Украина Ресей флотының Севастопольдегі кеме зауытын ракетамен атқылады
КИЕВ. 13 қыркүйек. Қыркүйектің 13-не қараған түні Украина Қарулы күштері Ресейдің Севастопольдегі кеме жөндеу зауытына оншақты ракета атып, шабуыл жасады. Бұл туралы The Moscow News ақпарына сүйенген rast.kz хабарлайды.
Севастопольдегі Серго Орджоникидзе атындағы кеме жөндеу зауыты Ресей Қара теңіз флотының осы саладағы басты кәсіпорны болып табылады.
РФ қорғаныс министрлігінің хабарлауынша, әуе шабуылына қарсы құралдар жеті ракетаны атып түсірген, қалғандары көздеген нысанасына дәл тиген. «Жаудың қанатты ракеталары соққылары салдарынан жөндеуде тұрған екі кеме бүліншілікке ұшырады», – делінген Ресей әскери ведомствосының хабарламасында.
Ракеталар сағат 3:20 шамасында кеме жөндеу зауыты орналасқан Оңтүстік бухта ауданына келіп түскен. Сол жерде өрт басталған. Сонымен бірге «Минск» атты десант кемесінің тас-талқаны шыққан.
«Алдын ала мәлімет бойынша, барлығы 24 адам зардап шекті, олардың төртеуінің жағдайы орташа ауыр», – деп жазды Севастопольдің губернаторы Михаил Развожаев өзінің телеграм-каналына.
Қорғаныс министрінің хабарынша, Украина армиясы осы күні сондай-ақ жүргізушісіз үш катердің көмегімен Қара теңіз флотының кемелеріне шабуыл жасаған. Олардың бәрін соңынан «Василий Быков» кемесі жойып жіберген.
Кейін мәлім болғанындай, соққы нәтижесінде Ресейдің осы заманғы ең жаңа сүңгуір қайықтарының біріне қатты зақым келіпті.
Осы күні түнде Ресейдің Тверь облысының Конаков муниципалды округі территориясы үстінен бір дрон атып түсірілген.