«Біз жеңілдік». Путиннің айналасы капитуляцияға дайындалып жатыр
МӘСКЕУ. 18 қараша. Ресей президенті Владимир Путиннің айналасындағылар Украинамен соғыстың жеңіліспен аяқталатынын мойындауға қарай бұрыла бастады. Бұл туралы The Moskow News хабарлады.
Ресей армиясының Украинамен соғыстың соңғы күндеріндегі бірінен кейін бірі орын алып жатқан жеңілістері сериясы Херсонды беріп қоюға апарып жеткізіп, Кремльдегілердің онсыз да езіліп тұрған еңселерін одан бетер түсіріп жіберді.
Мәскеу «элитасы» әлі де болса, әскердің майдан даласындағы жағдайды түзетіп, күрт бетбұрыс жасай алатынына сенуді жалғастырып келе жатқанына қарамастан, Путиннің «жақын шеңберіндегі» шенеуніктер арасында енді капитуляциядан қашып құтылудың мүмкін емес екені жағына шығушылардың қатары біртіндеп артып келеді. Олар Ресейдің газ бен энергетика салаларында жасалып жатқан бопсаларының ақыр соңында батыс елдерінің Киевке көмектесулерін тоқтатады деген үміттерінің де өшіп бара жатқанын сезіне бастады.
«Біздің санамызға да саңылау кірді – бұл соғыста жеңіліп қаламыз», – деді Путинге жақын жүрген мәнбелердің бірі «Медуза» басылымына жасырын берген сұхбатында. Оның айтуынша, бизнесмендер қазір бұдан әрі «қалай тұрып, өмір сүру» керектігі, келесі кезеңде әлемде Ресейдің қандай орын алатыны және қандай жағдайда болатыны жөнінде мықтап ойлана бастаған сияқты. Негізі, Кремль украинның энергия жүйесін ракеталармен толассыз атқылай отырып, миллиондаған тұрғындарды жарықсыз және жылусыз қалдыру арқылы Украинаның өз ішінде жұрттың «жаппай жарылысын» бұрқ еткізіп, президент Володимир Зеленскийдің амалсыз отставкаға кетуіне қол жеткізуді көздеп отырғанға ұқсайды.
Бірақ Ресейдің тіпті жоғары лауазымды шенеуніктерінің өзі қазіргі кезде Украинаға жасалып жатқан арандатушылықтардың өздері үшін оң нәтиже беретініне сенбеуге айналды. Олардың көпшілігі жағдайға биік ақыл-ой деңгейінен қарап, «арнайы операцияның ойранына» оншалықты қосыла кетпейтіндерін байқата бастағанын білдіреді мәнбелер. Осылайша берілген нақты тапсырмаларды ғана орындап қойып, басы артық милитаристік сөздерге бара бермейтін «үнсіздер партиясының» қатары біртіндеп өсіп келеді.
«Медуза» мәнбелерінің айтуларынша, үкімет пен президент аппараты шенеуніктеріне Путиннің астық келісімі барысында қырық құбылуы «ұнжырғаны түсіріп жіберетіндей жаман әсер» қалдырған. Еске сала кетейік, Ресей онда алдымен өзінің бұл келісімнен шығатынын мәлімдеді, бірақ Түркия өз жалауының астында украин азық-түлігінің қорғалатынына ишара білдіргесін, Путин онымен тіресіп тұра алмай, 4 күннен кейін мәмілеге амалсыз қайта оралған еді. Шенеуніктерді «жоғары басшылықтың» осылай бәрін өздерінен жасырып, «толық жабық» қалыпта жасайтыны қатты алаңдатады екен. «Олар бізді ештеңеден хабардар етпейді, бәрін артынан жаңалықтар тасқынынан, онда да украин мен батыс сайттарының мәнбелерінен естіп жатамыз», – деді шенеуніктердің бірі.
Bloomberg-тің Кремльге жақын мәнбелері Ресейдің экономика және бизнес элитасындағы көп жұрттың Ресей бастаған соғыстың нағыз қанды қасап, халықтық трагедия екенін мойындап отырғандарын жеткізді. Тіпті үкіметтің ішінде де көптеген кісілер өздерінің соғысқа қарсы екендерін сездіріп қалып жүр. Олар бұл соғыста өздерінің жеңіліс тауып жатқандарын да біліп отыр.
Бірақ осыншалықты наразы болып отырғандарына қарамастан, шенеуніктер арасында да, бизнесмендер арасында да Путинге қарсы әлдеқандай бір әрекет жасауға бекініп отырған ешкім жоқ.
«Тек бәрі тезірек бітсе екен», – деп армандайды солардың бірі.