Шиелінің өткеніне көз жүгіртсек, ауданның атын тек Сыр бойына ғана емес, республикаға танымал етіп, елдің еңсесін көтеріп, жұртшылықтың мерейін тасытатындай жетістіктер аз болған жоқ. Солардың бірі әрі бірегейі 1947 жылғы «Қызылту» колхозының Қойшыбай Оразымбетов басқаратын бригадасында күрішші Ыбырай Жақаев бес гектар күріштің әр гектарынан 171 центнерден өнім алып, дүниежүзілік рекорд жасағаны еді.
Бұл теңдессіз көрсеткіш тек қазақстандықтарды ғана емес, егіншілікпен, әсіресе күріш егумен айналысатын дүние жүзі елдерінің диқандарын таң қалдырды. Ол кезде өндіріс ошақтары жоқ, ауыл шаруашылығымен ғана айналысатын Сыр өңірінің аты да бірден республикаға танымал болды. Бұл өңір тарихын Сырдария өзенімен тағдырлас қылған Сыр диқандарының қажырлы еңбегінің керемет жемісі еді. Сол кездегі әрбір ұжымшар мүшесінің еңбегі, бүгінгі өлшеммен алғанда, ерлікпен пара-пар болатын.
«Еңбек – әлемнің әміршісі» болса, Ыбырай бастаған Сыр диқандары сол еңбектің қожасындай-тын. Белгілі жазушы Ақселеу Сейдімбектің «Ыбырай Жақаев кетпенмен еңбек туралы симфония жазды» деуі де бекер емес.
Қазақтың зиялы қауымының «Сарыарқада ән патшасы – ұлы Абай, Сыр бойында дән патшасы – Ыбырай» деуі де Ы.Жақаевтың күш-қайратына, асқан диқангершілік шеберлігіне берілген әділ баға еді. Жасымда көнекөз қариялардан Ыбекеңнің күрішпен сөйлесіп тұрғанын байқадым дегенін естіген болатынмын. Бұл ол кісінің бойында бір тылсым дүниенің бар екенін аңғартса керек.
Ыбырай Жақаевтың осы рекордынан кейін Қызылорда облысының аудандарында жұрттың күріш өсіруге деген ықыласы ерекше артты. Үлкен кісілермен қатар жастар, әйелдер де күрішші болуға бел буып, бетбұрыс жасады. Тек 1948 жылдың өзінде-ақ облыс аудандарында күріш егуге ниет білдіргендердің саны 1947 жылмен салыстырғанда екі есеге жуық көбейді. Барлық ауданда ежелден кетпен тимеген жерлер жиде, шеңгел, жыңғылдардан тазартылып, күріш егетін танаптарға айналдырылды, егістіктерге су баратын арықтар қазылды. Мамандар тарапынан жер-жерлерде Ыбырай Жақаевтың күріштен мол өнім алуының қыр-сыры жөнінде оқулар, тәжірбие алмасу семинарлары өткізілді. Осы іс-шаралардың барлығы Сыр бойында күріш егуге деген бұрын-соңды болмаған бетбұрысты кезеңнің бастауына айналды. Сыр елі халқының жан дүниесінде туған жердің төсінде кетпен шауып-ақ, өз бақытыңды табуға болады деген сенім ұялады.
Содан бері 75 жыл өтсе де, сол сенім артпаса, бір мысқал да кеміген емес. Жылдан жылға күріштен мол өнім алушылардың қатары көбейе берді. Шиелі ауданы шаруашылықтарында Ыбырай Жақаевтың ізбасарлары Ұлдар Дәуішованың, Патан Айманованың, Мәлике Басанованың, Байдүйсен Оразовтың, Шырынкүл Қазанбаеваның, Сартай Маханбетованың, Ертіш Дүйсековтің, Заһира Ержанованың, Ұлбала Алтайбаеваның аттары дүйім елге мәлім бола бастады. Еңбек эстафетасын күріш егетін басқа аудан диқандары да алып, егілген күріштің әр гектарының үнемі жоғары өнімділігіне қол жеткізді. Күрішшілердің алдыңғы қатарында сырдариялық Қасым Бөдеевтің, жалағаштықтар Тұрсынбек Елеусіновтің, Айнаш Балғабаева мен Ұлмекен Төлегенованың, тереңөзектіктер Абат Сүлейменов пен Райкүл Жалғасбаеваның, қармақшылықтар Бибігүл Әбішова мен Сәлима Жұмабекованың, қазалылық Ажаркүл Алдамжарованың аттары да облысқа танылды. Сол кісілердің Сырдың суы мен маңдай терін қосып суарған күрішінің өнімі тек мол болып қана қойған жоқ, дәмі де таңдайыңнан кетпейтіндей тәтті көрінді.
Ақын Қанапия Дәрібаевтың:
«Мейлі оны таныстырма, таныстыр,
Нан егесін құрметтейтін халық бұл.
Бір Жақаев жұлдыз болып жүздеген
Қазақстан аспанында жанып тұр»,
деуі де Ыбырай Жақаевтың рекордынан кейінгі Сыр елінде көптеген атақты күрішшілердің шыға бастағанын білдіреді. Сыр диқандарының еңбектері елеусіз қалмады. Қызылорда облысы бойынша 100-ге тарта еңбек адамы Социалистік Еңбек Ері атағын алса, соның 38-і Шиелі ауданынан шықты.
Ұлы Отан соғысынан кейінгі Сыр диқандарының қажырлы еңбегі республика жұртшылығына жан-жақты насихаттала бастады. Белгілі ақын Асқар Тоқмағамбетовтің «Сыр бойында күріш деген дақыл бар, соны жырлап, соны айтыңдар, ақындар» деген қанатты сөзі де көптеген ақын-жазушының осы тақырыпқа қалам тартуына себеп болды. Қазақтың көрнекті жазушысы Сәбит Мұқанов Ыбырай Жақаевтың дала қосында 3-4 ай жатып, диқандардың жанкешті еңбегін көзімен көріп, «Сырдария» романын жазса, 1980 жылы «Известия» газетінің тілшісі Леонид Топарков Шиеліге арнайы келіп, Ыбекеңмен сұхбаттасып, «Ыбырайдың жұлдызы» деген кітап шығарды.
Жазушы Мұхамеджан Қаратаев: «Біз ғылымда Қаныш Сәтбаев, әдебиетте Мұхтар Әуезов, өнерде Күләшіміз бар десек, еңбекте Ыбырайымыз бар дейміз. Ыбекең – бүкіл қазақтың мақтанышы. Ыбекең қара күштің ғана емес, қаһармандық рухтың, рухани күштің академигі дер едім. Ол Отанды қалай сүюді, қалай патриот болуды үйретті», деп жазды.
Ыбырай Жақаев 1971 жылы екінші «Алтын Жұлдызын» алғанда, қазақтың ақиық ақыны Олжас Сүлейменов «Қазақ халқының мақтанышы, сүйікті атамыз, ақ күріштің симфониясы Ыбырай Жақаев – колхоз тарихындағы ұлы есім. Бұл есімді ұрпақтан ұрпаққа таратуға міндеттіміз», деген еді.
Ыбекеңнің ерекшелігі, сол дәуірлерден қанында келе жатқан қасиетті бойына жинай отырып, диқанның ХХ ғасырдағы тұлғасын сомдады. Ол – диқаншылықтың киесі, пірі. Бүгінгіні болашаққа жалғайтын Алаштың еңбектегі айбыны, ұстазы. Жылдар өткен сайын Ыбекең есімі елді, жерді сүюдің дара тұлғасы болып қала бермек.
Қазақ зиялыларының Ыбекең туралы тебіреніспен айтқан жүрекжарды сөздері – бүкіл еңбек адамына берілген баға. Өйткені Ыбырай мен еңбек егіз ұғым. Бүгінде Сыр елінің диқандары күріш егудің агротехникасын жылдан жылға жетілдіре отырып, мол өнім алуды Ыбекең салған сара жолмен жалғастырып келеді. Мол өнім қай кезде де Отан байлығы, ел ырысы.
Ел ырысын еселеген жандардың есімдері әркез құрметке лайық.
Сұлтанбек ОРАЗЫМБЕТОВ,
Шиелі ауданының Құрметті азаматы
Қызылорда облысы
Egemen Qazaqstan
21 қазан, 2022