Ким Чен Ын Путинге «империализммен күресте» мәңгі достық ұсынды
ВЛАДИВОСТОК. 13 қыркүйек. КХДР лидері Ким Чен Ын РФ диктаторы Владимир Путинмен келіссөзі барысында Мәскеу мен Пхеньянның «империализммен» күресте ылғи бірге болатынына үміт артатынын білдірді. Бұл туралы The Moscow News дерегіне сілтеме жасаған rast.kz хабарлайды.
«Біз қашанда Путиннің шешімдерін, сондай-ақ Ресей үкіметінің шешімдерін қолдап келеміз. Енді имперализмге қарсы күресте және егемен мемлекет құру жолында біз барлық уақытта бірге боламыз деген үміттеміз», – деді Солтүстік Кореяның қожайыны.
Оның айтуынша, Путинмен кезекті кездесу олардың «өзара қарым-қатынасы әлеуетін жаңа деңгейге көтереді». Сонымен бірге өзінің Ресейге бұл жолғы сапары «айрықша уақытта» өтіп тұрғанын алға тартты.
Өз кезегінде Путин оның бұл сөзін құптады, олай болатыны 9 қыркүйекте КХДР өзінің ірге көтергеніне 75 жыл толуын атап өтті. «Корей Халық демократиялық республикасының егемендігі мен тәуелсіздігін бірінші болып мойындаған да тап біздің еліміз (КСРО-ны айтып отыр – ред.) болды», – деп екпіндете сөйледі РФ президенті бұдан ары.
Путин мен Ким Чен Ын бірінші рет 2019 жылы «Восточный» ғарыш айлағында кездескен еді.
The New York Times басылымы олардың бұл жолғы келіссөзінің басты тақырыптарының бірі спутник технологиясы болуы мүмкін екенін жазды. Путин сондай-ақ Пхеньянның Мәскеуге Украинадағы соғысқа пайдаланатын артиллерия снарядтары мен танкіге қарсы атылатын ракеталарды жеткізіп беруі мәселесін талқыламақшы болып отыр.
Ресейлік белгілі журналист және саяси сарапшы Александр Невзоров өзінің YouTube-каналында КХДР көсемі Ким Чен Ынның Ресейге сапары, сондай-ақ оны РФ диктаторы Владимир Путиннің күтіп алуы жайын біршама суреттеп жазды.
Бұдан бірнеше жыл бұрын Путин интернетте «Пыня» деген жапсырма ат алып еді. Онысы тез тарап, танымал мемге айналған болатын. Енді Невзоров Солтүстік Корея лидеріне «Ыня» деген ат таңып, «Апама жездем сай» дегенге келтірді.
«Ыня таң азаннан Пынямен кездесуге дайын еді, бірақ оны өзінің бронды пойызының ішіне кіргізуден бәрібір сақтанып тұрды. Сосын өзі де тасқамал көлігінен түсе қоймады, сөйтіп, кездесудің орнын белгілеуге қатысты біршама кібіртік пайда болды. Сондықтан Ыня біршама уақыт пойызымен арлы-берлі жүріп қалды», – деп атап өтті Невзоров.
Бірінен бірі өткен екі диктатор кездесулерінің нақты нәтижелері таяу күндерде белгілі болып қалады.