Қазақстандағы ең үздік мектеп Жетісайда
Түркістан облысы Жетісай қаласындағы Б. Момышұлы атындағы №6 мектеп-гимназияны бітіруші ұл-қыздар әрдайым биіктерден көрініп келеді. Білім ордасын биылғы жылы 75 ұл-қыз бітіргелі отыр, оның 14-тен астамы «Алтын белгіге» үміткер, 22 оқушы үздік аттестатқа иесі атануға асығулы. Мектептен соңғы он жылда 444 «Алтын белгі» иегері, 224 үздік аттестат иелері шыққан.
– Бір мектептен осыншама «Алтын белгі» алу өзге мектеп, гимназия, лицейлер үшін арман деуге болады. Бұл қалай өзі, әр жылы осы мектептен ондаған озаттар шығады?» деп таңырқайтындар да аз емес. «Ол мүмкін емес» дейтіндер де көп. Ал осы білім ошағын 28 жыл бойы басқарған білікті басшы, халық педагогы Омархан Қозыбақ ағамыздың есімі мектеп тарихында алтын әріппен жазылады. Педагогтеріміз бен шәкірттерміздің аянбай еңбектенуінің арқасында мектебіміз осындай биік белестерді бағындырды, – дейді қазір гимназия директоры Шоқан Нұрбеков.
Оның айтуынша, білім саласындағы жаңалықтар мен стандарттарды дұрыс енгізе отырып, ұл-қыздарды білім алуға дұрыс бағыттап, баулыса, төгілген тер еш кетпейді. Нәтиже шығады. Аталмыш мектеп-гимназия оқушылары облыстық, республикалық, халықаралық олимпиадалар мен конкурстарға қатысып, ғылыми жобаларды жазуда оқ бойы озық екен.
– 2022-2023 оқу жылында ауыз толтырып айтарлықтай жетістіктерге қол жеткіздік, – деді мектеп басшысы одан әрі.
Директордың айтуына қарағанда, білім беру жүйесі дамуының жаңа міндеттеріне сәйкес, цифрландыру заманындағы мұғалім тәжірбиесіндегі интербелсенді әдістерін жетілдіру және білім берудің онлайн ресурстары бойынша ақпаратты таратуда мектеп мұғалімдерінің еңбектері зор. Олар соған лайық әртүрлі сайыстарда озып шығып жүр. Атап айтқанда, облыстық олимпиадада ағылшын тілі пәнінің мұғалімі Айгүл Қалжанова III орынды иеленсе, орыс тілі мен әдебиеті пәні мұғалімі Тамара Қарабалаева I орынға ие болған Мектептің жас мамандары – ағылшын тілінің мұғалімі Динара Арашбаева мен мектепалды даярлық тобы мұғалімі Айжамал Бақыт жас мамандар арасында өткізілген «Жаңа мектепке – жаңашыл ұстаз» атты жас мұғалімдердің VI республикалық байқауының аудандық кезеңінде жүлделі І орынды иеленіп, Түркістан облыстық байқауына жолдама алды. Байқау нәтижесінде Динара облыстық кезеңде жүлделі ІІІ орынға ие болса, Айжамал «Креативті педагог» номинациясына лайық деп табылды. Ағылшын тілі пәні мұғалімі Ангела Назарбекова облыстық «Поэзия әлемі» атты мұғалімдер арасында өткізілген ғылыми жобалар сайысының аудандық кезеңінде үздік еңбегімен көзге түсіп, жүлделі ІІ орынға ие болды.
– Мұғалімдер арасында өткізілген пән олимпиадаларының аудандық кезеңіне мектебіміздің ұстаздары қатысып, жүлделі орындарға ие болды, – дейді Шоқан Нұрбеков бізге. – Атап айтар болсақ, тарих пәні мұғалімі Сапарғали Құлжанов I орын, география пәні мұғалімі Бейсенова мен физика пәні мұғалімі Авхунбаева II орынды жеңіп алса, биология пәні мұғалімі Әбдуова Алғыс хатпен марапатталды. Пән мұғалімдерінің облыстық олимпиадасында озық идеясы және шығармашылық ізденістерімен ерекшеленіп, жүлделі III орынды Құлжанов Сапарғали қанжығасына байлады. Сондай-ақ мектеп оқушылары пән олимпиадаларына белсенді қатысып, жоғары нәтиже көрсетіп жүр. Атап айтар болсақ, жалпы білім беретін пәндер бойынша 9-11 сынып оқушылары арасында өткен республикалық пән олимпиадасының аудандық кезеңінен математика пәнінен 11 сынып оқушысы Айсұлу Асхат III орын, 9 сынып оқушысы Баукен Нәліхан I орын иеленді. Қазақ тілі мен әдебиеті пәнінен 11 сынып оқушысы Тоғжан Әбдіхалық II орын, биология пәнінен 11 сынып оқушысы Ырысмахан Тұрғанбек I орын, 9 сынып оқушысы Назгүл Бөкенбай I орын, химия пәнінен 11 сынып оқушысы Жандос Қалдар II орын, 10 сынып оқушылары Әсел Есенбек III орын, Бақыт Тұрсынбек II орын, информатика пәні бойынша 10 сынып оқушысы Айдос Бердіқұл II орын, физика пәнінен 10 сынып оқушысы Нұрбала Қуандық II орын, орыс тілі мен әдебиеті пәнінен 10 сынып оқушысы Саяна Байдыбекова мен 9 сынып оқушысы Балауса Ерубай I орын иеленді. 10 сынып оқушысы Ардақ Серік Алғыс хатпен марапатталды.
Айтса айтқандай, бүгінде әрбірінің ата-анасы өз перзенті үшін мақтана алады. Өйтпегенде ше?! Мысалы, облыс орталығындағы мектептерде ҰБТ-дан 95 бал жинаған түлек те, ата-анасы да қуанары сөзсіз. Ал, жетісайлық гимназия-мектебінің өрендері жинаған ең төменгі бал – 96. Шектік балға жетпеу деген ұғым мұнда жат секілді.
Жоғарыда атап өткендей, биылғы жылы 75 бітіруші түлектер мемлекеттік грант иегері атанып, ЖОО -на түсуге мүмкіндіктері орасан зор екенін аңғардық.
Айта кетейік, Б.Момышұлы мектебі рейтинг бойынша орташа 110 баллмен Қазақстанда алғашқы үштікте тұр.
Жансая НҰРҚОЖА
Түркістан облысы,
Жетісай қаласы