Түркия президентінің инаугурациясына 80-нен аса елдің өкілі қатысты
АНКАРА. 3 маусым. Түркия президенті Реджеп Тайып Ердоғанның бүгін өткізілген инаугурациясы салтанатына әлемнің 80-нен астам елінен қадірлі қонақтар келді. Бұл туралы Anadoly агенттігі ақпарына сілтеме жасаған rast.kz хабарлайды.
Анкарадағы Президент кешенінде кереге жайған шарада бас қосқан мәртебелі меймандар арасында 21 мемлекет басшысы, 13 премьер-министр, сондай-ақ көптеген министрлер мен халықаралық ұйымдардың, соның ішінде Біріккен Ұлттар Ұйымының, НАТО мен Ислам ынтымақтастығы ұйымының өкілдері болды.
Президент сайлауында 27 млн 834 мың 589 дауыс жинаған Ердоған 3 маусым күні Анкара уақыты бойынша сағат 14:00-де Түркия Ұлы ұлттық мәжілісінде ант берді. Ол осы жерде ол Ұлы ұлттық мәжілісінің уақытша спикері Девлет Бахчелидің қолынан өзінің мандатын алды.
Салтанатқа Әзербайжан президенті Ильхам Әлиев, Бангладеш президенті Мохаммад Шахабуддин Чуппу, Болгария президенті Румен Радев, Венесуэла президенті Николас Мадуро, Габон президенті Али Бонго Ондимба, Гвинея президенті Мамади Думбуя, Гвинея-Бисау президенті Умаро Сиссоко Эмбало, Конго президенті Дени Сассу-Нгессо, Косово президенті Вьоса Османи, Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев, Қырғызстан президенті Садыр Жапаров, Оңтүстік Африка Республикасының президенті Сирил Рамафоса, Өзбекстан президенті Шавкат Мирзиёев, Руанда президенті Поль Кагаме, Сенегал президенті Маки Салл, Солтүстік Кипр Түрік республикасының президенті Эрсин Татар, Солтүстік Македония президенті Стево Пендаровски, Сомали президенті Хасан Шейх Махмуд, Того президенті Фор Эссозимна Гнасингбе, Түрікменстан президенті Сердар Бердымухамедов, Черногория президенті Яков Милатович қатысты.
Құрметті қонақтар қатарын 13 премьер-министр толықтырды, олардың арасында Армениядан Никол Пашинян, Венгриядан Виктор Орбан, Ливиядан Абдулхамид Дибейбе, Пәкістаннан Шахбаз Шариф бар.
Ұлықтау рәсіміне сондай-ақ 8 халықаралық ұйымның өкілдері келді. Олардың ішінде Түрік мемлекеттері ұйымының бас хатшысы Кубаничбек Омуралиев, НАТО-ның бас хатшысы Йенс Столтенберг және Ислам ынтымақтастығы ұйымының бас хатшысы Хусейн Ибрагим Таха болды.
Тағы 12 ел парламент спикерлері деңгейінле өкілдер жіберді. Олардың қатарын Ресей мемлекеттік думасының төрағасы Вячеслав Володин, Халық өкілдері Бүкілқытайлық жиналысы тұрақты комиитеті райысының орынбасары Дин Чжунли бастаған спикерлер түзді.
Салтанатта сондай-ақ Германияның бұрынғы президенті Кристиан Вульф, Германияның бұрынғы канцлері Герхард Шредер, Солтүстік Кипр Түрік республикасының бұрынғы президенті Дервиш Эроглу, Босния мен Герцеговина президент кеңесінің бұрынғы мүшесі Бакир Изетбегович және Швецияның бұрынғы премьер-министрі Карл Бильдт бой көрсетті.
Салтанатты шарадан кейін Түркия президенті Үкіметтің жаңа құрамын жариялады.