Путин Каховкадағы соңғы әрекетімен өзінің Зеленьскийден әлсіз екенін көрсетті
МӘСКЕУ. 8 тамыз. Ресейдегілер Зеленьский мен Путиннің Каховкадағы апаттан кейінгі әрекеттерін салыстыра келіп, Кремль басшысының бұл жерде де бәсекелесінен қатты ұтылып қалғанын атап өтті. Бұл туралы ресейлік ресурстар дерегіне сілтеме жасаған rast.kz хабарлайды.
Ресейлік белгілі блогер Анатолий Несмиян Telegram-каналында РФ президенті Владимир Путиннің Каховка ГЭС-інде РФ әскерлері жасап кеткен алапат апаттан кейінгі жағдайда Украина президенті Володимир Зеленьскийдің қасында барлық жағынан да өзінің қорқақ әрі әлсіз екенін айқын айғақтап бергенін мәлімдеді. Ол украин лидерінің бүгін таң атысымен күтпеген жерден Херсон облысының Украина қол астына қарап тұрған аумағына ұшып келіп, су-электр станциясы апатының зардаптарын жою жөнінде шұғыл кеңес өткізгенін сөзге арқау етті.
«Мұның қасында Путиннің бұл оқиғаға қатысты реакциясы бейшараның тірлігіндей болды», – деді ол.
Шынын айтқанда, Кремль диктаторы өз әскерлері қашып бара жатып жарып кеткен Каховка ГЭС-іне қатысты әлі әзірге дейін бір ауыз сөзді ләм-мим деп шығара қойған жоқ.
Осыған байланысты Несмиян РФ-ның «бункерлік» басшысының Херсон облысына ұшып баруға жүрегі дауаламай, тәуекелі тұрмай, қорқақтық танытқаны былай тұрсын, апат жайына бір мәулет көңіл бөліп, сөз айтуға жарамай отырғанын баяндады. «РФ басшысы Зеленскийдің фонында өзінің барынша қорқақ, жанаяр, бейшара жан екенін тағы да танытты», – деді блогер.
«Олардың болмыс-бітімдері мүлде бөлек. Біздің патша ағзам қазір Конституция бойынша «ресейлік» болып саналып отырған территориядағы айтарлықтай орасан зор көлемді апат аймағына бару былай тұрсын, тіпті төтенше жағдайлар министрлігіне «сендер қайда қарап отырсыңдар» деген сияқты барынша жалған да кезекші сөз сипатындағы бірер ауыз әңгіме айтқаннан бөлек, тілге тиек етерліктей ештеңе дей қойған жоқ», – дейді Несмиян одан әрі.
Айта кетейік, Украина президенті Володимир Зеленьский бүгін таң азаннан су тасқынының астында қалған Херсон облысының қазіргі уақытта өз әскерлерінің бақылауында тұрған аумағына шұғыл ұшып барып, Каховка ГЭС-і плотинасы жарылуынан кейін туындап жатқан зардаптарды жою жөнінде мәслихат өткізді.