Жаңалықтар жаңғырығыТаным

«Кадыров шешен жерін азат ету соғысына дайындалып жатыр» – Пионтковский

КИЕВ. 10 наурыз. Ресейлік белгілі саясаттанушы Андрей Пионтковский қазір шешен лидерінің шын мәнінде нені ойластырып жүргенін айтты. Бұл туралы украин ресурстары мәліметтеріне сүйенген rast.kz хабарлайды.

Саясаттанушы YouTube-каналдағы «Утро Февраля» эфирінде Питер Залмаевқа берген сұхбатында қазіргі күндері РФ-ның күні тарауға қарағанын көріп-біліп отырған Рамзан Кадыровтың Шешенстан тәуелсіздігі үшін соғысқа дайындала бастағанын әңгімеледі.  .

Рамзан Кадыров барлық уақытта өзін «Едина Россия» партиясының Грозный аудандық комитетінің хатшысы емес, тәуелсіз Ичкерияның жетекшісі ретінде ұстап келеді. Ол бұдан бірнеше апта алдын украиналықтарға кінә артқан секілді болып сөз айтып тұрып, өз республикасының егемендік жолындағы күресін еске түсіріп өтетін сенсациялық мәлімдеме жасады.

«Біз бұдан 15 жыл бұрын, – қаһарман Ичкерия және соның ішінде өзім де бармын, – Ресей империясына қарсы соғыстық, бірақ бізге сол кезде ешкім: Батыс та, украиндар да қолдау көрсетпеді», – деді Кадыров Шешенстанның сондықтан Кремльмен әлдеқандай бір бітімгершілікке баруға мәжбүр болғанын атап өте келіп. Алайда шындық мынада: бәрібір сол соғыста Кадыров Ресейді жеңіп шықты, мұны кейін Путин де мойындап қойды, соның арқасында бүгінде Мәскеудің жан-жақты қолдауына ие болып отыр, РФ лидері Шешенстанға орасан зор өтем төлеп тұр, осы үшін Рамзан Ахматович Кремльге бейілділік танытып келеді.

Ресейлік оппозиционер, саясаттанушы және публицист Андрей Пионтковский сұхбатта осындай ойдың ұштығын тарқатты.

«Шын мәнінде Кадыров барлық уақытта өзін тәуелсіз Ичкерияның лидері сезініп жүрді, ал қазір ол бәрінің ақыры таянып, Путин режимінің құрдымға кетіп бара жатқанын біліп отыр, оның Путиннің жеке өзімен жасасып қойылған келісімі бар, сондықтан тек соған ғана міндетті. Ал басқа күштік құрылымдардың бәрі Кадыровты жек көреді, олар Ресей жеңіліске ұшыраған бойда мұның көзін жойып жіберіп, Шешенстандағы билікті өз қолдарына алуға құлшынына кіріседі», – деді Пионтковский.

Рамзан Кадыров, әлбетте, мұны аңдамай аңғырт отырған жоқ. Сол себепті де басында Евгений Пригожинмен жақындаса бастағандай болып еді, артынан оның жүрген жерінде шу мен жанжалдың көп екенін байқаған соң іргесін аулақ сала бастады.

«Тап сондықтан Кадыров қазір іс жүзінде Украинадағы майданнан кетті, енді осы соғыстың арқасында арнайы дайындап алған бүкіл армиясын екі міндетке: Шешенстанның тәуелсіздігін қорғау мен өзінің Шешенстан ішіндегі билігін сақтап қалуды қамтамасыз етуге пайдаланады, өйткені, орыстармен соғыстың аяқталып қалғаны мен Путиннің өзімен жеке ымыра жасалғанына шешендердің бәрі бірдей риза болған жоқ. Айтқандай, Кадыровтың екі апта бұрынғы мәлімдемесі шешендердің өздеріне де арналған болатын. Мәлімдеме оларға әлі бәрінің түгел аяқталмағанын, соғысты жалғастыратын.күн туатынын аңғартқан белгі сияқты болды», – деп түсіндірді соңынан Пионтковский.

 

Ескерту!  

rast.kz сайтының кез келген материалын редакцияның арнайы рұқсатынсыз көшіріп алып жариялауға тыйым салынады. Плагиат жасаушы «Авторлық құқық туралы» Заңға сәйкес қудаланады.

Тағы көрсету

Пікір қалдыру

Ұқсас мақалалар

Back to top button