Жаңалықтар жаңғырығыСпорт

Катар чемпионаттың ілкі матчында Эквадордан ұтылды

ӘЛ-ХАУР. 20 қараша. Катар құрамасы футболдан әлем чемпионатының ашылуында Эквадордан 0:2 есебімен ұтылды. Бұл туралы rast.kz хабарлады.

Мундиалдың алғашқы матчы Әл-Хаур қаласындағы «Әл-Байт» стадионында ойналды.

Кездесудегі екі гол да бірінші таймда соғылды.

Эквадорлықтар алдымен 3-минутта есеп ашқан еді, бірақ алаңдағы арбитр оны офсайдтан соғылды деген шешіммен есептемей тастады.

Ал бұдан кейінгі бірінші гол пенальтиден салынды. Матчтың 16-минутында өзімен бетпе-бет шыққан Эквадор құрамасының шабуылшысы Эннер Валенсияны катарлық дарбазашы өз айып алаңында екі қолымен аяғынан ұстап құлатты. Осы үшін белгіленген он бір метрлік айып добын форвардтың өзі голға айналдыра білді.

Арада тағы 15 минут өткеннен кейін Валенсия дубль жасауға қол жеткізді. Бұл жолы ол қақпашы алаңына қарай алыстан берілген допқа басын тоса қойып, оны тордан бір-ақ шығарды.

Эквадорлықтар матчтың бірінші таймында өте сенімді ойнады. Катарлықтар олардың қақпасына пәлендей қатерлі қауіп төндіре алған жоқ.

Ойынның екінші таймында алаңдағы қарқын біршама басылып қалғандай болды. Эквадорлықтар допты өз тізгіндерінде ұстап, қарсыластарының қауырт шабуыл жасауларына көп жол бере қоймады. Сөйтіп, олар жеңісті есепті матч соңына дейін сақтап жеткізді.

Енді екінші турдың ойынын Катар 25 қарашада Сенегалмен өткізсе, Эквадор сол күні Нидерландпен алаңға шығады.

21 қараша күні Англия – Иран (19:00), Сенегал – Нидерланд (22:00) құрамалары өзара күш сынасады. Ал сол күні түнде АҚШ – Уэльс (01:00) командалары ұшырасады.

 

 

Тағы көрсету

Пікір қалдыру

Ұқсас мақалалар

Back to top button