Трамп ант қабылдап, АҚШ президенті қызметіне кірісті

УАШИНГТОН. 21 қаңтар. Бүгін Капитолий Ротундасында өткен салтанатты рәсімде Дональд Трамп ант беріп, АҚШ-тың 47-ші президенті ретінде ресми түрде қызметіне кірісті. Бұл туралы The Moscow News ақпарына сүйенген rast.kz хабарлайды.
АҚШ Конституциясына сәйкес, бұрынғы президент Джозеф Байденнің өкілеттігі Уашингтон уақытымен тура 12:00-де аяқталды, сол кезде Трамп ресми түрде мемлекет басшысы атанды.
Дональд Трамп қолын Авраам Линкольннің Библиясына қойып, ант берді. «Мен Америка Құрама Штаттарының президенттік қызметін адал атқаруға және Америка Құрама Штаттарының Конституциясын сақтауға, қорғауға және ол үшін күресуге бар күш-жігерімді салатыныма салтанатты түрде ант етемін», –деді Трамп өз антында.
Мұның алдында мұндай антты жаңа вице-президент Джей Ди.Вэнс те берген еді.
Ұлықтау рәсімі бұрыннан келе жатқан дәстүрге сай ашық аспан астында емес, Капитолий Ротундасының ғимаратында өтті. Мұндай шешім ауа-райының қолайсыздығына – суық желдің соғып тұруы мен температураның төменліігне байланысты қабылданды. Осыған ұқсас прецедент Америка тарихында 1985 жылы президент Рональд Рейганның екінші инаугурациясы кезінде орын алған, онда да ант беру рәсімі жабық ғимарат ішінде өткен.
Шараға бірқатар қазіргі және бұрынғы саяси қайраткерлер қатысты. Олардың қатарында Трамптың алдындағы президент Джо Байден мен бұрынғы вице-президент Камала Харрис, бұрынғы президенттер Барак Обама, Билл Клинтон және Джордж Буш-кішісі, бұрынғы мемлекеттік хатшы Хиллари Клинтон бар.
Салтанатты шараның халықаралық қонақтары арасында Ұлыбритания премьер-министрі Борис Джонсон, Аргентина президенті Хавьер Майли, Италия премьер-министрі Джорджио Мелони және Қытай вице-президенті Хань Чжэн болды. Шақырылған бизнес өкілдерінің арасынан Марк Цукерберг (Meta), Чу Шоу Цзы (TikTok), Джефф Безос (Amazon), Тим Кук (Apple) және SpaceX, Tesla және X компанияларының иесі Илон Маск көрінді.
Салтанатты шараға Украина атынан елдің АҚШ-тағы елші Оксана Маркарова қатысты. Ал Ресейдің ресми билігінің өкілдерінен ешкім шақырылған жоқ.