«Странджа-2023»: Күндізгі сессияда екі боксшымыз да жеңіске жетті (видео)
СОФИЯ. 21 ақпан. Бүгін Софияда кешелі бері өтіп жатқан халықаралық «Странджа-2023» турнирінің күндізгі сессиясында екі қазақ боксшысы да жеңіске жетті Бұл туралы rast.kz хабарлады.
Бұдан бұрын сейсенбі, жарыстың екінші күні Қазақстан құрамасыны бес боксшысы шаршы алаңға шығатынын хабарлаған болатынбыз. Солардың екеуі – күндізгі, үшеуі кешкі сессияларға тап келді.
Күндізгі шайқастарды бізден бірінші болып рингке көтерілген 57 килоға дейінгі салмақтағы Оразбек Асылқұлов бастады. Ол ирланд Джуд Галлахермен жұдырық сілтесті. Жекпе-жек қазақ боксшының басымдығымен аяқталды. Төрешілер 4:1 есебімен жеңісті біздің саңлаққа берді.
Айта кетейік, бірінші раунда қазылар басымдықты ирланд жігітке берген еді. Содан кейін барын салған Оразбек ақыры жеңіс тұғырынан көрінді. Төменде сол ұрыстың видеосы жарияланып отыр.
Келесі спортшымыз – 63,5 килоға дейінгі салмақтағы Ертуған Зейнуллинов испан Конде Ойера Ибареччемен қолғап түйістірді. Қорытындыда біздің боксшы жеңіске жетті.
Енді оның 1/8 финалдағы қарсыласы бүгін грузин Лаши Гагнидзені ұтқан өзбек Мужибулло Турсунов болғалы тұр. Шайқас ертең ойналады.