Жаңалықтар жаңғырығыҚұқық

РФ-ға санциядан құтылу үшін Путинді ұстап беруге тура келеді – NYT

НЬЮ-ЙОРК. 18 наурыз. Қазір Ресейді болашақтағы санциялардан құтқарудың бір шарты олардың РФ диктаторын Халықаралық қылмыстық сотқа (ХҚС) ұстап берулері болып отыр. Бұл туралы The New York Times газетіне сілтеме жасаған rast.kz хабарлайды.

Американың басты басылымы осындай тұжырым білдіреді. Ресейді келешектер санкциялар қыспағынан шығарудың ең басты жолы диктаторды ұстап беру болатын түрі бар.

Газеттің жазуынша, Владимир Путин мен басқа да соғыс қылмыстарына күдіктілерді ХҚС-ке тапсыру жөніндегі талапты орындағанға дейін Ресей санкциялар шеңгелінде қала береді.

17 наурыз күні әлемде үлкен тарихи оқиға орын алды – Халықаралық қылмыстық сот ресейлік диктатор Владимир Путин мен РФ президентінің уәкілі Мария Львова-Беляеваны қамауға алуға ордер берді. Оларға соғыс барысында украин балаларын ұрлау акциясын жүргізді деген ауыр айып тағылды.

РФ лидерінің ойына келгенін істей беретін дәуірі аяқталып келеді.

«Путиннің жақын арада сот алдында тұра қалатынына сенім аз. Халықаралық сот оны сыртынан соттайын деп жатқан жоқ. Ал Ресей ордерді «мағынасыз құжат» деп атап отыр. Соған қарамастан, оның моральдық тұрғыдан орасан зор салмағы бар. Путин осы күннен бастап Дарфурде айуандықтың сан түрін жасағаны үшін айыпталып, тақтан тайдырылған Судан президенті Омар Хасан әл-Баширмен, Балкандағы жан түршігерлік соғыс қылмыстары үшін түрмеге түскен серб лидері Слободан Милошевичпен, сондай-ақ Екінші дүниежүзілік соғыстың қорытындысы бойынша Нюрнбергте сап түзеп тұрып сотталған нацистермен бір қатарға қойылды», – делінген басылым мақаласында.

Ресейлік оппозиционер Михаил Ходорковский диктатордың сотқа дейін жете алатынына үлкен күмән келтіреді. Ол Путинді өз шеңберіндегі адамдар бұған жеткізбей өлтіріп жібереді деген болжам айтады.

Атап өтуіміз керек, ресейліктердің Украинадан 16 мыңнан аса баланы Ресейге депортациялап әкеткені толық айғақталды. Жалпы, РФ украин жерінде 2 мыңнан астам рет балалар ұрлығын жасаған.

БҰҰ-ның 1948 жылы қабылданған «Геноцид қылмыстарының алдын алу және бұл үшін жазаға тарту туралы» Конвенциясының II бабы «е» параграфында «балаларды бір адамдар тобынан екінші топқа күштеп өткізу» тап осындай ауыр қылмысқа жатқызылатыны тайға таңба басқандай анық атап көрсетілген. Путин мен Ресей армиясы жасаған балалар ұрлығы деректері осы баптың аясына дөп келіп тұр.

 

Ескерту!  

rast.kz сайтының кез келген материалын редакцияның арнайы рұқсатынсыз көшіріп алып жариялауға тыйым салынады. Плагиат жасаушы «Авторлық құқық туралы» Заңға сәйкес қудаланады.

Тағы көрсету

Пікір қалдыру

Ұқсас мақалалар

Back to top button