Урожайное кентін азат етуі Украина армиясына жаңа бағыттар ашып берді
КИЕВ. 17 тамыз. Украина Қарулы күштерінің Бердянск бағытындағы Урожайное селосын басқыншылардан азат етуі қарсы шабуылды күшейте түсуге жаңа мүмкіндіктер бергелі тұр. Бұл туралы «Диалог.ua» ақпарына сүйенген rast.kz хабарлайды.
Әскери сарапшы Сергей Грабскийдің пайымынша, Урожайноены жаудан босату украин әскерлерінің бірден төрт бағыт бойынша қуатты қарсы шабуылды жалғастыруына өте жақсы перспектива әперетін болады.
Қазір украин қорғаушылары қарсы шабуыл операциясының жаңа кезеңіне дайындалып жатыр. Басты мақсат – РФ оккупациялық армиясының қорғаныс шептерін толық қиратып, оңтүстікке қарай бағыт алған шабуылды жалғастыру.
«Урожайноені дұшпан әскерлерінен азат ету Украина Қарулы күштері алдына тек Бердянск және Запорожье бағыттары ғана емес, сонымен қатар басқа екі бағытта да табысты қарсы шабуыл жасауға жақсы перспективалар ашып береді», – деді Грабский.
Енді Украина әскерлері жауды төрт бағыт бойынша да қыспаққа алып, жайлап отырған позицияларынан қуып шығуға күш салады.
Грабский украин жауынгерлері Запорожье және Бердянск бағыттарында ғана емес, сонымен бірге Угледар мен Васильевка аудандарында да қарсы шабуылға шыға алатындарын мәлімдеді. Бұдан бөлек, Работиноның солтүстік жағынан шабуыл болуы да әбден кәдік.
Әлеуметтік желіде РФ оккупанттарының Урожайное селосынан қашып бара жатқандары түсірілген видео тарады. Ал Урожайное – Донецк облысындағы Великоновосел ауданына қарасты Волновах кенттік қауымдастығындағы шағын елді мекен. Украин әскерлері РФ оккупанттарының шегініп бара жатқанда, селоны барынша қиратып қашқандарын айтып отыр. Онда бір сау үй қалмаған, бәрі дерлік жермен-жексен болған.
Бүгін, 17 тамыз күні сондай-ақ әлеуметтік желіде Запорожье бағытында украин әскерлерінің америкалық M58 MICLIC қондырғысының көмегімен алқапты минадан тазартып жатқандары жайлы кадрлар да пайда болды. Оңтүстік майданда сондай екі құрал жұмыс істеп тұрған көрінеді.