Бокс: АҚШ құрамасы биылғы әлем чемпионатына бойкот жариялады
ВАШИНГТОН. 21 ақпан. Бокстан АҚШ құрамасы биыл наурыз және мамыр айларында өтетін әйелдер және ерлер арасындағы әлем чемпионаттарына қатыспайтын болды. Бұл туралы golosarmenii.am хабарлады.
Алдын ала айта кетейік, әйелдер біріншілігі Үндістан астанасы – Нью-Делиде 15-31 наурыз аралығында жалау көтеретін болса, ерлер бәсекесі 1-14 мамыр күндері Өзбекстан байтағы – Ташкентте арқан кергелі тұр.
Америкалықтар 9 ақпан күні Халықаралық бокс ассоциациясының (IBA) бұл жаһандық жарыстарға Ресей және Беларусь құрамаларының жіберу жөнінде шешім қабылдауына наразылық ретінде чемпионаттарға бойкот жариялады.
Бойкот жайындағы ақпар АҚШ бокс федерациясының (USA Boxing) сайтында ұйымның атқарушы директоры Майкл Макэтидің атынан жарық көрді. Хабарламада бұл елдер боксшыларының әлем чемпионаттарына қатысулары Халықаралық Олимпиялық комитеттің (ХОК) биылғы 2 ақпан күні қабылданған санкциясын бұзғандық болып табылады. Ал санкция бойынша халықаралық жарыстарда Ресей Федерациясы мен Беларусьтің жалаулары мен гимндерін пайдалануға тыйым салынған.
АҚШ бокс федерациясы бойкот жайындағы хабарламасында бұл ұлттық командалардың әлем чемпионаттарына қатысуларына рұқсат бере алмайтындарының тұтас тізімін жасап ұсынған. Олардың бері ресейлік Умар Кремлёв президенті болып табылатын Халықаралық бокс ассоциациясының атына арналған.
USA Boxing-тегілер 2022 жылы өткен жастар арасындағы әлем чемпионатында IBA-ның реферилер (рингтегі арбитр) мен төрешілерді іріктеу процесіне ешқандай бақылау жасамағанын атап өтті. Онда әрбір құрлықтан жеті реферилер мен төрешілер алынуы тиіс болатын, бірақ қорытындыда Еуропадан көптеген ресми тұлғалар тепе-теңдік сақталмай алынды да, АҚШ-тан бірде-бір маман шақырылған жоқ.
Хабарламада сондай-ақ 2021 жылы IBA президенті Умар Кремлёвтің делегациясы мүшелеріне АҚШ-қа келуге рұқсат берілгенімен, оның өзіне мұндай құрмет көрсетуден бас тартылғаны айтылады.
USA Boxing атқарушы директоры сол сияқты Кремлевтің өз отандасы, ресейлік Абдуматалим Абакаровты IBA-ның вице-президенті етіп алуы ассоциацияның басшылығын сайлаудың таза да әділ өтпегенін айғақтайды деп есептейді.
Федерация хабарламасында сонымен бірге Кремлёвтің 2022 жылы желтоқсан айында Дубайда өткен IBA конгресінде айтқан бір сөзін еске түсіріп өтеді. Біріккен Араб Әмірлігінде Умар Назарович сонда Халықаралық ассоциацияның рұқсатынсыз бірде-бір боксшы, жаттықтырушы немесе ұлттық федерация Олимпиялық ойындарға қатыса алмайтынын баяндаған көрінеді. Осыған орай ХОК-тың мәлімдемесінен мынадай дәйексөз келтіре кетеді: «IBA-ның бокс пен боксшыларда ешқандай шаруасы жоқ екенін, оны тек өзінің күші ғана қызықтыратынын жақында өткен конгрес тағы бір мәрте көрсетті. Боксшыларды олимпиялық іріктеу турнирлері мен Олимпиялық ойындарға жібермеуге бағытталған шешімдері мен талқылауларын басқаша түсінуге болмайды».
Макэти хабарламасының соңында Ресей спортшыларының ХОК тарапынан санкция салынғанына қарамастан, 2023 жылы Мароккода өткен IBA Golden Belt Series турниріне өз туының астында қатысқанын жазады. Әуесқойлар боксы – қазіргі мезетте ресейліктер мен белорустар барлық жоғары деңгейдегі жарыстарға өз жалауларымен және гимндерімен ешбір шектеусіз қатысып жүрген жалғыз олимпиялық спорт түрі.
USA Boxing-тің соңын ала, сол күні – 9 ақпанда Ирландия бокс федерациясы да ресейлік спортшылар қатысатын ерлер және әйелдер чемпионаттарына барудан бас тартты. Ұйымның директорлар кеңесі аталмыш турнирлерге бойкот жариялауға шешім қабылдады. Ал Чехия бокс ассоциациясы да 14 ақпанда осындай шешімге келіп, чемпионаттарға бойкот жариялаушы екі елдің қатарына қосылды. Сарапшылар алдағы уақытта бұл тізімнің күрт ұлғая түсетінін айтып отыр.
Халықаралық Олимпиялық комитет 2019 жылы IBA-ның (бұрын – AIBA) өзіне мүшелігін тоқтатқан болатын. Бірақ Токиода өткен ОО-2020 шеңберіндегі бокс турнирін сақтап қалды. Оны ХОК-тың арнайы комиссиясы өткізді. 2021 жылы тамыз айында IBA президенті Умар Кремлёв ұйымның демеушілердің арқасында барлық қарыздарын жапқанын мәлімдеді. ХОК маусым айында 2024 жылы Парижде өтетін бокс турнирі тағы да IBA-ның қатысынсыз өтетінін мәлімдеді. Бұдан бөлек, бокс 2028 жылғы Олимпиялық ойындардың алдын ала бағдарламасына енгізілмей қалды.