Жаңалықтар жаңғырығыТаным

Қазақстанның халық ақыны Қонысбай Әбіл бақилыққа аттанды

Қазақ әдебиеті мен өнері тағы бір ауыр қазаға душар болды. Қазақстанның халық ақыны, қаламгер-сатирик, белгілі айтыскер, композитор, Қазақстан Жазушылар одағының басқарма мүшесі, «Парасат» орденінің иегері, қоғам қайраткері Қонысбай Әбіл жасы 69-ға қараған шағында өмірден өтті.

Қазақстан Жазушылар одағының төрағасы Ұлықбек Есдәулет бүгін таңертең өзінің Facebook-тағы парақшасына осылай деп хабарлады.

«Бұл дүние не болып кетті?!

Астанадан таң бозымен тағы бір ауыр хабар жетті – арқалы ақын Қонысбай Әбіл дүниеден өтіпті!

Жалған-ай!..

Қазақстанның Халық ақыны, атақты айтыскер, алты Алаштың ардақтысы, сөз сүлейі, сайыпқыран сатирик, қарымды қаламгер, тіл жанашыры, от ауызды, орақ тілді, сегіз қырлы, бір сырлы асыл азамат бұл пәниден бақиға көшіпті!

Көкірегім қарс айырыла отырып, марқұмның отбасына, аяулы ақынын қадірлейтін халқымызға көңіл айтамын.

Бақұл бол, досым! Жаның жаннатта болсын!» – деп жазды Ұлықбек Есдәулет алғашқы жазбасында.

Бұдан кейін ол келесі жазбасында:

«Алты Алашты ән мен жырға бөлеген «Әй-әй ақыннан» айырылдық!

Ауыр қазаға аза тұта отырып, марқұмның отбасына, бүкіл ел-жұртымызға көңіл айтамын!

Аяулы қаламдас досымыздың нұры пейіште шалқысын!» – деген тағы бір жүрекжарды лебізін қалдырды.

Бұлар шынында ҚазМУ-дың журналистика факультетін бірге бітірген жан достар, шығармашылық жағынан әріптестер еді. Сол жылдардағы университет студенттері әнін Қонысбай, сөзін Ұлықбек жазған бірқатар әндердің әуендерін әлі ұмыта қойған жоқ.

Қонысбай Әбіл сонау ежелгі Торғай даласында мектепте оқып жүрген кезінен өзін болашақ үлкен шығармашылық адамы ретінде таныта білді. Оның 60-шы жылдардың ортасынан бастап республикалық «Қазақстан пионері» газетіне «Қоныс Іскендіров» деген атпен жариялап тұрған хабарларын, мақалаларын, шымшымаларын, сықақ өлеңдерін, фельетондарын сол замандардағы мектеп оқушылары жақсы біледі.

Қонысбай Іскендірұлы Әбіл 1954 жылы 21 наурызда Қостанай облысының Жангелдин ауданындағы «Көктал» ауылында туған. Осы ауылда Қонысбайдан б-лек, Қоғабай Сәрсекеев, Қойшығара Салғарин, Төлен Әбдік секілді қазақтың белгілі жазушылары туып-өскен.

Қонысбай Әбіл 1977 жылы С.М. Киров атындағы Қазақ мемлекеттік университетінің журналистика факультетін бітірді. Бұдан кейін 1977-1980 жылдары Торғай облысы Жангелдин аудандық «Жаңа өмір» газетінде бөлім меңгерушісі, жауапты хатшы, 1980-1985 жылдары «Лениншіл жас» (қазіргі «Жас Алаш») газетінің Торғай және Целиноград облыстары бойынша меншікті тілшісі, 1985-1990 жылдары облыстық «Торғай таңы» газеті редакторының орынбасары, 1990 жылы Арқалық қалалық «Арқалық таңы» газетінің редакторы, 1991-1995 жылдары облыстық телерадио компанияның төрағасы болып істеді.

Қонысбай Әбіл 1998 жылы Астана қаласында мемлекеттік тілді дамыту ісінің негізін қалады. Алғашқы қадамын Астана қаласы әкімдігінде тілдерді дамыту секторы меңгерушілігінен (1998 ж.) бастаған ол араға 4-5 ай салып секторды тіл бөліміне айналдыруға қол жеткізді. 2002 жылдың басында елордада тілдерді дамыту басқармасын ашып, ана тілді өркендету бағытында бел шеше еңбек етті. Сол кездегі Астана қаласы әкімінің орынбасары Төлеген Мұхамеджановтың басшылығымен басқарма жанынан «Руханият» мемлекеттік тілді жеделдетіп оқыту орталығы ашылып, онда өзге ұлт өкілдері де арнайы даярлықтан өтті. Қазақтың салт-дәстүрін, мәдениетін, өнерін насихаттау саласында да көптеген жетістіктерге қол жеткізді. Оның ұйымдастыруымен Астана қаласында республикалық деңгейде 10 ақындар айтысы өткізілді. Жас ұрпақты халық ертегілері кейіпкерлері рухында тәрбиелеу мақсатында «Тазша бала» конкурсы қолға алынып, ел ішіндегі көптеген таланттардың танылуына жол ашты. Сол секілді Наурыз мейрамын халықтық мереке ретінде тойлау, Тіл фестивалін қалыптастыру, Абай ескерткіші жанында «Поэзия сағатын» ұйымдастыру, елордада тұратын қаламгерлермен кездесулер өткізу дәстүрге айналды. 2008-2015 жылдар аралығында Парламент Мәжілісінің редакциялау және аударма бөлімінде сектор меңгерушісі болып істеді. 1999 жылы «Қазақстан айтыс ақындары мен жыршылар одағының» төрағасы болып сайланды.

Қонысбай сонымен қатар ұлтымыздың ұмыт бола жаздаған ұлы өнері – ақындар айтысының халқымызға қайта оралуына, оның өркендеп дамуына қомақты үлес қосты. Ол сол кездері қазіргі қазақ айтысының ақтангерлері атанған Көкен Шәкеевпен, Көкбай Омаровпен, Әселхан Қалыбековамен, Әсия Беркеновамен, Қатимолда Бердіғалиевпен, Шынболат Ділдебаевпен, Ерік Асқаровпен, Монғолиядан келген Тоқтамұрат Жомартпен, ресейлік Амангелді Жүсіповпен сайысқа түсті.

Иә, Қонысбай Әбіл сегіз қырлы, бір сырлы, жан-жақты талант иесі еді.

Арамыздан осындай атпал азамат, айтулы тұлға, қарымды қаламгер, даңғайыр дарын кетіп бара жатыр.

Бақұл бол, аяулы әріптес!

Тағы көрсету

Пікір қалдыру

Ұқсас мақалалар

Back to top button