Жаңалықтар жаңғырығыСпорт

Конференция лигасы. Бұл Қазақстан футболының күні болды (видео)

АЛМАТЫ. 28 шілде. Бүгін түнде ойналған UEFA Конференция лигасының екінші іріктеу раундында Қазақстанның үш командасы да жақсы ойындарымен жанкүйерлерін сүйсінтті. Бұл туралы Prosports.kz дерегіне сілтеме жасаған rast.kz хабарлайды.

Бұған екі командамыздың сырт алаңдарда ойнағандарына қарамастан, жеңіске жеткендері және бір командамыздың өз алаңында күшті қарсыласымен тең түскені толық айғақ бола алады. Атап айтқанда, 27 шілде күні түнде Шымкентте жергілікті «Ордабасы» Польша астанасы – Варшава қаласының «Легиясын» 2:0 етіп ұтып тұрып, соңында тең нәтижеге (2:2) келісуге мәжбүр болса, «Ақтөбе» Сакартвелоның Кутаиси қаласында жергілікті «Торпедоны» 4:1 етіп күйрете жеңді, ал Қостанайдың «Тобылы» Швейцарияның Базелінде осы қала аттас клубты 3:1 есебімен ұтты.

Бірден еске сала кетейік, Қазақстан командалары арасынан «Тобыл» ғана лигадағы ойындарын бірінші раундтан бастады. Ол 13 шілдеде өз алаңында финнің «Хонкасын» 2:1 етіп тізе бүктірсе, 20 шілдеде Эспоода өткен қарымта матчта 0:0 есебімен тең ойнап, екінші раундқа шыққан еді. Ал Шымкенттің «Ордабасысы» мен Ақтөбенің «Ақтөбесі» сайысқа екінші раундта қосылды.

Енді бәрін ретімен баяндайық.

Біз үшін Еуропа кубогы кеші Шымкенттен бастау алды. Қажымұқан Мұңайтпасов атындағы стадион бұл күні жанкүйерлерге толып отырды.

Қауырт қарсы шабуылды қош көрген «Ордабасы» матчтың бас жағында аса сақ ойнады. Соны пайдаланған «Легия» футболшылары бірден шабуылға көшті. Өткен маусымда Польшаның эстракласа дивизионында күміс жүлдегер атанған поляктар шынында күшті-тін. Алайда кездесудің есебін олар емес, шымкенттіктер ашты. Бәрі қорғаушы Мамаду Мбодждың өз алаңында тұрып алысқа тепкен добынан басталды. Оның жеткізген добын шабуылшы Всеволод Садовский іліп әкетіп, қарсы қақпаға қарай «парашют» етіп жөнелтті. Есебі дұрыс шыққан екен, доп поляк голкипері Кацпер Тобиаштың ту сыртынан барып, тор аумағына гүмп етті – 1:0!

Есеп ашылғаннан кейін де ойын бұрынғы әуенімен жалғасып жатты. Меймандар үздіксіз шабуылдаумен болды, бірақ біздің дарбазабон Бекхан Шайзада мен қорғаушылардың қалтқысыз қимылдары арқасында соның бәрі зая кетті. Ал 48-минутта алаң иелері есепті еселеді. Команда капитаны, жартылай қорғаушы Асхат Тағыбергеннің бұрыштамадан берген добын Мамаду Мбодж қақпаға баспен ұрып түсірді. Осы жерде алдын ала айта кететін жайт, бұл күні ол қорғаныста да өте сенімді ойнап, қаншама қауіптің бетін қайтара білді.

Бұдан кейін, 55-минутта Бауыржан Исламхан тағы бір гол соға жаздады. Оның әуелетіп жіберген добы қақпа бағанынан сәл ғана биік ұшып өтті. Мұның есесіне, поляктар енді қарсы шабуылды тиімді пайдаланып қалудың барлық амалдарын жасай бастады. Сондай қауырт жорықтардың бірінде Марк Гуальдан доп алған Томаш Пекхарт ашық қалған қақпа аумағын дәл көздеді.

Міне, осыдан кейін исландиялық төреші Хельга Йонассонның шимай-шатпақ шешімдері бәрінің әңкі-тәңкісін шығарды. Бұған дейін мұндай деңгейдегі матчтарға қазылық етіп көрмеген тәжірибесіз һәм біліксіз арбитр қапталдағы өзі секілді мәгәс отандасымен бірге 86-минутта поляк шабуылшысы Блаж Крамердің офсайдтан салған добын голға санап жіберді. Бұдан кейін, 89-минутта шымкенттік Бобур Абдихоликовтің айып алаңында айдан анық құлатылуына байланысты пенальти бермеді.

Нәтижесінде ойын 2:2 есебімен тең аяқталды.

Енді екі команда арасындағы қарымта матч 4 тамызда Польшада ойналады.

«Ордабасы» (Шымкент) – «Легия» (Варшава) 2:2 (1:0)

27 шілде. Шымкент. Қажымұқан Мұңайтпасов атындағы стадион.

«Ордабасы»: Бекхан Шайзада, Мамаду Мбодж (Бернардо Матич, 75), Сергей Малый, Темірлан Ерланов, Ауро, Асхат Тағыберген, Евгений Макаренко, Ғафуржан Сүйімбаев (Сұлтанбек Астанов, 88), Шахбоз Умаров (Думан Нәрзілдаев, 72), Бауыржан Исламхан (Бобур Абдихоликов, 72), Всеволод Садовский (Еркебұлан Тұңғышбаев, 46).

«Легия»: Кацпер Тобиаш, Радован Панков, Рафал Аугустиняк, Артур Жедрзейчик, Павел Вшолек, Бартош Слиш, Юрген Чекхака (Макана Баку, 62), Патрик Кун (Хуэрхен Элитим, 62), Жозуэ (Блаж Крамер, 82), Томаш Пекхарт (Мацей Росолек, 82), Марк Гуаль (Эрнест Мучи, 73).

Голдар: Всеволод Садовский (13), Мамаду Мбодж (48), Томаш Пекхарт (63), Блаж Крамер (86).

Ескертулер: Мамаду Мбодж (58), Темірлан Ерланов (76), Асхат Тағыберген (80), Думан Нәрзілдаев (80) – Радован Панков (76), Артур Жедрзейчик (90+8).

 

Бұдан кейін алаңға «Ақтөбе» шықты. Біз команданың Кутаисиге жетуінін өзі біраз шырғалаң болғанын кеше жазғанбыз. Сондай шым-шытырықтан өтіп келген ұжым мүшелері сырт алаңда өте жақсы ойын көрсетті.

Жасыратыны жоқ, «Торпедо» Сакартвело чемпионатында оншалықты бір жарқырап жүрген жамағат емес еді. Ол қазіргі кезде біріншіліктегі 10 клубтың арасында 6-шы болып келеді. Соған қарамастан, Андрей Карповичтің шәкірттері Кутаисиде «екінші нөмірмен» ойнау тактикасын таңдады. Қорытындыда бұл оларға теңдессіз жеңіс әкелді.

Кездесу алаң иелерінің шабуылымен басталса да, қонақтар алаңсыз тас-түйін қорғанысқа кетіп қалмады, олар әдепкі қолайлы сәт туған бойда алға қарай жаппай қанат жайып, ұмтылып тұрды. Сондай жорықтың бірінде, ойынның 34-минутында Максим Самородовтан пас алған Элдер Сантананы картвельдердің екі бірдей қорғаушысы шалып құлатты. Арбитр ойланбастан «нүктені» көрсетті. Пенальтиді Әлібек Қасым дәл ұрып түсірді.

Арада 9 минут өткенде, қонақтар екінші голды салып үлгерді. Бұл жолы Бауыржан Байтанадан доп алған Әділхан Таңжарықов оны Милош Раиковичке қалдырып кетті. Ол өз кезегінде снарядты қатты соққымен қақпа торынан бір-ақ шығарды.

Ақтөбеліктер үшінші допты 73-минутта соқты. Бұл жолы соның алдында ғана ойынға қосылған Андрия Филипович алаң иелері қорғаушысын қателесуге мәжбүр етті. Сөйтіп, одан допты тартып алған ол айып алаңының ішіне кіріп, жүгіріп келе жатқан Максим Самородовтың алдына көлбей пас тастады. Сосын шабуылшыға ашық тұрған қақпаға допты сүңгіте салғаннан басқа жол қалған жоқ – 3:0!

Гүржілер 89-минутта Георги Арабидзенің күш салуымен бір доптың қарымтасын қайтарып еді, алайда ақтөбеліктер арбитр қосқан 3-минутта тағы бір гол соғып, доп айырмасын қайтадан үшеуге апарып қойды. Оны Андрия Филиповичтің өзі жеке дара айып алаңына еніп, қорғаушы мен голкипердің жанынан зу еткізіп жіберіп, салып кетті.

Қарымта матч 3 тамызда Қостанайда ойналады.

«Торпедо» (Кутаиси) – «Ақтөбе» (Ақтөбе) 1:4 (0:2)

27 шілде. Кутаиси. Рамаз Шенгелия атындағы стадион

«Торпедо»: Филип Клжажич, Ника Сандохадзе, Педро Монтейро, Георги Кобуладзе, Цотне Надария, Георги Панцулая (Мауро Кабальеро, 83), Лаша Шергелашвили (Кайке Давид, 46), Мераб Гигаури, Рамат Акбари, Георги Арабидзе, Иракли Буградзе (Омран Хайдари, 78).

«Ақтөбе»: Стас Покатилов, Дмитрий Яшин, Лука Гадрани (Ескендір Қыбырай, 71), Әділхан Таңжарықов, Әлібек Қасым, Милош Раикович, Лионель Струмия, Дмитрий Шомко, Максим Самородов (Идрис Умаев, 78), Элдер Сантана (Абылайхан Жұмабек, 80), Бауыржан Байтана (Андрия Филипович, 71).

Голдар: Әлібек Қасым (34, пенальти), Милош Раикович (43), Максим Самородов (73), Георги Арабидзе (89), Андрия Филипович (90+3).

Ескертулер: Мераб Гигаури (45+2), Иракли Бугридзе (45+3), Георги Арабидзе (56) – Максим Самородов (45+3), Дмитрий Яшин (45+3), Әділхан Таңжарықов (47), Милош Раикович (81).

 

Қазақтардың Еуропа кубогы кешін бұл түнде Швейцарияның Базель қаласында ойнаған «Тобыл» аяқтады. Және өте жақсы сергек серпінмен, көтеріңкі көңіл күймен тәмамдады.

Матч алдында көптеген мамандар мен спорт журналистері, – солардың ішінде өзіміз де бармыз, – қостанайлықтардың жеңіліссіз ойнауына ешқандай мүмкіндік жоқ деп есептеді. Алайда Милич Чурчичтің шәкірттері бұл күдікті жоққа шығарды.

Рас, матчтың басы алаң иелерінің басымдықтарын анық көрсетіп тұрды. Осыған орай есепті де солар ашты. Бұл кездесудің 25-минутында орын алды. Дегенмен, гол мүлде күтпеген жағдайда соғылып кетті. Алаң ортасында доп алған Тьерно Барридың айып алаңы сыртынан тепкен добына Иван Коновалов тосқауыл қоя алмады.

Командалар үзіліске осы есеппен кетті. Қызықтың бәрі екінші таймда орын алды. Алдымен қарсыластар алаңы ішіне бір қапталдан кірген Ислам Чесноковты әлгіндегі Барри шалып құлатты. Осыған орай белгіленген онбірметрлік айып добын тепкен форвард Рамазан Оразов қақпашы Мирко Сальвиден айласын асыра алмады. Ал арада 4 минут өткеннен кейін Барри өз дарбазасына кіріп бара жатқан допты қолымен қайтарып, алаңнан қуылды. Соның салдарынан бұл жолы тағайындалған пенальтиді шабуылшы Серж Дебле мүлтіксіз орындады. Сөйтіп, таразы басы теңесті. Сонымен бірге, базельдіктер алаңда он ойыншымен қалды.

Тағы 5 минут өткесін, Рамазан Оразов айып алаңының сыртында тұрып, қақпаға қарай ұрып, керемет гол салды. Ол өзіне келген допты кеудесімен тоқтатып алды да, жерге түсірместен соғып, қақпа торын дүр сілкіндірді. Арада тағы 4 минут өткенде, 69-минутта екінші рет ескерту алған базельдік қорғаушы Риккардо Калафьори алаңнан қуылды. Осылайшат алаң иелері сапынан екінші футболшы ойыннан шығарылды, команда құрамы тағы бір ойыншыға қысқарды. Мұны керемет пайдаланған Ислам Чесноков 2 минуттан кейін матчтың соңғы нүктесін қойып берді. Есеп – 3:1! «Тобыл» осылай сырт алаңда ұтып шықты. Тарихи жеңіс!

Қарымта кездесу 3 тамыз күні Қостанайда ойналады.

«Базель» (Базель) – «Тобыл» (Қостанай) 1:3 (1:0)

27 шілде. «Санкт-Якоб Прак» стадионы

«Базель»: Мирко Сальви, Риккардо Калафьори, Финн ван Бримен, Арно Комас, Михаэль Ланг (Нассер Жига, 77), Доминик Шмид (Жан-Кевин Огюстен, 67), Фабиан Фрай, Ваутер Бюргер (Таулант Жака, 39), Дан Ндой, Тьерно Барри, Антон Каде (Серхио Лопес, 77).

«Тобыл»: Иван Коновалов, Роман Асранкулов, Боян Младжович, Иван Рогач, Бағдат Қайыров, Ислам Чесноков (Альберт Габараев, 90+1), Рамазан Оразов (Павел Забелин, 72), Йован Илич, Самат Жарынбетов (Жасұлан Жұмашев, 81), Мильян Вукодинович (Бейбіт Ғалым, 90+1), Серж Дебле (Момчило Мркаич, 81).

Голдар: Тьерно Барри (25), Серж Дебле (57, пенальти), Рамазан Оразов (62), Ислам Чесноков (71).

Бір пенальти соғылмады (Рамазан Оразов, 52, қақпашы қайтарды)

Ескертулер: Риккардо Калафьори (45+3) – Йован Илич (44), Самат Жарынбетов (45+1), Рамазан Оразов (62).

Алаңнан қуылу: Тьерно Барри (56), Риккардо Калафьори (69).

 

Сурет Prosports.kz сайтынан алынды

 

Тағы көрсету

Пікір қалдыру

Ұқсас мақалалар

Back to top button