Таным

АЛЫСТАҒЫ ЖҰЛДЫЗДЫҢ ЖАРЫҒЫ

 Баспасөзде жарияланған белгілі бір тұлғаны еске алуға арналған естелік-жазбаларда «Таулар алыстаған сайын биіктей түседі» деген қанатты сөз жиі қайталанады. Расында біз  қандай бір белгілі қайраткер болса да, оны тірісінде емес, оны өмірден өтіп кеткеннен кейін іздеп жатамыз. Дегенмен, өзінің көзі тірісінде-ақ  жұрт арасында биік беделге ие болған айбынды азаматтар ел арасында баршылық.

Иә, өзіміз сырттай ұдайы еліктеп, жүрер жолдың бекем бағыты санап келген тау тұлғалы Исатай көкемізбен  қатарлас қызмет ете алмадық, біз  ел ісіне араласа бастаған кезде ағамыз құрметті зейнет жасына жетіп, демалысқа кетті. Атпал азаматтықтан ақылман ақсақалдықтың ауылына өзінің ауанымен келіп жеткен айтулы ағамыздың кісілігі,  көшбастаушылығы, көсемдігі керемет кезең беріп, көрініп тұрушы еді. Сол сәттерде тегін адамның республиканың бірінші басшылығы деңгейіне дейін жете бермейтініне көзіміз жетіп, бұл кісімен бір заманның белесінде  қолын алып, сәлемімізді бергенімізге кәдімгідей марқайып, көңіліміз өсіп қалатын.

Қазақта «Ұлық болсаң, кішік бол» деген тамаша ғибратты сөз бар. Өз басым ұлық болған адамның кішіктікті де қалай қайырмалап ұстай алатынын Исекең ағамыздың бойынан көрдім. Отырған жерінде орнықты ойын айтып, өсиет болатындай өркенді сөздердің керуенін түйдектетіп қоятын оның өте білімді кісі екені анық аңғарылатын.

Мемлекет және қоғам қайраткері, Социалистік Еңбек Ері Исатай Әбдікәрімовтің облыстың елуінші-жетпісінші жылдар аралығындағы бүкіл өрлеуі мен өркендеуі мұратында қалдырған қолтаңбасы мен атқарған айдынды істері ұлан-ғайыр екені белгілі. Мұны елуінші жылдардың ортасында Шиелі ауданына бірінші хатшы болып барып, өңірді жеті жылда жеті белестен асырып қайтқанынан бастап, содан кейін бір аудан аясында тіршілік еткен Қармақшы және Жалағаш жерінде де, кейінірек қайта бөлініп, жеке отау тіккен Жалағаш ауданында да, соңынан Қызылорда облысының тізгінін ұстаған алты жылдың ауқымында  орасан зор жанды жұмыстары арқылы айғақтап беруге болады. Исекең бұған дейін егіншілігі жартылай жабайы дерлік қалыптағы Сыр бойы атырабының мелиорациясы мен ирригациясын сол заманға сай озық технологиялы аймақ етіп кетті деуге болады. Осының нәтижесінде облыс Одақтағы аса ірі күріш өсіруші өңірлердің біріне айналып,  көптеген егіншілеріміз бен диқандарымыз Одақтың ең жоғары атақтары мен марапаттарын алған. Бүкілодақтық халық шаруашылығы көрмелерінің жеңімпаздары атанған.

Исатай Әбдікәрімов 1972-1978 жылдары Қызылорда облысын басқарған жылдарында Арал теңізінен туындайтын мұндарлы мәселелерді көтеріп, бірнеше рет тиісті орындар мен лауазым иелеріне барған екен. Біз мұның біраз жай-жапсарына оның бұдан көп жыл бұрын баспа жүзінен жарық көрген «Көп екен көргеніңнен көрмегенің» деген өмірбаяндық кітабының беттері арқылы да қанық болып едік. Сол кезеңдері расында Арал проблемасы асқынып тұрған. Кремльдің теңізді толтыратын Әму мен Сырдария өзендерінің сағасын бойлап, мақта мен күріш секілді суды аса көп керек ететін дақылдарды жыл сайын көптеп егу туралы жарлығы күшінде тұрды. Мұның ақырында 60-шы жылдардың басында басталған теңіз табанының құрғауы жыл сайын ұлғая түсті. Су орнынан ұшқан тұз айналаны улап, өсімдіктерді тұрған бойлары күйдірді, экологиялық ахуалды ауырлатты. Міне, осы аласапыран ауыр жағдайды Исекең ретін тауып, 1977 жылдың жасында СОКП Орталық Комитетінің Бас хатшысы Леонид Брежневке де жеткізеді. Осыдан кейін ел ішінде аз да болса, оң қозғалыс пайда болған. Соның нәтижесінде мемлекеттік жоспарлау комитеті мен бірнеше министрліктен өкілдер келіп, жергілікті жағдаймен жете таныса бастады. Облыста күріш машиналарын жасайтын зауыт сол кезде іске қосылған. Кейін қолдан-қолға тимей, колхоз-совхоздарға кеңінен тарайтын «ЖРК-5» жаткасы сол өндіріс ошағынан шыққан алғашқы техникалар еді.

Исекеңмен жақсы араласқан кісілердің бәрі оның өз уағында аймақтың экономикасын өрге көтерумен бірге, Сыр бойының өнері мен мәдениетін, әдебиеті мен ғылымын өркендетуге атсалысқан Әбділда Тәжібаев, Әуелбек Қоңыратбаев, Оңалбай Әбдікәрімов, Асқар Тоқмағамбетов, Роза Бағланова, Әбдіжәміл Нұрпейісов, Шаһмардан Есенов, Сәбира Майқанова, Қалтай Мұхамеджанов, Сұлтан Қожықов, Зейнолла Шүкіров секілді қарымды қайраткерлермен жақсы қарым-қатынаста болғанын айтады. Соның ішінде қайсарлықтың символындай болып аты жайылған Зейнолла ақын 50 жасқа толғанда, арнайы құттықтап барып, «Волга» автокөлігі кілтін тарту етіп қайтыпты.

Елі-халқы алдында осындай өлшеусіз өнегелі істері бар Исатай Әбдікәрімовті артында қалған жұрты да әрдайым жадында ұстап келеді. Соның бір айғағы – ол тәуелсіздік жылдарында Жаңақорған ауданы әкімдігінің шешімімен «Жаңақорған ауданының ХХ ғасыр адамы» атанды. Ал қайтыс болғанына тура 2 жыл толған шақта, 2003 жылдың 30 мамырында ағамыздың елеулі есімі Үкімет қаулысымен Қызылорда аграрлық-техникалық колледжіне берілді. Мен қазір өзіме жастайымнан алыстағы жұлдыздың жылуы мол жарығындай болып әсер еткен толымды тұлғаның атындағы осы оқу орнын кейін біршама уақыт басқарғанымды зор мақтаныш етемін. Осында жүргенімде бұл кісінің атын асқақтата түсу, кейінгі ұрпақ санасына жеткізе беру мақсатында қаншама игілікті іс-шараларды қуана жүріп өткіздік. Оқу орнының алдына ол кісінің қола мен граниттен жасалған ескерткішін қойдық. «Шежірелі білім ордасы» кітабын оқу орнының 90 жылдығына орай шығардық. Бұдан кейін Исекеңнің атына мектеп те берілді. Ол таңдау 2014 жылы Жаңақорған ауданының «Қожакент» ауылындағы орта мектепке түсті.

«Жақсының аты өшпейді» деген, сірә, осы шығар. Қазақ жері барда, халқы аман тұрғанда, абзал ағамыздың аты ұрпақтан ұрпаққа жалғасып, жете беретініне біздің де сенім мол.

Ибадулла ҚҰТТЫҚОЖАЕВ,

Қызылорда қаласының «Құрметті азаматы»

«Құрмет» оденінің иегері

Тағы көрсету

Пікір қалдыру

Ұқсас мақалалар

Back to top button