Қазір Луганск жерінде кескілескен шайқастар жүріп жатыр
КИЕВ. 21 қараша. Ресей оккупанттары басып алған Луганск облысында екі күннен бері толассыз ұрыс қимылдары жүруде. Бұл туралы УНИАН хабарлады.
Хабарланғандай, Ресей армиясы уақытша басып алған Луганск облысының территориясында жергілікті жұртты еріксіз көшіру жұмыстары жалғасты. Украина қорғаныс күштері өздерінен күші басым жаумен жарқиярлық шайқастың үлгісін көрсетуде.
Бас штаб өзінің бүгінгі таңертеңгі мәліметтерінде облыстың Сиротино елді мекені ауданында Украина Қарулы күштерінің өткен түнде Ресейдің оккупациялық әскерлері колоннасын жойып жібергенін растады. Қазір жаудың шығыны есептеліп жатыр.
«Луганск облысының уақытша басып алынған территориясында жергілікті тұрғындарды күштеп көшіру шаралары жалғасып жатыр. Атап айтқанда, Луганск қаласына Беловодск тұрғындары әкелінуде», – деп атап өтті Бас штабтағылар.
Қазір Шығыс майданда кескілескен ауыр шайқастар жүруде. Қарулы күштердің мәліметінше, Луганск облысын жаудан азат ету жөніндегі әскери операция өте қиынға түседі, өйткені, ресейлік оккупанттар өңір территориясына берік бекініп алған, оларға Херсон жерінен қашқан басқыншылардың бір тобы келіп қосылған. Жаңадан келген қарақшылар украиндардың босап қалған үйлеріне келіп жайғасуда.
18 қарашада ресейлік басқыншылардың Херсон өңірінен келген әскерлерді уақытша басып алынған Новоайдар кентіне орналастырып жатқандары аян болды. Алайда, мобилизациямен келген ресейліктер Херсоннан қашқандардың мұнда әкелінгендеріне наразы көрінеді.
Дегенмен, осындай қиындықтарға қарамастан, украин әскерлері өңірдегі елді мекендерді жау қолынан босатуды жалғастырып келеді. Соңғы мәліметтер бойынша, олар облыста кейінгі күндері осындай 12 қонысты азат еткен.
Луганск облысы әскери әкімдігінің басшысы Сергей Гайдай Украина Қарулы күштерінің қазіргі таңда өте жылдам ілгері жылжып келе жатқанын, бірақ өте сақ қимылдайтынын айтып берді. Майданның кез келген мүйісінде орктер айтарлықтай шығынға ұшырап жатыр, деді ол.