Қазақстанның үш азаматы үш айдан бері Өзбекстанда қамауда отыр
ТАШКЕНТ. 23 мамыр. Қазақстанның үш азаматы Өзбекстанға келіссөз жүргізуге барып жүргенде кенеттен қамауға алынған. Бұл туралы «Халық үні» дерегіне сүйенген rast,kz хабарлайды.
«Еуразия» телеарнасының хабарынша, Қазақстанның үш азаматы Өзбекстанға келіссөз жүргізуге барған кездерінде қамауға алынған. Содан бері 3 ай өтті, бірақ әлі босатылмай отыр.
Айтылып жатқан ақпарға сүйенсек, Алматы облысындағы «Керуен» (бұрынғы «Үшқоңыр») автовокзалының директоры бастаған топ Өзбекстанға Алматы – Нүкіс бағытындағы автобустарға байланысты келіссөз жүргізу үшін барған. Себебі, сол жақта біреулер осы бағыт бойынша төленетін билет құнының тең жартысын алып отырыпты.
Осы мәселені реттеуге барғандар сондағы біреулермен жанжалдасып қалған. Оның аяғы төбелеске ұласқан. Ақырында бұларды он адам жабылып ұрған. Сонда да ең соңында қазақстандық азаматтар хәбірленуші тараптан кінәлілерге айналып шыға келген.
Осыдан кейін таяқ жеп, қамауға алынған азаматтардың туыстары Алматыдағы Өзбекстанның бас консулдығының алдына жиналып, мәселенің оң шешілуін талап еткен. Олар әділдік сұрап отыр.
«Мемлекеттік органдағы басшылардан, азаматтардан жолдасымның аман-есен бала-шағасына оралуына көмектессеңіздер екен деп сұраймыз. Соттың әділ болуын сұраймыз. Өйткені, осы уақытқа дейінгі болған тергеудің барлығы біржақты болды. Ешқандай нәтиже жоқ», дейді туыстарының бірі.
Шынтуайтына келгенде, үш жігітті жабылып соққыға жыққан он жігіт артынша қарсы арыз түсіріп, өздерін жәбірленуші ретінде көрсетіпті. Сөйтіп, солардың арызы бойынша, Өзбекстанның құзырлы органдары «Керуен» автовокзалының директоры Данияр Жүнісов пен оның қасындағы екі адамды қамап тастаған.
Бір ғажабы, Сыртқы істер министрлігі үш айдан бері көрші дәулеттің түрмесінде отырған азаматтарға қатысты әзірге жауап берген жоқ.