«Кеше Угледар түбінде ресейліктер көп өлді» – РФ әскери журналисі
КИЕВ. 27 ақпан. Ресейлік мәнбелер РФ армиясының кеше Угледар түбінде өте көп шығынға ұшырағанын атап өтті. Бұл туралы rast.kz хабарлайды.
Ресей журналистері Украина Қарулы күштерінің 26 ақпан күні Донецк облысындағы Угледар елді мекені түбіндегі қанды қасапта өз әскерлерінің тамтығын қалдырмай қырып тастағанын растады.
Бурят әскери тілшісі Александр Гармаев сол сапта болған буряттардың да адам күші жағынан ауыр шығынға қайғыра отырып мойындады. Ол кеше Угледар түбіндегі кезекті шабуылдың барысында Ресей армиясы бөлімшелерінің құрамына кіретін буряттардың да көп бөлігінің оққа ұшқандарын баяндады. Журналист өзінің Telegram-каналында опат болғандардың біразында қажетті киім-кешек (экипировка) мен қару-жарақ болмағанын, жалаң қолмен шабуылға шыққандарын айтты.
Гармаевтың айтуынша, қазір Ресейдің Угледар ауданында тұрған оккупациялық армиясының ахуалы барынша нашар. «Бүгін көптеген қарулас достар қаза тапты. Угледардың түбінде әр метр жер үшін ауыр шайқастар жүріп жатыр», – деп мәлімдеді ол.
Өз кезегінде әскери сарапшылар РФ армиясы теңіз жаяу әскерлерінің 40-шы және 155-ші бөлімшелері елді мекенге шабуылдауға бірінші әрекет жасағаннан кейін-ақ іс жүзінде жойылып кеткенін атап өтеді. Ресей командирлері шабуылдың қарқынын түсірмеу үшін жақында мобилизациямен келген дайындықтары нашар солдаттарды ұрысқа салып жіберген екен, бірақ олардың көпшілігі Угледар түбіндегі орман алқаптарында сол бойда жойылып кеткен екен.
Украина Қарулы күштері олардың көп бөлігін алыс қашықтықтан артиллериямен және минометпен соққы беру арқылы жойып жіберген.