Сауд Арабиясында әйелдер футбол лигасы құрылады
ЭР-РИЯД. 26 ақпан. Сауд Арабиясында әйелдердің футбол лигасын құру жөнінде шешім қабылданды. Бұл туралы «Islam.ru» сайты хабарлады.
Лиганың чемпионаты бірінші маусымда Джидда, Эр-Рияд және Даммам қалаларында ойналады.
Әйелдер футбол лигасын жасау мұрагер ханзада Мухаммед ьен Салманның Сауд Арабиясындағы кезекті реформасы болып табылады. Елдің ресми тұлғалары мұндай шешімнің әйелдердің спортқы қызығушылығы мен қатысуларын арттыру мақсатында қабылданып отырғанын айтады.
«Лиганы іске қосу әйелдерді бүкіл қоғам деңгейінде спортқа тартуға және олардың спорттағы жетістіктерін мейлінше кеңінен мойындауға ықпал етеді», – деп «Би-би-си» сайты Сауд Арадиясы мемлекеттік спорт федерациясының мәлімдемесінен үзінді келтіреді.
Корольдіктегі әйелдер бірінші рет 2018 жылғы қаңтарда футбол стадионына кіргізілді. Сол жылы әйелдердің машина жүргізуіне салынған көп жылдардан бергі тыйым алынып тасталды. 2019 жылы корольдің жарлығымен әйелдердің шетелдерге күйеуінің рұқсатынсыз шығуына рұқсат етілді.