Үндістанда мұсылмандарға шабуыл жасалып жатыр
ДЕЛИ. 26 ақпан. Үндістанның Дели қаласындағы мұсылмандар тұратын ауданда үндістер бүлік шығарып, жергілікті тұрғындармен қақтығысты. Бұл туралы «BBC News» хабарлады.
Ауданда мұсылмандар мен үндістер арасында болған төбелесте ондаған адам жарақат алып, 18 адам қаза тапқан.
Ағылшынның «The Guardian» газетінің хабарлауынша, оқ тиген, қышқылға күйген, ұрып-соғу мен тас лақтырудан жарақат алып қалған 200 адам ауруханаларға түскен.
Британия телеарнасынан берілген сюжетте жараланып жатқан мұсылман кісі өзі мен әкесін қолдарына таяқ ұстаған үндістердің қоршап алып, бұлардан индуистік діни ұрандарды айқайлап айтуды талап еткенін, содан кейін жабылып, соққыға жығып кеткенін айтады.
Бұл қақтығысқа Үндістанның азаматтығы туралы заңына өзгеріс енгізілуі себеп болыпты. Онда Оңтүстік-Шығыс Азиядан келетін исламнан басқа діндердің өкілдері болып табылатын барлық босқындарға азаматтық беру қарастырылыпты. Жүгенсіздік 23 ақпан күні заңға наразылық білдіріп, жолды жауып тастаған мұсылмандарға үндістер келіп, соқтыққан кезден басталған. Екі жақ бірден бір-біріне тас атысуға кірісіп кеткен.
Осылайша үндістер мен мұсылмандардың текетіресі бірнеше күнге созылып кеткен.