Путиннің шектен шыққан цинизмі бүгінгі жолдауынан анық көрінді
МӘСКЕУ. 21 ақпан. Ресейлік диктатор Владимир Путин Федералды жиналыс алдында оқыған жолдауында өзінің шектен шыққан цинизмінің тағы бір көрінісін көрсетті. Бұл туралы «Диалог.ua» хабарлады.
Диктатордың айтуынша, бұл соғысты Батыс бағындырып алған Украина бастапты-мыс, сосын Кремль өзі басып алған «тарихи жерлеріне» соққы берілуінің алдын алып, күш қолдануға кірісіп кеткен.
Бүгін «Лужникиде» РФ мемлекеттік думасының сенаторлары мен депутаттарына, Федералды жиналыс депутаттарына сөз арнаған ол осылай деді.
Бұдан бір күн бұрын Киевке күтпеген жерден келіп кеткен АҚШ президенті Джо Байден нағыз көрегендік танытқан екен. Ол кеше Кремль қожайынының жолдауынан бір тәулік алдын Ресейдің кең ауқымды соғыс ашуына бір жыл толуы қарсаңында Украинаға теңдессіз көмек беруге уәде етіп кетті.
Сондықтан Путиннің бүгінгі жолдамасының басынан мәні қашып, «быт-шыты» шығып тұрды. Іс жүзінде бәрі қиын еді. Оның сөзінен мұндағы ешкім де нақтылық пен жүйелілік күткен жоқ. Ал Кремльбасы әдеттегідей Ресей армиясының майдан даласындағы орасан зор шығындары мен жеңілістері жайлы бір ауыз сөз айтпады, бұл тақырыпты айналып өтіп, баяғы қиялдағы қайдағы бір «қатерлер» хақына оралып, балдыр-батпақ гөй-гөйіне қайта басты. Соғыс жайына келгенде, «Бәрі жоспарға сай жүріп жатыр» дейтін жаттанды сөзін тағы қосып өтті.
Путиннің бос сөздері бұл жолы тіпті оның ура-патриоттарын да селт еткізбеді – олар көп ұзамай оны тыңдаудан қалды. Келгендердің біразы ашықтан-ашық ұйықтауға кірісті. Қалғып отырғандардың қатарынан әдеттегіше Дмитрий Медведев те табылды.
Осы тұстағы Путиннің айрықша бір цинизмнін, яғни арсыздығын тағы бір айғақтап берген нәрсе оның өз бұйрығымен өлтірілген Украинаның бейбіт тұрғындарын соғыс қылмыскерлері деп атағаны болды. Одан да өтіп кеткен тағы бір ұятсыздығы Путиннің жолдауды оқу барысында Украинада өз армиясы өлтірген, толассыз атқылаулардың салдарынан қаза тапқан қарттарды, әйелдер мен балаларды бір минуттық үнсіздікпен еске алуынан көрінді.
Егер 2022 жылдың 24 ақпанында «әлемнің екінші армиясы» Украинаға басып кіріп, ракеталармен жан-жақтан атқыламағанда, бүгінде олардың бәрі тірі отыратын еді.
Цинизм баяғыдан агрессор елдің символдарының бірі болып тұр.
Ресей диктаторы Федералды жиналысқа арнаған жолдауын оқу барысында қайта-қайта жөтеліп, қозғалақтап, жүйкесі жұқарғанын аңғартып, кезекті мәрте өз кеселінің белгілерін байқатып алды, сонымен қатар күллі әлемді, өзінің көршілерін қорқытып-үркітуге тырысатынын тоқтата қоймады.
«Украина алысқа ататын қаруды көбірек алған сайын, біз өзімізге төнетін қатердің шегін ары қарай жылжытуға мәжбүр боламыз», – деді ол.
Жиында Путиннің жария еткен тағы бір нәрсесі Ресейдің АҚШ-пен 2021 жылы жасасқан ядролық қару жөніндегі соңғы келісімшарттың тоқтататыны болды.
Сірә, мұны да оның тарапынан жасалып отырған кезекті бопса деп бағалау керек шығар.