Қызылжарда Путинді шақырған сепартист әйел үш жылға сотталды
ҚЫЗЫЛЖАР. 6 маусым. Қазақстан соты Владимир Путиннен Петропавлды да Қырым секілді өзіне қосып алуды сұраған әйелді үш жылға бас бостандығынан айырды. Бұл туралы украинның «Диалог.ua» ақпарына сілтеме жасаған rast.kz хабарлайды.
Қазақстан тұрғыны көрші елдің басшысынан Солтүстік Қазақстанды Ресейге қосып алуды ашықтан ашық сұраған.
Осы қылмыстық істі 30 мамыр күні қараған Қызылжар соты Татьяна С. есімді 40 жастағы жергілікті тұрғынды Қазақстан Қылмыстық кодексі 180-бабының 2-тармағы бойынша («Қазақстан Республикасының біртұтастығы мен тұтастығын, оның аумағына қол сұғылмауын және бөлінбеуін бұзу не мемлекетті ыдырату мақсатында жасалған әрекеттер») айыпты деп тапты.
Негізінен бұл бап пен оның 2-тармағы «Қазақстан Республикасының азаматтығынан айыра отырып немесе онсыз, он жылдан он бес жылға дейінгі мерзімге бас бостандығын айыруға жазалануға» жатады.
Сотталушы Татьяна С. өзінің құрбысымен бірге видеочатқа шығып, Қазақстан территориясының бір бөлігін аннексиялап алуды өтінген.
«Біздің Петропавлды да Қырым секілді етіп өзіңізге алыңыз… Қазақстан облысын», – дейді ол.
Сепаратист әйел өз елінің президенті кім болғанын қалайтыны жайындағы сұраққа Путин мен Назарбаевтың бірінің сол орынтақта отырғаны керек екенін баяндаған.
Міне, шовинист әйел осы сөздері үшін жоғарыдағы баптың жазасына іліккен. Прокурор оған алты жыл беруді сұрайды. Алайда сот әйелдің күйеуі бірінші топтағы мүгедек екенін және әлі кәмелетке толмаған 13 жасар баласы бар екенін ескеріп, үкімге адамгершілік тұрғысынан келіпті.
Сотталушы жазасын орта қауіпсізздікті колонияда өтейтін болады.