Ресейлік әскери Бучада зорлық орын алғанын мойындады (видео)
МАДРИД. 21 қараша. Ресейлік офицер украинның Буча қаласында оккупанттардың тұрғындарға зорлық-зомбылықтың сан түрін көрсеткенін растады. Бұл туралы The Insider хабарлады.
«Ресейдің Бучада қылмыстар жасады деп айыпталып жатқан 64-ші мотоатқыштар бригадасының әскери қызметкері Никита Чибрин майдан даласынан қашып шығып, бізге соғыста өзі куә болған сұмдықтар жайында айтып берді», – деп жазды басылым.
«Мен мародерлік фактілердің көптеп орын алғанын анық білемін. Мен Липовка мен Анлреевкада әскерилердің қалай машина алып кеткендерін көрдім, оталмай қалған машиналарды қалай сындырғандарын, үйлерді қалай қиратқандарын көрдім. Шамасы, олардың бізде күш бар, танктер бар, БМП бар, қару бар деп есіріп, шатырлары кетіп қалған шығар. «Рэмбо синлромы» ойнап кетті. Үйлерден әшекейлердің бәрін, мобильді қондырғыларды алды», – деді Чибрин.
Ол сондай-ақ Ресей солдаттары тарапынан Андреевкада әйелдерді зордау фактілерінің орын алғанын растады.
«Олардың осының бәрінен шатырлары кетіп қалды. Көпшілігі үйлерде алкоголь ішіп жүрді. Андреевкада анасы мен қызын қатар зорлау оқиғасы орын алды. Мұны төрт жігіт жасады. Бұлардың біреуі қашып кетті, қалған үшеуін қаруластары мен командование орындықпен ұрып-соқты. Жалпы, оларды атып тастамақшы болғанбыз. Бірақ оларға ондай айып таға алмайтын едік, себебі, бұған айғақ болған жоқ, сондықтан жай әскер қатарынан шығарып жіберді», – деді Чибрин бұдан әрі.
Әскери қызметкер майданда Ресей солдаттарының сұмдық нашар жағдайда жүргендерін де айтып берді.
Ол сондай-ақ өзін соғыста алдыңғы шепке жібермеулері үшін жынды болып көрінгісі келгенін сөз етті. Ал адамдарды атудан бас тартып, қашып кеткені үшін өзінен бәрінің теріс айналғанын, соның ішінде өз отбасы мүшелерінің де мұны керек етпей қалғандарын әңгімеледі.
«Мен олардың бәрі үшін Отанын сатқан сатқынмын, болды. Бірақ мен бейбіт украин тұрғындарын ату үшін соғысқа баруым керек пе? Әлде түрмеге түсейін бе? Қалып тұрған үшінші вариант – маған елден кету керек болды», – дейді Чибрин.
Әскери қызметкер халықаралық сотта куә ретінде жасалған қылмыстардың бәрін айтып беруге дайын екенін мәлімдеді. «Менің жасыратын ештеңем жоқ. Бұл – Ресей бастаған қылмыстық соғыс. Мен енді оның тез аяқталуы үшін қолдан келгеннің бәрін жасағым келеді», – деді ол бұдан кейін.
Никита Чибрин 2021 жылдың жазында өзінің еркімен, қаржылық қиындықтар салдарынан әскерге барған екен. Ал Украинаға оның бригадасын алдап апарыпты. Айтуынша, соғыстың алғашқы айын Киевтен 50 шақырым жердегі Липовка селосында өткізген. Осы кезеңде оның қаруластары Буча мен Андреевкада нағыз геноцид ұйымдастырған.
Ол 16 маусымда жүк көлігінің қорабына жасырынып мініп, Украинадан кетіп қалады. Қашқында жүргенінде Gulаgu.nеt құқық қорғаушыларынмен хабарласып, Ресейден кетіп қалады. Ал 15 қарашада Мадридке жетіп, саяси баспана сұрайды. Айтуынша, оның өтініші қаралып жатқанға ұқсайды, әзірге босқындарға арналған уақытша орталыққа орналасыпты.