АймақЖаңалықтар жаңғырығы

Жалағашта жол жөндеудің 10 жобасы жүзеге асырылып жатыр

ЖАЛАҒАШ. 28 шілде. Қызылорда облысының Жалағаш ауданында жол жөндеу бағытына арналған 10 жоба жақсы қарқынмен жүргізіліп жатыр. Бұл туралы облыс коммуникациялар қызметінің мәліметіне сілтеме жасаған rast.kz хабарлайды.

Жалағаш ауданындағы автомобиль жолдарының жалпы ұзындығы – 240,9 шақырымды құрайды. Оның 50 шақырымы – республикалық, 60,6 шақырымы – облыстық, 130,3 шақырымы – аудандық маңызы бар автомобиль жолдары. Сонымен қатар, аудан бойынша ұзындығы – 239,9 шақырымды құрайтын 228 көше бар. Биыл облыстық бюжеттен бөлінген 2 млрд.258 млн.теңге қаржыға жол жөндеу бағытына арналған 10 жоба жүзеге асырылмақ. Мұның жай-жапсарын аудан әкімі Асқарбек Есжанов облыс өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслихатында айтып берді.

«Аудандық маңызы бар автомобиль жолдарының 115 шақырымы жақсы және қанағаттанарлық жағдайда, ал 8,5 шақырымы қанағаттанарлықсыз жағдайда. Осы орайда, қолға алынға 10 жоба аясында «Есет батыр – Жаңадария» және «Жаңаталап – Аққыр» бағытындағы сондай-ақ, «Ақсу» ауылына кіреберіс жағындағы аудандық маңызда бар автомобиль жолдары жөнделуде. Сонымен қатар, 1 миллиард 333 миллион теңгеге Жалағаш кенті мен бес елді мекеннің 19 көшесі жөндеуден өткізілуде. Осы жұмыстар аяқталып, пайдалануға берілген кезде ішкі көшелердің 148,5 шақырымы жақсы және қанағаттанарлық жағдайға жеткізіледі», – деді аудан әкімі.

Ерекше айта кететін жәйт, аудан халқының көкейінде жүрген мәселенің бірі кентті екіге бөліп жатқан теміржолдан жаяу жүргіншілердің өтуі болатын. Ол облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаевтың тікелей қолдауы арқасында өзінің оң шешімін тапты. Қазіргі таңда станцияда құны 328,7 млн.теңгені құрайтын аспалы көпірдің құрылысы қызу жүріп жатыр.

Аталмыш өткел биылғы қараша айында ел игілігіне пайдалануға беріледі деп күтіліп отыр. «Бұдан бөлек, Сырдария өзені арқылы өтетін «Қызылорда – Жалағаш» автомобиль жолының 78,2 шақырымына орташа жөндеу жұмыстары жүргізіледі», – деді Асқарбек Есжанов сөзінің соңында.

Дамир ҚОЖАМҚҰЛ

Тағы көрсету

Пікір қалдыру

Ұқсас мақалалар

Back to top button