Жаңалықтар жаңғырығыҚұқық

Каховка ГЭС-ін жарып жіберу ресейліктерге алапат апат болып соғады – Данилов

КИЕВ. 9 маусым. Украина Ұлттық қауіпсіздік және қорғаныс кеңесінің хатшысы Олексий Данилов ГЭС-тің жарылуы украиндар үшін сұмдық болса, ресейліктерге зор апат болып тиетінін айтты. Бұл туралы «Украинская правда» дерегіне сүйенген rast.kz хабарлайды.

Хатшы «Украина радиосына» берген сұхбатында осыны жеткізді.

«Мұндай шешімдер тек қана Кремльде қабылданады және оны тек қана Путин қабылдайды. Бұл сұмдық оқиға сөзсіз халықаралық құқықтардың әрекет ету кеңістігіне жатады, ол өмірлік маңызы бар инфрақұрылымдар нысандарына шабуыл жасаумен теңестіріледі», – деді Данилов.

«Енді бұл мәселені Халықаралық қылмыстық сот арнайы қарауға тиіс. Бұл – тактикалық ядролық соққы берумен теңестірілетін мәселе. Өз кезінде Нидерланд мұның бәрін түгел қаперге алып, тиісті нормативті-құқықтық актілер құжаттарын қабылдаған болатын. Тоғанды қирату тап сондай қылмыстың қатарына кіреді. Сондықтан мұндай тапсырманы тек Путин ғана бере алады. Бүгінде Ресейді Путиннен басқа ешкім билеп отырған жоқ. Онда бірөңкей тоталды режим орнаған. Мұнда болып жатқан барлық нәрсе үшін осы адам тікелей жауап береді», – деді хатшы өз сөзінде.

«Сеніңіздер, су қоймасы тоғанының жарылуы біздің еліміз үшін сұмдық оқиға болса, ресейліктерге ол нағыз апат болып соғады. Себебі, олар осының бәрі үшін жауап беретін болады. Бөгетті жұлып жіберуге нұсқау берген Кремльдегі адамдар бұл үшін жауапқа тартылады. Соның ішінде тапсырманы орындаушылар да жазасыз кетпейді», – деп атап өтті ол соңында.

Мұның алдында Украина президенті Володимир Зеленьский әлем жұртшылығын украин жерінде экоцид жасауға пәрмен берген Путинді жазалауға шақырған еді. Алапат апаттың салдарынан 30 елді мекендегі тіршілік тоқтатылды. Қалалар мен селоларда тұратын әлденеше жүздеген мың адам ауыз сусыз қалды. Сол сияқты осы атыраптағы биылғы жылғы егістік алқап түгелдей жарамсыз халге жетті, 50 мың гектардан аса орман алқаптарын тасқын басып, жабайы аң-құстар қырылып қалудың алдында тұр.

Тағы көрсету

Пікір қалдыру

Ұқсас мақалалар

Back to top button