Жаңалықтар жаңғырығыҚұқық

Зеленьский Украина облыстары әскери комиссарларын алмастырды

КИЕВ. 17 тамыз. Украина президенті Володимир Зеленьский бүгін облыстардағы әскери комиссарларды орындарынан алу жайлы жарлыққа қол қойды. Бұл туралы «Диалог.ua» ақпарына сүйенген rast.kz хабарлайды.

Мемлекет басшысы ұлттық қауіпсіздік және қорғаныс кеңесінің облыстық әскер жасақтау территориялық орталықтарының бастықтарын қызметтерінен босату хақындағы 11 тамыздағы шешімін іске қосты. Олардың орындарына бірден майдан даласынан алынған офицерлер басшы болып тағайындалды.

Жарлық мәтіні мемлекет басшысының сайтында жарияланды. Құжат жарияланған күнінен күшіне енді.

Президент жарлығының іске асуын ұлттық қауіпсіздік және қорғаныс кеңесінің хатшысы Олексий Данилов өз бақылауында ұстайды. Президенттің мұндай шұғыл шешімге келуіне соның алдында украин территориялық жасақтау орталықтарына жүргізілген жаппай тексерулер қорытындысында анықталған кең ауқымды жемқорлық сызбалар себеп болды. Әскери комиссарлар мобилизацияға шақырылғандарды әскер қатарына алынудан босатуды пара алу жолымен жүзеге асырып келген болып шықты. Заңсыз байыған әскери комиссарлардың соғыс қайнап жатқан кезде пәтерлер, машиналар, тіпті шетелдерден виллалар сатып алған деректері ашылды.

Ұлттық қауіпсіздік және қорғаныс кеңесі осыдан кейін өңірлердегі әскери комиссарлардың бәрін қызметтерінен алып, орындарына жарақат алып қалуларына байланысты алдыңғы шептен шығып қалған, соғыс тәжірибесі бар офицерлерді әкелу жөнінде шешім қабылдады.

Жаңа әскери комиссарларды Украина қауіпсіздік қызметі тексереді. Ал құқық қорғау органдары территориялық жасақтау орталықтары қызметкерлері арасынан жемқорларды анықтауды жалғастыра береді.

Тағы көрсету

Пікір қалдыру

Ұқсас мақалалар

Back to top button