Білімнің шырағын жаққан ұлағатты ұя

Білімнің шыңы – нұрлы болашаққа бастайтын алтын көпір. Дәл осы қағиданы өмірлік мұра еткен №195 мектеп-гимназиясының тарихы табандылық пен тағылымның жарқын үлгісін көрсетеді.
Бұл білім ордасының іргетасы 1934 жылы қаланып, оқушыларды әр үйде оқытудан басталған. Рахманберді мен Шалабай сияқты алғашқы ұстаздардың еңбегімен бастау алған ұлы жол 1935 жылы Жүсіп шалдың бір бөлмесіндегі «Төлес» мектебіне ұласты. Әнішбек Төтеев сынды директорлар бастаған бұл кезеңдер «еңбек етсең – емерсіiң» дегендей, қиындыққа мойымай, білімге деген құштарлықты жандандырды. Одан кейінгі жылдары, 1940-1945 жылдар аралығында колхоз есебінен «Төлес» 8 жылдық мектеп-интернаты бой көтерді. Манап Айжарықов, одан соң Әбдіқаппар Асқаров және Құдайқұл Исаев директор болған кезең – мектептің қалыптасу, ірге бекіту жылдары. Десе де, 1954 жылы колхоздарды ірілендіру себебінен мектептің есігі уақытша жабылды. Бірақ, «Өшкенді жандыру, өлгенді тірілту – ердің ісі» демекші, араға он жыл салып, 1964 жылы бастауыш сыныптар қайта ашылып, Молдаш Рафилов пен Нұржан Сүлейменова секілді мұғалімдер алғашқы ұшқынды қайта жақты.

Нағыз өрлеу 1966-1967 жылдары «Жайылма» сегізжылдық мектебі болып ашылуымен басталды. Ахмет Айдаров басшылық етіп, Зөреш Сапабекова оқу ісін жүргізген бұл кезеңде 20 балаға арналған интернат ашылып, алыс-жақыннан келген балаларға білім алуға мүмкіндік туды. Кейін Зияудин Әбілқайыров, одан соң 1987-1988 жылдары Бимағамбет Зейдалиевтің директорлық кезінде мектеп орта мектепке айналып, білім беру сапасының деңгейі артты. Бұл кезеңде Орынбасар Нұрымбетов пен Жанат Жүсіпова директор орынбасарлары болып, білім және тәрбие ісін қатар ұштастырды. 2003 жылы Жанат Жүсіпова директорлық тізгінді ұстап, Ләззат Егембердиева, Гүлбазар Боранбаева, Күлбибі Тасманова сынды орынбасарлармен бірге білім беруді жаңа сапаға көтерді.
Тарихтың тағы бір маңызды белесі – 2014 жылы 250 орындық типтік жобадағы жаңа, сәулетті ғимараттың пайдалануға берілуі. Бұл – елдің білімге деген зор қамқорлығының көрінісі. Сол жылы «Зайнаб» шағын орталығы да ашылып, мектептің білім беру ауқымы кеңейді. Ал 2016 жылдың 27 қаңтарында білім ошағына мектеп-гимназиясы атауы беріліп, мәртебесі артты.
Бүгінде №195 мектеп-гимназиясы тек білім берумен ғана емес, жетістіктер шоғырымен де мақтана алады. «Ұшқыр ой дебат клубы» жұмысының нәтижесінде Мұхамедәлі Абдуллаев республикалық слетте «Үздік спикер» атанып, Қарақат Амалбек аудандық турнирде топ жарды. Бұл – «оқу инемен құдық қазғандай» деген қағиданың дәлелі. Асылзат Орынбасар Ө. Жолдасбеков атындағы халықаралық конкурсқа қатысып, ІІІ дәрежелі диплом иеленсе, Жұлдыз Амангелді Алғыс хатпен марапатталды. Мектеп мақтанышы Мұхамедәлі Абдуллаев «Зерде» республикалық конкурсында Гран-При иегері атанып, Қ. Бітібаева атындағы және қоғамдық-гуманитарлық бағыттағы республикалық олимпиадаларда жүлделі ІІ орынды иеленуі – оқушының ғана емес, ұстаздар қауымының да зор жетістігі. Сондай-ақ, Мәди Әли, Аружан Талғатқызы, Айбек Асхатбек, Шұғыла Ғалиқызы, Сымбат Насыр, Қарақат Амалбек, Құттықыз Ерғалиқызы және Сұңғат Құлтас сияқты дарынды жастар ғылыми жобалардан, пәндік олимпиадалардан және робототехника байқауларынан аудандық, облыстық, республикалық деңгейде жүлделі орындарды иеленіп, мектептің абыройын асқақтатып келеді.
«Білімдіге дүние жарық, білімсіздің күні қаріп» дегендей, №195 мектеп-гимназиясы – білімге құштар ұрпақтың биік шыңы.
Жансая НҰРҚОЖА,
Жаңақорған ауданы
Қызылорда облысы






