Украин әскерлері Луганск облысында 6 елді мекенді жаудан босатты
КИЕВ. 6 қазан. Украина Қарулы күштері Луганск облысының алты елді мекенін жау қолынан қайтарып алды. Бұл туралы «Украинская правда» хабарлады.
Луганск облысы әскери әкімгершілігінің басшысы Сергей Гайдай мұның жайын Freedom телеканалына берген сұхбатында әңгімеледі.
Бірақ ол жау қол астынан қайтарылған елді мекендердің аттарын атай қоймады. Мұны бас штабтың ресми хабарламасынан естігенді жөн санады. Сонымен қатар, бұл селолардың аттарын оккупанттар естісе, сол жерлерді алыстай атқылай бастайтынын айтты.
Сол сияқты 4 қазан күні Херсон облысында 4 елді мекеннің ресейлік басқыншылардан азат етілгені белгілі болды. Ал кеше олардың қатарына тағы 3 село қосылды.
Харьков облысы түгелге жуық азат етілді. Бүгін оның соңғы шебі – Кременная кенті үшін ұрыс жүріп жатыр.
АҚШ президенті Джо Байден бұрнағы күні Украина президенті Володимир Зеленскийге телефон арқылы хабарласып, Украинаға тағы 325 млн долларлың қару-жарақтары берілгелі жатқанын жеткізді,
АҚШ Қорғаныс министрлігі бұл жолғы әскери көмектің қатарында 4 HIMARS-тан бөлек, олардың снарядтары, 105 мм калибрлі 16 гаубица мен 75 мың снаряд, 500 жоғары дәлдікті снарядтар мен 1000 оқ-дәрі бар екенін атап көрсетті.
Пентагон Украина Қарулы күштеріне қыс түскенге дейін Херсон облысын оккупанттардан тазалап алуға кеңес берді. Олай болмаған жағдайда, ресейлік басқыншылар басып алған елді мекендерін қыстап шығады. Оған жол бермеу керек. Вашингтон украин әскерлерінің бұл соғыста жеңіп шығулары үшін бар әскери көмегін аямайтынын жеткізді.