БҰҰ-да Албания өкілі РФ-ның Каховкаға қатысты өтірігін әшкереледі
НЬЮ-ЙОРК. 8 маусым. Албанияның БҰҰ-дағы өкілі Ходжа РФ-ның Каховка ГЭС-індегі жарылыс жөніндегі өтірігін бетіне басып, Небензяны орнына қойды. Бұл туралы шетел бұқаралық ақпарат құралдары дерегіне сүйенген rast.kz хабарлайды.
Албания дипломаты Ферит Ходжа Ресейдің бұған дейін де бірнеше мәрте өтірігі ашылып қалғанын айта келіп, Мәскеудің бұл жолы да беті шімірікпей, сондай байбаламға салып отырғанын баяндады. Ол БҰҰ Қауіпсіздік кеңесінің отырысы кезінде Ресей агрессор-елінің өкілі Василий Небензяның қатысушыларды Каховка ГЭС-ін украин әскерлері жарды-мыс деген өз мифтеріне сендірмек болған әрекетіне бірде батыл тойтарыс берді.
«Біз 2022 жылғы қаңтарда, ақпанда Ресейден Украинаға шабуыл жасау ойларында жоқ екенін ол соғысты бастап кеткенге дейін қаншама рет естіп келдік, сосын Ресейдің ешқашан азаматтық нысандарға шабуыл жасамағаны жөніндегі өтірігін де сан мәрте естідік, бірақ 20 мың бейбіт тұрғын солардың қолынан оққа ұшты, қаншама азаматтық нысандар ракета оғының астында қалды, сондай-ақ миллиондаған адам өз үйлерін тастап, босып кетуге мәжбүр болды. Жетер енді! Сендердің өтіріктеріңе тойдық әбден. Енді сендерге ешкім де сенбейді», – деп атап өтті Ферит Ходжа.
Албан елшісі сөзінің орайында Кремльдің Украина мен Батыс елдері қолданып жатыр деп пәле соққан «жауынгер масалар», жарқанаттар, «лас бомбалар», биозертханалар жөніндегі және басқа да фейктерін еске салып өтті.
«Біз қазір Ресейдің әрбір күні, әрбір түні Украинаның инфрақұрылымдарын барынша қирата түсу үшін барлық күш-жігерін аямай соққылап отырғанын көріп отырмыз. Олай болса, бір жылдан астам уақыт қолдарында болып келген ГЭС қалай бұл тізбектен шығып қала алады?», – деді Ферит Ходжа бұдан әрі.
Албания өкілі бұдан басқа, Украинаның азаматтық инфрақұрылымдарын қиратуға қатыстары бар соғыс қылмыскерлерінің бәрі қылмыстық жауапкершілікке тартылып, өз зұлымдықтары үшін әділ жазаларын алуға тиіс екендерін мәлімдеді.
Еске сала кетейік, 6 маусым күні таң алдында Ресей әскерилері өздері 2022 жылғы ақпанның соңынан бері бақылауда ұстап келген және өткен жылғы күзде-ақ миналап қойған Каховка ГЭС-інің тоғанын жарып жіберіп, кезекті террорлық акт жасаған болатын. Соның салдарынан көптеген елді мекендер тасқын судың астында қалды, олардың көбі Днепрдің ресейліктер қол астында тұрғанс сол жағалауында орналасқан болып шықты.