Белгілі фототілші Болат Омарәлиев қайтыс болды
ҚЫЗЫЛОРДА. 30 тамыз. Бүгін есімі республикаға танымал фотожурналист Болат Омарәлиев өмірден өтті. Бұл туралы өз мәнбесіне сүйенген rast.kz хабарлайды.
«Сыр журналистикасы ауыр қазаға душар болды. 76 жасында Қазақстанның Құрметті журналисі, елімізге белгілі фототілші Болат Омарәлиев дүниеден өтті», – деп әлеуметтік желіде қайғылы хабарды жеткізді Қызылорда облыстық «Сыр бойы» газетінің бас редакторы Қуат Шарабидинов.
Болат Шамаұлы Омарәлиев 1948 жылы 15 қарашада Қызылорда облысы Сырдария ауданы «Октябрь» (қазіргі – «Қоғалыкөл») ауылында туған. Белгілі фотошебер. КСРО және Қазақстан Журналистер одағының мүшесі.
Болат Омарәлиев еңбек жолын 1966 жылы Алматы қаласындағы арнайы курсты бітірген соң фотограф болып бастады. Ол 1967 жылы Сырдария аудандық «Сырдария» газетінің редакциясына фототілші болып қабылданды. 1969 жылы облыстық «Сыр бойы» газетіне ауысты. Осы басылымда 45 жыл үзіліссіз фототілші болып еңбек етіп, 2014 жылы зейнетке шықты.
Осы жылдарда республикаға танымал фототілші атанды, көптеген конкурстарда жүлделі орындардан көрінді. Атап айтқанда, 1979 жылы «Социалистік Қазақстан» (қазіргі – «Егемен Қазақстан») газетінің фотоконкурсында бірінші бәйге жеңіп алса, бұдан кейінгі жылдары «Казахстанская правда», «Қазақ әдебиеті» басылымдары байқауларында лауреат атанды, «Ауыл» партиясы өткізген байқауда жұмысы үздік деп бағаланды.
Болат Омарәлиевтің фотолары кезінде Одаққа тарайтын мәтбұғаттар беттерінде де жарық көрді. Мәселен, «Советское фото» журналы 1982 жылы №9 санында оның бір топ еңбегі жариялады. Ал 1984 жылы 3 қыркүйекте «Известия» газеті өзінің арнаулы тілшісі Эдуард Полянскийдің «Түн қысқа, ақша бұлттар ұйықтап жатыр… («Ночь коротка, спят облака…») деген мақаласын қызылордалық фототілшінің суреттерімен безендіріп берді. Бұдан бөлек, еңбектері «Қазақ фотошежірешілері» атты альбомға енді, республикада шыққан 20-ға жуық тарихи кітаптан орын алды. Сол сияқты Алматы, Мәскеу қалаларында – үш рет, Польша мен Украинада бір реттен фотокөрмелері ұйымдастырылды. Бұған қоса, фотосуреттері 2017 жылы Астанада өткен ЕХРО көрмесіне, Ұлттық мұражайға қойылды.
Болат Омарәлиев 1989 жылы Мәскеуде өткен Бүкілодақтық фотосуретшілер съезіне Қазақстан атынан делегат болып қатысты.
Қазақстан фотожурналистикасын дамытуға көп жыл сіңірген еңбегі үшін «Фотоөнер қайраткері» медалімен марапатталды.
Фото ісінің шебері мұнымен қоса, өлең жазумен де шұғылданды. Оның сырлы лирикалары арадік баспасөзде жарияланып тұрды.
Міне, біздің арамыздан осындай сан қырлы тамаша талант иесі келместің кемесіне мініп, мәңгілік мекеніне кетіп бара жатыр. Біз енді Болат Шамаұлына «Қош бол, бақұл бол, Бөке» дегіміз келеді.
Rast.kz интернет басылымының редакциясы осы қайғылы оқиғаға байланысты марқұмның отбасына, әулетіне, туған-туыстары мен жақын-жуықтарына қайғырып көңіл айтады.