Бұл бағдарламалар қазірдің өзінде заңға қайшы жұмыс істеп тұр. Мемлекет дінге қаражат салмауы керек.
- Мешіттерге садақадан, зекеттен түсетін қаражаттарға ашықтық жүйе арқылы бақылау орнатылуы қажет. Себебі, елдің қаражаты қандай да бір террористік ұйымдарды, радикалдық топтарды қаржыландыруға жұмсалуы әбден мүмкін. Халықтың та мешітке беріп жатқан өз қаражаттарының қалай жұмсалып жатқанын көріп-біліп отыруға толықтай құқығы бар.
- Спорт саласындағы салафиттерді анықтап, қатаң бақылауға алу керек. Спорттағы салафиттер дайындықтан өткен «халифат әскерлері» екенін жақсы түсінуіміз керек. Спорт саласындағы әсіре діншілдікті тоқтату үшін жас спортшыларға ұлттық құндылықтар дәнін егу керек. Және қоғамдық спорт түрлерін дамытып, ауылдарда спорт кешендерін көптеп салуды қолға алуымыз тиіс.
- Түрмедегі салафизмнің дамуына тоқтау салынуы тиіс. Абақтыда тәрбие құралы ретінде ұлттық құндылықтар негізге алынғаны жөн. Түрмедегі салафиттік ағым өкілдері де дап-дайын «халифат әскерлері» екенін бір сәт те естен шығармау керек. Бұл ұлттық қауіпсіздікке төніп тұрған үлкен қауіп. Осы күні түрмедегі намазхандар абақтыға қамалған педофильдер мен қыз зорлаушыларды қорғауларына алып, қамқорлық жасайтындықтары да ашық айтыла бастады.
- Елімізде қалыптасып отырған діни ахуалдың деңгейі өте жоғары. Сол себепті Мәдениет және ақпарат министрлігінің құрамындағы Дін істері комитетін бөліп алып, жеке-дара дербес Дін істері агенттігін құру күн тәртібінде тұр. Бүгінде дін істері комитетіндегі қызметкерлердің зайырлы ұстанымдарына да күмәнмен қараушылар да кездеседі. Дін істері агенттігінде білікті әрі мінезді басшы және заңға сай зайырлылық ұстанымды ту ететін мамандар қызмет етуі тиіс. Ол жерде қандай да бір ағымдардың мүшелерінің кіріп кетіп, өз мүдделерін жүзеге асыруына мүмкіндік берілмеуі тиіс. Осы жерде зерттеулер, сараптамалар, оқыту жұмыстары тиімді жобалар жүргізілуі керек.
Қорыта келе, Мұхтар Әуезовтің «Ел боламын десең, бесігіңді түзе» деген ұлағатты сөзін есімізге алғымыз келеді. Бұл сөздің астарында ұлттық тәрбиені ұлықтау керектігі туралы үлкен мән бар. Балабақшадан бастап ұлттық құндылықтарды, ғылым мен білімді насихаттап, жаст толқынның бойына сіңіретін ауқымды жобалар, іргелі жұмыстар жүргізілуі керек.
Ел болашағы үшін бүгін әрекет жасамасақ, ертең мүлде кеш болмақ.
Қол қоюшылар:
Досмұхамед Кішібеков, ҰҒА академигі
Оразалы Сәбден, Қазақстан ғылымдар одағының Президенті, ҚР Мемлекеттік сыйлықтың иегері, академик
Баян Рақышев, ҰҒА академигі
Ясин Ұзақов, Кеңес Одағының еңбек сіңірген өнертапқышы, академик, т.ғ.д., профессор
Тыныштықбек Әбдікәкімұлы, ақын, ҚР Мемлекеттік сыйлықтың иегері
Бағдат Мүптекеқызы, этнограф, «Қыран» бүркітшілер федерациясының атқарушы директоры
Бабақұмар Қинаятұлы, этнораф, тарих ғылымының кандидаты
Әбдірашит Бәкірұлы, этнограф, философ
Бердалы Оспан, этнограф, мәдениеттанушы, музыкант
Мұхтар Тайжан, саясаткер, экономист
Сұлтан-Хан Аққұлы, алаштанушы, әлихантанушы-ғалым, халықаралық журналист, «Алаш» ғылыми-зерттеу институтының директоры
Ахметбек Нұрсила, кәсіпкер, мотиватор
Ерзат Кәрібай, биолог, тарихшы
Алмас Мұстафа, қолөнер шебері, суретші, «Дала сазы» шеберлер орталығының директоры
Құсмиля Нұрқасым, әдебиетші
Жанұзақ Әкім, экономист, қоғам белсендісі
Аманқос Мектептегі, түріктаншы, филология ғылымының кандидаты
Орынбасар Жәнібеков, қоғам қайраткері
Рамазан Құрманбаев, Ашаршылық құрбандары қауымдастығының төрағасы
Еркін Рақышев, режиссер, қоғам белсендісі, Алматы қаласы мәслихатының депутаты
Жұмаш Кенебай – Көкбөрі, қоғам қайраткері, ақын, публицист
Мұратхан Шоқан, ақын, «Тұлға-Достық» қоғамдық қорының төрағасы
Шынқуат Байжанов, заңгер
Рустем Ашетаев, қоғам белсендісі
Қуаныш Оспан, ақын, Мағжан Жұмабаев атындағы Ақмола облыстық әмбебап ғылыми кітапханасының директоры
Абылайхан Әшімхан, ақын, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі
Аян Қажыбай, Ш. Уәлиханов атындағы Көкшетау университетінің «Қазақ тілі мен әдебиеті» кафедрасының профессор-ассистенті, ф.ғ.к.
Бауыржан Рамазан, «Жебе» қоғамдық қорының мүшесі
Сержан Еріков, блогер, видеооператор, монажер, «S-studio» студиясының негізін қалаушы
Нұрислам Әбділ, театртанушы, Ақмола облыстық Ш. Құсайынов атындағы қазақ музыкалық драма театрының көркемдік жетекшісі
Ерболат Баят, Ш. Уәлиханов атындағы Көкшетау университетінің профессоры, PhD доктор, ақын, жазушы, әдебиеттанушы, фольклортанушы
Берік Атаев, Ш. Уәлиханов атындағы Көкшетау университетінің оқытушысы, магистр
Талапкер Уәлиев, Ш. Уәлиханов атындағы Көкшетау университетінің аға оқытушысы
Кәкім Хасамбай, актер, режиссер, ұстаз
Мерген Тоқсанбай, Қазақстан Жазушылар одағы Ақмола облыстық филиалының директоры, «Рух-Алдаспан» қоғамдық бірлестігінің төрағасы, Ақмола облыстық мәдениет басқармасының сарапшысы
Марғұлан Ермағанбетұлы, қоғам белсендісі, BasQaru қорының директоры