АҚШ Украинаға әуе қорғанысы қаруларын тез жеткізіп беретін болды
ВАШИНГТОН. 10 наурыз. АҚШ ресейлік оккупанттардың ракетамен соңғы атқылауынан кейін қорғануға қажетті қару-жарақтың бәрін жеткізіп беруге уәде етті. Бұл туралы шетелдік басылымдар деректеріне сүйенген rast.kz хабарлайды.
Украина ресейлік ракеталардан қорғану үшін қажетті нәрсенің бәрін алады. Ақ үй РФ басқыншылар армиясының Украинаға ракетамен жасаған соңғы жаппай шабуылынан кейін осындай тұжырымға келді.
Вашингтон өкілінің орынбасары Оливия Далтон ханым 9 наурыз күні АҚШ-тың өзге одақтастармен бірге Украинаны РФ тарапынан болатын ракета соққыларынан қорғауға қажетті құрал-қарудың барлығымен, сондай-ақ қосымша қару-жарақтармен және жабдықтармен қамтамасыз ететінін жеткізді.
«Әрине, бүкіл Украинаның азаматтық нысандарына жасалып жатқан мұндай жойқын, жойдасыз, қатыгез шабуылдарды ешбір ақтап алуға болмайды», –деп атап өтті Далтон.
Ол агрессор-терроршы елдің украин қалаларындағы бейбіт тұрғындарды сусыз, жылусыз және жарықсыз қалдыру үшін инфрақұрылымдарды аяусыз атқылаудың астына алып жатқанын бүкіл әлем кезекті мәрте көргенін растады. Өкінішке қарай, тағы да бейбіт украиндар оккупанттар құрбаны болды.
Бұдан бұрын хабарланғанындай, ресейліктер 9 наурыз күні Украинаға барлығы 80-нен аса ракета мен дрондар жіберді. Әуе қорғанысы күші олардың бір бөлігін атып түсірді, алайда нысанаға ілікпегендері маңызды инфрақұрылымдар мен тұрғын үйлерге түсіп, біраз нәрсені қиратып кетті.
Барлаудың дерегі бойынша, РФ армиясы сол күні кезекті жаппай соққы жасау кезінде өз ракеталарының бір айлық қорын жұмсаған.