Ердоған самитте түркі елдерінің бірыңғай әліпбиін жасауды ұсынды
АСТАНА. 3 қараша. Түркия президенті Реджеп Тайып Ердоған енді кешіктіре бермей, түркі елдері үшін бірыңғай әліпби жасауды керек екенін алғ,а тартты. Бұл туралы Tengrinews.kz дерегіне сүйенген rast.kz хабарлайды.
Түрік лидері Астанада 3 қарашада өткен түркі мемлекеттері ұйымының саммитінде осындай бастама көтерді. Оның айтуынша, бұл түркі мемлекеттері арасындағы гуманитарлық байланысты күшейтуге тиіс.
«Біз тіліміз, мәдениетіміз бен тарихымызға негізделген адами қарым-қатынасымызды арттыру үшін жоғары білім беру саласындағы ынтымақтастықты нығайтуға күш салып жатырмыз. Әрине, бірлігімізді нығайту үшін тілдің маңызы зор. Бірыңғай әліпби де маңызды құрамдас бөлік және бұл жерде президенттердің қолдауы маңызды. Жоғары білім кеңесі ұйымымыздың хатшылығына ұсынған ұсынысты біздің ұйым қарастыратынына сенімдімін», – деді Ердоған өзінің сөзінде.
Бұл Түркі мемлекеттері ұйымы шеңберінде түркі мемлекеттерінің ортақ алфавитке көшуі мәселесінің бірінші рет талқылануы емес. 2022 жылы Түркі мемлекеттері ұйымының бірыңғай әліпбиін жасау жөнінде комиссия құрылған болатын.
Түркі мемлекеттері ұйымына Әзербайжан, Қазақстан, Қырғызстан, Өзбекстан және Түркия мүше болып табылады. Ал Венгрия мен Түрікменстан бақылаушы мемлекеттер ретінде қатысып тұрады.