Жаңалықтар жаңғырығыҚұқық

Шарль Мишель: Каховка үшін біз Ресейді жауапқа тартамыз

БРЮССЕЛЬ. 6 маусым. Еуропа кеңесінің президенті Шарль Мишель Каховка су қоймасы плотинасының қиратылуына Ресей мен оның марионеткалары жауап беретінін айтты. Бұл туралы әлем бұқаралық ақпарат құралдары мәліметтеріне сүйенген rast,kz хабарлайды.

Еуропалық кеңес президенті Шарль Мишель Каховка гидро-электр станциясының қиратылуына бірден реакция жасап, бұл қылмыстың оккупанттар қолымен жасалғанын мәлімдеді.

«Каховка ГЭС-іне жасалған жойдасыз шабуылдан жағамды ұстап отырмын. Азаматтық инфрақұрылымды жойып жіберу ешбір күмәнсіз соғыс қылмысы ретінде уәжіптеледі, сондықтан біз Ресей мен оның жандайшаптарын жауапқа тартатын боламыз», – деп жазды Шарль Мишель Twitter-де.

Мишельдің айтуынша, ол бұл мәселені Еуропа кеңесінің маусымда өтетін отырысында көтеріп, су астында қалған аудандарға көмек қолын созуды ұсынады.

Еске сала кетейік, Ресей оккупанттарының терактісі салдарынан Херсон облысының 80 елді мекені толық немесе ішінара су астында қалғалы тұр. Тасқын су Запорожье атом электер станциясына дейін баратын түрі бар.

Украина ұлттық қауіпсіздік және қорғаныс қызметінің хатшысы Алексей Данилов «Ресейліктердің Каховка ГЭС-ін жарып жіберуі оккупанттар агрессиясының принципті түрдегі жаңа кезеңі болып табылады, өйткені, Кремльдің «Украинаны азат ету», «нацистермен күресу», «ұлтсыздандыру», «тек әскери нысандарды қирату» деген түгел жалғандыққа құрылған идеологиясы толық және түбегейлі күйреп қалды» дегенді айтты.

Мамандардың болжамынша, Каховка ГЭС-і енді қайта қалпына келтіруге жатпайды. «Ішіндегі машина залы қирап қалғандықтан, ГЭС толық істен шыққан», – деп баяндады украин компаниясы.

«Неміс толқынының» ақпарынша, Ресей жағы әдеттегідей өздері жасаған соғыс қылмысынан бас тартып жатыр. Бірақ Херсон облысын бір жарым жылға жуық уақыт қол астында ұстап отырған РФ-дан басқа мұны ешкімнің жасай алмайтынын бүкіл әлем біліп отыр.

«Америка даусының» хабарлауынша, қазір Украина Каховканың жарылуына байланысты БҰҰ-дан Қауіпсіздік кеңесін шұғыл шақыруды талап етті.

Тағы көрсету

Пікір қалдыру

Ұқсас мақалалар

Back to top button