Жаңалықтар жаңғырығыСпорт

Бүгін – финал! Түнде әлемнің жаңа чемпионы анықталады

ДОХА. 18 желтоқсан. Бүгін Катарда өтіп жатқан футболдан XXXII әлем чемпионаты өзінің мәресіне жетіп, жаһанның ендігі чемпионының есімі белгілі болады. Бұл туралы rast.kz хабарлады.

Финалдық матчта Аргентина мен Франция құрамалары кездеседі.

Кездесу Доха шаһарының іргесінде осы чемпионат үшін арнайы салынған Лусаил кентінде бой көтерген оның өзімен аттас «Лусаил» стадионында өтеді. Ол Астана уақытымен 21:00 сағатта басталады.

Аргентина құрамасы осымен әлемнің соңғы үш чемпионатында екінші рет финалға дейін жетіп отыр. Ол 2014 жылы Бразилияда жалау көтерген мундиальдың ақтық сынында Германия құрамасымен ұщырасып, овер-таймда 0:1 есебімен ұтылып қалған еді.

Франция құрамасы қатарынан екінші рет чемпионаттың финалына шығып отыр. Ол мұның алдында, 2018 жылы Ресейде өткен әлем чемпионатының соңғы ойынында Хорватия құрамасымен алтын медаль үшін таласқан. Мәскеудегі «Лужники» стадионында өткен сол ойында француздар қарсыластарын 4:2 есебімен ұтты.

Енді осы кездесуде жеңіске жеткен құрама әлемнің үш дүркін чемпионы атағына қол жеткізеді. Бұған дейін Аргентина 1978 және 1986 жылдары, Франция 1998 және 2018 жылдары әлемнің ең күшті командасы атағын жеңіп алған болатын.

Француздар мен аргентиналықтар соңғы рет 2022 жылғы Әлем кубогы шеңберінде ұшырасты. Онда Франция 4:3 есебімен ұтып кетті. Құрамалар жалпы алғанда, бір-бірімен 13 рет кездескен. Олардың 7-інде аргентинадықтар, 3-інде француздар жеңген, 3 кездесу тең аяқталған.

Тағы көрсету

Пікір қалдыру

Ұқсас мақалалар

Back to top button