Жаңалықтар жаңғырығыТаным

Академик Зиманов және егемендік декларациясы

Ұлттық құрылтайдың Ұлытауда өткен жиынында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев: «Мен Республика күніне ұлттық мереке мәртебесін қайтаруды ұсынамын. Сондықтан қазанның жиырма бесі күні жыл сайын Егемендік күнін еліміздің басты мерекесі ретінде атап өтуіміз керек. 1990 жылы 25 қазанда Қазақстанның Егемендігі туралы декларация қабылданды. Республика күні елдің мемлекет құру жолындағы тарихи қадамының символы болуы керек», деп атап көрсетті.
Парламент Республика күнін ұлттық мерекелер тізбесіне енгізіп, оған Президент қол қойды. «Қазақстанның мемлекеттік егемендігі туралы декларация» оңайлықпен қабылданған жоқ. Оның жобасын даярлау жөніндегі комиссия­ны қазақ заңгерлерінің патриархы, академик-депутат Салық Зиманов басқарды. 

Біз бүгін отандық заңнамаға берік іргетас болып қаланған осы тарихи құжаттың қабылдануы жөнінде нақты мұрағаттық негізде жазылған мақаланы оқырман назарына ұсынамыз.

Мұхтар ҚҰЛ-МҰХАММЕД,

заң ғылымдарының докторы, профессор, академик

Қазақ – барша тарихы азаттық үшін арпалыстар мен тартыстардан, күрестер мен соғыстардан тұратын қаһарман халық.

Жер кіндігінде, өркениеттер тоғы­сында орналасқан бабаларымызды тарих пен тағ­дырдың сан алуан сынынан үнемі аман алып шыққан ең асыл міндет ұрпақ жалғас­тығын үзбей ұлт ретінде сақталып қалу болды.

Тоқсаныншы жыл кеңес одағы тарихына «егемендік шеруі» деген атпен енді. Дәл осы жылы 25 мамырда – Грузия, 12 мау­сымда – Ресей, 20 маусымда – Өзбекстан, 23 мау­сымда – Молдова, 16 шілдеде – Украина, 27 шілдеде – Беларусь, 22 тамызда – Түрікменстан, 23 тамызда – Армения, 24 тамызда – Тәжікстан, 25 қазанда – Қазақстан, ең соңында 15 желтоқсанда Қырғызстан өз егемендіктерін жариялады.

Қазақ Кеңестік Социалистік Респуб­ли­­касы мемлекеттік егемендігі туралы де­к­лара­ция­сы он екінші шақырыл­ған Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесінің екінші сессия­сының 1990 жылдың 25 қазанында өткен ертеңгілік отырысының күн тәрті­біне шығарылды.

Күн тәртібінде: Қазақстанның мемлекеттік егемендігі туралы декларация

Жоғарғы Кеңестің екінші сессия­сы 15 қазанда өз жұмысын бастайды. Онда төраға Е.М.Асанбаев декла­ра­­цияның негізгі жобасы туралы егжей-тегжейлі баян­дама жасап, ол 17 қазан­да «Социалистік Қазақстан» мен «Казах­станская правда» газеттерінде жарияланды.

Мәреге жеткен қос жоба 15-16 қазан күні қызу талқылауға түсіп, оған 40-тан астам депутат қатысады. Ұсынылған жобаның екеуі бір-біріне мүлде кереғар еді. «Демократиялық Қазақстан» атты пар­ла­менттік топ даярлаған жобада «ұлт­тық мемлекеттілік», «ұлттардың өзін-өзі билеуі», «мемлекеттік тіл» сияқты ұғымдар мүлдем қамтылмай, «ұлттық мемлекеттілік құқықтық мемлекет ұғымына сәйкес келмейді» деген жалған тезис басшылыққа алынды. Өкінішке қарай, осы топтың ішінде есімі жұртқа белгілі қазақ азаматтары да болды. Олар дайындаған жобаның атауынан да «мемлекеттілік» деген сөз алынып, декларация «Қазақ КСР егемендігі туралы» деген жадағай атаумен ұсынылды.

Талқылау, талас-тартыс барысында ешқандай мәмілеге келе алмаған депутаттар 1990 жылдың 16 қазанында 25 адамнан тұратын комиссия құрып, оның төрағалығына академик-депутат С.Зиманов сайланады. Орынбасарлыққа Жоғарғы Кеңес төрағасының орынбасары З.Федотова мен Экономикалық реформа, бюджет және қаржы комитеті төрағасының орынбасары М.Оспанов ұсынылады. Комиссия құрамына академиктер Ж.Әбділдин, М.Қозыбаев, С.Сар­таев, жазушы Ә.Кекілбаев, Қор­ға­ныс министрі, армия генералы С.Нұр­мағамбетов, КГБ генералы, Шығыс шекара округінің қолбасшысы Е.Неве­ров­ский т.б. – жалпы саны 25 депутат кіреді.

Ұлты, әлеуметтік тегі, қызметі, өңір­лік өкілдігі тұрғысынан әралуан депу­тат­тардан тұратын комиссия он тәулік бойына күніне екі рет отырыс өткізіп, әрбір ұсынысты қызылкеңірдек болғанша талқылайды. Нәтижесінде, көбінесе дауыс екіге жарылып, көптеген бап 2-3 дауыс басымдығымен ғана мақұлданды.

Салық Зиманов басқарған комиссия 10 күн бойы депутаттардан түскен жазбаша ұсыныстарды салыстырмалы кестеге түсіріп, ауызша ескертулерді комиссия отырысында тыңдап, сұрақтардың барлығына заңнамалық тұрғыдан дәлел­ді, тиянақты жауаптар қайтарады. Сон­дықтан күн тәртібіне шығарылған дек­ларация әбден пысықталған, жан-жақ­ты талқылаудан өткен құжат болатын.

Кіріспедегі кідіріс

Сонымен 1990 жылдың 25 қазаны – қасиетті жұма күні «Қазақ КСР-інің Мем­лекеттік егемендігі туралы деклара­ция» депутаттар талқылауына шыға­рылды. Бұл кездегі Жоғарғы Кеңес төр­ағасы көрнекті мем­лекет қайраткері, үлкен ақыл-парасат иесі, ірі экономист-ғалым Е.М.Асанбаев еді.

Сессияны Ерік Мағзұмұлы ашып, әуелгі сөзді басқару жүйесіндегі жаңа құрылымдар жайлы ақпарат беру үшін Президент Н.Ә.Назарбаевқа береді. Одан кейін бірден декларация жобасын талқылауға көшіп, сөз комиссия төрағасы Салық Зиманұлы Зимановқа ұсынылады.

Ол өз сөзін: «Біздің республикамыз­дың Мемлекеттік егемендік туралы дек­ларациясы азаматтық, ұлттық, тұтастай алғанда, қоғам­дық келісімге жетуге бағыт­талған консо­лидациялық құжат болу­ға тиіс», деп бастап, оны талқы­лау­­дың оңай болмағанын, кейбір баптар бойынша ортақ консенсусқа келе алмағандарын, сол себепті сессияның басында таратылып берілген нұсқаға бірқатар өзге­ріс түсірілгенін алға тартты. Егер депу­таттарға таратылған нұсқада 15 бап болса, талқылау барысында ол 18-ге дейін жеткен.

С.Зиманов талқылауға ұсынылған нұсқа 21 қазанда дайын болып, одан кейінгі үш күн ішінде жекелеген депутаттар, ғалымдар және ғылыми-зерттеу институ­ты өкілдерімен қосымша жұмыстар жүр­гізіліп, бірқатар редакциялық, сти­лис­­ти­калық және мазмұндық сипаттағы өзге­рістер түсірілгенін жеткізді.

Баяндамашының тағы бір ерекше атап өткені – декларациядағы республика мен Одақтың өзара қарым-қатынасы және құзырет бөлісу мәселесі. С.Зиманов күні кеше ғана (яғни 24 қазан күні) Одақтық шарт жобасын алғанын, соған сәйкес ондағы кейбір ойлар мен идеяларды пайдаланғанын алға тартты. Одақтық шартта республика Президенті жоғары атқарушы билікпен қатар мемлекет басшысы да екендігі атап көрсетілгендіктен бұл норманың да ұсынылған декларация жобасына енгізілгенін де жария етті.

Баяндамашы жобаның сот қызметіне қатысты 15-бабына арнайы тоқталып: «Соттар заң талабын басшылыққа алуы керек», дейді. Бірақ алдағы уақытта сот қыз­метіне қатысты арнайы заң дайында­лып жатқанын, сол себепті бұл бапты алып тастауға ұсыныс білдірушілердің бар екен­дігін біле тұрса да, оны бүгінгі талқылауға шығарғанын да келтіруді ұмытпады.

Депутат Зиманов декларация преам­б­у­­ласындағы «қазақ ұлтының тағ­дыры үшін жауапкершілікті ұғына отырып» атты ұғымға қарсы шығып, оған «және басқа ұлттардың» деген тіркесті қосуға ұмтылушылардың бар екенін де ашықтан-ашық айтты. Өзінің бұл мәселеге мүлде қарсы екенін, өйткені бұл Біріккен Ұлттар Ұйымы қабылдаған халық­аралық құжаттарға, Адам құқығы жөнін­дегі жалпыға бірдей декларацияға кере­ғар екенін құқық теориясы тұрғы­сы­нан жан-жақты түсіндірді. Одақ­тас рес­­пуб­лика­ларда қабылданған дек­лара­ция­ларға, атап айт­қанда, Грузия, Ар­ме­­ния, Белоруссия, Украи­на, Мол­дова және Тәжікстанға сілтеме жа­сап, о­лар­дың декларациясынан үзінді келті­ріп, барлы­ғында жергілікті халық­тың өзін-өзі бас­қаруына басымдық берілгеніне тоқталды.

Баяндамашы декларацияның екін­ші бабындағы «ұлттық мемлекеттілік» ұғымы бойынша кейбір депутаттар орынсыз, қисынсыз дау-дамай туғызып, тіпті өзі басқарып отырған комиссияның кейбір мү­шелері теледидар арқылы жұрт алдына шығып, Қазақстанға «ұлттық» емес, «феде­ративтік» жүйе керектігі туралы ұсыныс­тарын тықпалап жүргенін де жайып салды.

С.Зиманов баяндамасын аяқтаған соң төраға Е.Асанбаев депутаттарға декларацияның әр бабын жеке-жеке талқылауды, алып-қосарлары болса, рет-ретімен ұсынуға шақырды.

Декларацияның кіріспе бөлігі – преамбуланы талқылау бастала салысы­мен өзі комиссия құрамында болған Өске­мен қорғасын-мырыш комбина­тының жұмысшысы, депутат Б.В.Бар­ченко бірден соңғы нұсқаны мүлде көр­мегенін айтып: «Преамбуладағы дәл осы соңғы абзацты: «қазақ ұлты­ның және Қазақстанда тұратын өзге де ұлт­тық топтардың тағдыры үшін жауап­керші­лікті ұғына отырып» деген нұсқада дауыс­қа қоюды ұсына­мын», деп дау-дамай­ды бастап кетті. Зи­мановтың: «Жол­дас, мұнда сіздің қолы­ңыз тұр ғой», деген уәжіне тоқтамай, бірден ұсы­ны­сын дауысқа қоюды талап етеді. Зиманов тағы да әріптесінің апшысын басып: «Біз сол кезде көпшілік дауыспен сіздің ұсынысыңызды қабылдамай тас­таған едік», деген дәлеліне де бет бақ­тырмай, көпшілікті әуліктіре түсті. Зиманов та принципке басып, Барчен­коның ұсынысы комиссияның отыры­сын­­­да дауысқа түскенде оны 9 мү­ше қол­дап, 5 адам қарсы болып, 3 де­пу­тат қалыс қалғаны туралы нақты нәтижені жария етті.

Қып-қызыл талқы артық-кемі жоқ алты сағаттан астам уақытқа созылып, түске дейін 27, ал түстен кейін 58 де­путат сан алуан сұрақ қойып, мәтінге орынды-орынсыз өзгерістерін енгізумен болды. Академик С.Зиманов алты сағат бойына табанынан тік тұрып, жеке өз басы артық-кемі жоқ 60 рет сөз алып, барлық қарсы пікірге сабырмен, салмақпен тиянақты жауап қайтарды.

Талқылау басталысымен-ақ қарсы топтың «тыңғылықты» дайындықпен келгендігі анық байқалды. Барченконың «әлаулайы» аяқталысымен, Солтүстік Қазақстаннан сайланған журналист-депутат А.Ф.Козлов сөз алып, әріптесі ұсынған түзетудің бірден дауысқа салынуы керектігін айтып, дігірлей түсті.

Төраға Асанбаев ұсынысты дауыс­қа қойған сәтте депутат, «Қостанайасбест» комбинатының экскаваторшысы В.И.Мосолов талқыланып жатқан құжат­тың Конституцияға негіз болатын­дығын алға тартып, оны көпшілік дауыспен емес, депутаттардың үштен екісінің ба­сым­дығымен ғана қабылдау керектігін ай­тып, бүйректен сирақ шығаруға көшті. Және дауысқа салу барысында әуелі ко­мис­­сия даярлаған нұсқа емес, депутат ұсын­ған түзету дауысқа салынуын талап етті.

Төраға депутаттардың өздері бекіт­кен регламент бойынша мұндай құжат қарапайым көпшілік дауыспен қабыл­данатынын байыппен түсіндіргеніне қара­мас­тан, жұмысшы Мосолов профессор Асанбаев пен академик Зимановқа ақыл айтуға көшіп, дау-дамайды одан әрі өршіте түседі.

Төраға оған Конституция сияқты барлық заңның биігінде тұрған – Ата Заңға түсетін өзгерістер мен толық­тырулар депутаттардың үштен екісінің басым дау­сымен қабылданатынын, ал декларация құқықтық тұрғыдан алғанда ниетті білдіретін құжат болғандықтан, оны басым көпшілік болып қабылдау керектігін тәптіштеп түсіндіріп берді.

Төраға Барченконың ұсынысы алдымен дауысқа салынғанымен, ол өтпей қалды.

Дауыс беру нәтижесіне қанағаттан­баған депутат-журналист Козлов тағы да килігіп, «халқының еркін білдіре отырып»,  дегеннен кейін «республикадағы барлық азаматты құрайтын», деген тіркесті қосуды тықпалады.

Бір нәрсені қайта-қайта ежіктей беруден шаршаған төраға бұған жауап беруді Зимановқа сілтеді. Трибунада тұр­ған Зиманов «халық» деген сөздің өте ауқым­ды, тіпті «ұлы ұғым» екендігін, сондық­тан оның мағы­насын артық сөз, тіркес­термен ұсақ­та­май, кесек күйінде қалдыру керек­тігін ба­йып­пен түсіндірді. Бұған қанағат­танбаған Козл­овтың талап етуі бойынша оның ұсы­нысы да дауысқа салынып, кері қайтарылды.

Қарсы топ қапысыз-ақ дайындалған екен. Тіпті осылай болатынын алдын ала сезіп, бірінші ұсыныс өтпеген жағ­дайда, сәл ре­дакциялық өзгеріспен тура сол мағы­­на­­дағы екінші, үшінші ұсыныстарын да күні бұрын әзірлеп келгендері көрініп тұрды.

Барченко, Мосолов, Козловтардың ұсыныстары өтпеген соң, Алматы қаласы Мәскеу аудандық (осындай да аудан болған) партия комитетінің бірінші хатшысы, депутат В.И.Котельников сөз алып, преамбуладағы даулы тіркесті «Қазақ­стан халқы республикадағы бар­лық ұлттың азаматтарынан тұрады» деген сөйлеммен өзгертуді ұсынды. Тіпті мұны әрбір екінші депутаттың қолдап отыр­ғанына сенімді екенін айтып, нығарлай түсті.

Қатарынан төрт бірдей орыс тілді депутаттың бір мәселе бойынша осыншама пікірталас туғызып, қадалған жерінен қан ала ұсыныс жасағаны өзге де депутаттарды ойлантып тастады.

Осы тұста мемлекеттік қауіпсіздік органдарында ұзақ қызмет істеген генерал-майор, депутат Е.Ә.Мұстафетов орнықты ұсыныс жасайды. Ол преамбулаға: «Жалпыға бірдей адам құқықтары декларациясын және ұлттардың өзін-өзі еркін билеу құқығын басшылыққа ала отырып», деген тезисті енгізуді ұсынды. Бұл дауысқа қойылғанда көпшіліктің көңілінен шығып, қолдау тапты. Кейін редакциялау барысында С.Зиманов бастаған комиссия «басшылыққа ала отырып» деген кеңселік терминді «тани отырып» деген құқықтық сипаттағы ұғыммен өзгертеді. Бұл заң тұрғысынан өте дұрыс еді, өйткені кез келген мемлекет қаншалықты халықаралық құ­жат­тарды таныса да, ең алдымен өз Конс­титуциясын басшылыққа алады.

Преамбуланы талқылау барысында есім­дері Одақтық деңгейде таныл­ған ірі ғалымдар, академик Зиманов пен Асан­баевтар заңнамаға, тіпті халық­аралық беделді құжаттарға нақты сіл­темелер жа­сап, анықтамалар келтірсе де, арнайы дайындықпен келген қарсы топ, тағы да тың күшпен шабуылға шығады. Бұл жолы дау-жанжалға жезқазғандық мұғалім-депутат Л.А.Филаретова араласады. Ол: «Біздің республикамыз көпұлтты. Біз мұны ешқашан естен шығармауымыз керек. Мен преамбулада Қазақстан халқы, яғни сондағы барлық халық ұғымына анықтама беру керек деп санаймын», дей келе, декларацияны дәл осындай күйде қабылдауға үзілді-кесілді қарсы шығады.

Жоғарғы Кеңестің декларацияны тал­қылауға арналған сарғайған стеногра­фия­сын мұқият қарап отырып, бір нәрсеге таң­ғалдым: әлі тәуелсіздігін жариялап үл­гермеген, төл Конституциясын қабыл­да­маған, тек бабалары ғасырлар бойы аң­саған егемендікке енді ғана ұмтыл­ған қазақ­тардың ізгі тілектеріне басым көп­шілігі осы елде туған, топырағын басқан, дәм-тұзын татқан, тіпті күнде­лікті дос-жар ретінде араласқан «ө­зге» халық өкілдері өршелене қар­сы болды. Біз тамыр, ағайын, дос ретін­де қан­шалықты бауырымызға тарт­­сақ та, олар өздерін декларацияда көр­­се­тіл­­ген­дей, «Қазақстан халқы» деп еш­қа­­шан есеп­темеген екен. Бұл сол баяғы им­­пе­рия­­шыл өктемдіктен туған, өзді-өзін әр­да­­йым жергілікті халықтан жоға­ры ұстай­­­тын кесапат кесірлік, дандай­сыған мен­мен­діктің көрінісі еді. Өкі­нішке қарай, мұн­дай астамшыл аужар­лықтың әлі күнге дейін жал­ғасып келе жатқандығы жасырын емес.

Бұдан кейін төраға талқылау барысын­да түскен барлық өзгерісті енгізе отырып, преамбуланы тұтастай дауыс­қа салады. Көп­шілік дауыспен бұл ұсы­ныс қабылданып, депутаттар 1-бапты талқы­лауға көшеді.

Алғашқы баптардағы алқыныстар

Декларацияның 1-бабы кеңес зама­нындағы Одақ және республика Консти­туция­ларында талай мәрте көрініс тап­қан көп талас тудырмайтын нормадан тұратын. Талқылау басталысымен залдағы депутаттардың бірі дауыс көтеріп (стенограммада оның аты-жөні көрсетілмейді), ондағы «Қазақ КСР-і Одақтан еркін шығу құқығын өзінде сақтап қалады» деген норманы алып тастауды өтінеді.

Әлемдік тарихнамада «тоқырау» деп ат қойылған, бірақ сол заманда «кемелденген социализм» деп көтеріңкі айдар тағыл­ған кезеңнің шырқау шыңы саналатын 1977 жылы кеңес одағы «бүкілхалықтық талқылау» нәтижесінде брежневтік Конс­титуцияны қабылданған болатын. Обалы нешік, әлемдік қауымдастыққа көз қылу мақсатында оның 72-бабында: «Әрбір республикада КСРО-дан еркін шығу құқы сақталып қалады», деп жазылды.

Қазақ КСР-інің сол 1977 жылы қабыл­даған Конституциясының 69-бабын­да дәл осы баптағы норма ешбір өзге­ріс­сіз: «Қазақ КСР-і КСРО-дан еркін шығу құқын өзінде сақтап қалады», деп қалыптанды.

Бір қызығы, егемендік туралы декларацияны қабылдауға жиналған 360 депутаттың барлығы түп-түгелімен КСРО және Қазақ КСР Конститу­ция­ларын қабылдауға айрықша белсенді­лікпен атсалысқан, олардың «бүкілха­лықтық талқылауын» ұйымдас­тыру­шы­лар қатарынан болатын. Сондықтан Одақ және республика Конституциясындағы халықаралық құқық нормаларына сай келетін бұл норманы бәрі де жатқа білетін. Оның үстіне енді санаулы күндерден кейін КСРО-ның келмеске кететінін, Тәуел­сіз Мемлекеттер Достастығы құры­ла­тынын қолдарындағы Одақтық шарт жобасы арқылы жақсы біліп отыр. Бұған қосымша, кешегі Одаққа енген республикалардың алды одан шығып үлгерсе, қалғандарының бәрі қабылдаған декларацияларында (оның ішінде Ресей Федерациясы да бар) әр республиканың қалаған уақытында Одақтан шығатын құқығын айна-қатесіз көрсетіп қойған. Бірақ залдағы өзеуреген өркөкірек топ соның өзін артық көріп, оны декларациядан біржолата алып тастауды талап етуге көшті.

Мәскеу университеттерінде сабақ берген профессор Е.Асанбаев: «Жолдас­тар, одақтас республикалардың Одақтан еркін шығу құқығы жөніндегі формулировканы В.И.Ленин жасаған және ол барлық Конституцияда ешбір өзгеріс­сіз сақталып келеді», деп әркім­нің жетесіне жететіндей етіп түсін­дірме бере отырып, айтыс-тартысты өршітпей, мәселені бірден дауысқа қояды. Әрине, күн көсем Лениннің өзі түзген «формулировканы» қып-қызыл коммунист депутаттар қызу қуаттап, залдан шыққан ұсыныс өтпей қалады.

Депутаттар декларацияның екінші бабын талқылауға кіріседі. Төраға екін­ші бапты тұтастай оқып шығып, көпшіліктің пікірін сұрайды. Бағанадан бері қағаз ақтарып, мағлұмат жинап, тыңайып алған жұмысшы табының өкілі Барченко тағы да қапталдан соғады.

Ол екінші абзацтағы «Қазақ КСР-і ұлттық мемлекеттігін сақтау, қор­ғау және нығайту жөніндегі шаралар қолданады» деген соқырға таяқ ұстат­қандай ап-анық тұрған нормаға соқ­тығып, «ұлттық» дегенді «өзінің» деген сөзбен өзгертуді ұсынады. Барченко қайт­кен күнде «қазақ», «ұлттық» деген сөздерінің түп-тамырына балта шауып, декларациядан алып тастауға тыраштана кірісті. Төраға Асанбаев бұл жолы мүлде қисынсыз ұсынысты бірден дауысқа қойып, ол тағы да көпшілік да­уыспен кері қайтарылады.

Осы кезде пікірталасқа Целиноград облысы Макин қаласындағы В.И.Ленин атындағы поршень сақиналары зауы­ты­ның қызыл директоры, депутат Ю.М.Сухов ара­ласып, екі мемлекеттік тіл енгізу мәсе­ле­­сін қоздатады. Ол мұны: «Екі мем­лекет­тік тіл жасау керек. Дәл осы­дан қазақ хал­қы­ның беделі төмендеп кет­пейтін шығар», деп өз «ақыл-ойының» жеткен биігінде түсіндіруге тырысады. Сөзінің соңында: «Ертең орыстар не істейтін болады? Олар қазақ тілін білмейді ғой, қалай өмір сүреді?» деп қара аспанды төндіре түседі.

Төраға депутаттың сөзіне орнықты жауап қайтарса да, Сухов ашықтан-ашық қар­сылық көрсетіп, «пікірдің екіге жарылғанын ескеріп декларацияны ре­ферен­думға шығару керек. Халықтан сұрайық», деп қоқан-лоқыға көшті.

Қызыл директор бұл ұсынысты жайдан-жай айта салған жоқ. Сухов сияқты­лардың адамгершілік, ар-ұят, ынсап-таупиқ нормаларын аяққа басатын аран­дату­шылық пиғылдағы ұсынысы өтпейті­ні белгілі болатын. Бірақ сол кезде республика халқының 40 пайызы ғана қазақ ұлтының өкілі екендігін ескерсек, мұндай жанып тұрған оттай шетін мәселені референдумға шығарар болса, ұсыныс қолдау таппаған күнде халық екіге жарылар еді. Оның үстіне республикада тұратын украин, беларусь, неміс, тіпті татар ағайындар түгелге дерлік орыс тілінде сөйлейтін. Сондықтан респуб­лика халқының тіл мәселесі бойынша екіге жарылуының салдары да тым ауыр болуы әбден мүмкін еді.

Әдетте өте сабырлы Ерік Мағзұмұлы депу­таттар ортасына шоқ тастаған Сухов­тың мына сөзіне шыдай алмай: «Келдік деген осы. Депутаттың сөзін дауысқа қоя­мын», деп мәселені төтесі­нен қайыруға мәжбүр болды.

Бұдан кейін Шығыс Қазақстан облысы Лениногорск қалалық атқару коми­те­ті­­нің төрағасы, депутат Ю.М.Сытов сөз алып, декларация жобасын талқылау барысында «Единство» атты ұлтаралық қозғалыс тарапынан Зиманов басқарған келісім комиссия­сына республиканың әр түпкірінен келген ұсыныстарды жинақ­тап өткізгенін, ал оны төраға жұмыс барысында ескермегенін сынға алды. Өкінішке қарай, оның бұл пікірін депутат М.Т.Оспанов та қолдай сөйледі.

Бұл жолы әңгімеге төрағаның орынбасары З.Л.Федотова араласып, комиссия төрағасы С.Зиманов декларация талқылауға шығарылған бүгінгі күннің таңертеңіне дейін барлық ұсынысты алдын ала талқылағанын және олардың бәрін бірдей Декларацияда қамту мүмкін емес екендігін тиянақты тұжырымдармен атап көрсетеді.

Осы тұста әскери депутат Г.Б.Ва­сильев сөз алып, алғашқы бапқа: «Одақ­тық шарттың шеңберінде», деген тіркесті қосуды ұсынады. Бұл кезде М.Горбачев ұсынған «Одақтық шарт» деген құжатты қабылдаудың өзі қыл үстін­де тұрған. Төраға Е.Асанбаев әлі қабыл­данбаған құжат туралы Декларацияда сөз етудің мүл­де қисын­сыз екенін алға тартып, бұл ұсы­ныс­тың да бетін қай­тарады. Төрағаның жеріне жеткізе айт­қан уәжіне тоқтаған Васильев ұсынысын қайтып алады.

Осы арада айтпаса сөздің атасы өлетін болғандықтан, бірден көзге ұра­тын мына бір жайтқа назар аудармай тұра алмайсың. Ол – күні кеше ғана «халықтар достығы», «интерна­цио­нал­дық парыз», «ұлтаралық тең құқы­лық», «мызғымас достық» деген тіркес­терді күн сайын дерлік өтетін партиялық жиындарда жиі айтатын орыс тілді коммунист депутаттардың кіші Отаны саналып келген Қазақстанның егемендігі сынға түскен сәтте бірден сырт айналып шыға келуі. Бір өкініштісі, олардың басым көпшілігі жоғары білімді, өмірдің, партиялық қызметтің талай өткелектерінен өткен, ірі өндіріс орындарының директорлары, тәжірибелі партия және кеңес қызметкерлері еді.

Пікірталастың қызуы бәсеңдей бас­тағанда Қарағанды облысы «Тентек» шахтасының директоры, депутат В.Г.Кириллин отқа май құйып, декларация­дан: «қазақ халқының және Қазақстанда тұратын басқа да ұлт­тар­дың» деген тіркесті алып тастауды ұсы­нады. Төраға Асанбаев оның сөзін жорта түсінбегенсіп: «Сіз сонда «басқа да ұлттардың» деген тіркесті алып тастау керек деп тұрсыз ба?» немесе «Қазақстан халқы» деген сөзбен ауыстыру керек пе?», деп сұрақ қояды.

Әрине, Кириллин сияқтылардың ниеті қайткен күнде декларациядан «қазақ» деген атауды алып тастау еді. Олар­ға тағдыр жазуымен ортасына кел­ген әрбір халыққа айқара құшақ аш­қан қазақтарға деген осыншама теріс пи­ғыл мен қаскөйліктің қайдан келген­дігі­не таң-тамаша қаласың. Демек мұн­дай­лар­дың интернационалдық ұран­дары­ның тасасында үнемі жылым құрт­тай жымыс­қылық жатқан. Кириллиннің кесірлі ұсынысы көпшілік дауыспен кері қайтты.

Залда қызыл директорлар Кириллин мен Суховтың жақтастары аз емес еді. Со­лардың бірі Қостанай облысы Лисаковск қаласындағы Краснооктябрь боксит кенішінің директоры, депутат М.В.Баженов болатын. Ол бұған дейін той­та­рылған Суховтың тіл туралы ұсы­ны­сын қайта қоздатып, декларациядан «тіл» деген сөзді мүлде алып тастауды ұсынады.

Бұл жолы төраға Асанбаев Конс­титуцияға жүгініп, ондағы тілге қатысты бапты түгелімен оқып шықты. Сонда да тоқтамай өңмеңдеген депутатты сабасына түсіру үшін оның кісәпір ұсынысын да дауысқа қойып, көпшілік дауыспен кері қайтарады.

Декларацияны талқылау екі сағатқа жуықтаса да, депутаттар екі баптан аса алмады. Қызыл пролетарийлер арасында күнде сөз алып, ара-тұра бас көтерген қазақ жұмысшыларын әп-сәтте тезге салып үйренген директорлар оңайлықпен беріспеуге алдын ала келісіп алған сыңайлы. Енді қарағандылық директор-депутат А.Д.Христенко жарыссөзге қосылып: «Мен қазақ халқының орыс ұлы ретінде сөз сөйлеп тұрмын», деп мүләйімси бастап, қыза келе: «Бізге ұлтаралық араздық шақыратын мұндай декларациялардың қажеті жоқ. Олар керек емес», – деп кеуделете аяқтады. Төр­аға­ның: «Сіздің ұсынысыңыз қан­дай?», – деген сұрағынан соң дек­лара­цияның тіл тура­лы баптарының бәріне орыс тілінің ресми тіл екендігін қосу керектігін кіжіне жеткізді.

Төраға оның да аптығын басты. Орайы келгенде айта кету керек, дәл мұн­­­дай декларацияның қажеті жоқ деген А.Ф.Христенко бір жылдан соң, яғни 1991 жылы Қарағанды ауыл шаруа­шы­лығы ғылыми-зерттеу сов­хоз-инсти­туты директорлығына тағайын­далып, 1994 жылы, оған өмірінің соңына дейін ака­демик С.Зимановқа бұйырмаған Қазақ­станның «Халық қаһарманы» атағы беріліп, кеудесіне «Отан» ордені қоса тағылды. Қайтеміз, мұндай да болған…

Осы уақытта орыс тілді депутаттар арасынан шықса да, егемендікке ұм­тылған қазақ халқының мақсат-мүд­десін әрдайым қолдап жүретін семей­лік депутат Александр Княгинин сөз алып, талқылаудың тым ұзаққа созылып бара жатқанына назар аударды. Ол академик Зимановтың тыңғылық­ты түсіндірмелерінің мән-мағынасына кейбір әріптестерінің бойлай алмай, ұсақ-түйек толықтыруларын тықпалай беруін тоқтатуын ұсынды. Ертең декларация мәтіні жариялана қалған жағдайда осындай келеңсіздіктер болмауы үшін оған түсін­дірмені қоса жариялау керектігін ұсын­ды. Біле білген адамға оның бұл сөзін­де Абай атамыз айтқан «бас-басы­на би болған өңкей қиқымдарға: «өзде­рің білмесеңдер, білуге өрелерің жетпесе, ең болмағанда білімдінің сөзін тыңда­май­сыңдар ма?» деген ишара бар еді.

Бұл ұсынысты төраға бірден құп­тайды. Зимановтың да бірден көңі­ліне жаққан болу керек, декларация қабыл­данғаннан кейін оның тарихи мәні мен мазмұны жөнінде толымды мақала жазып, ол ер­теңінде республикалық баспасөз бет­терінде жарияланады.

Депутаттар декларацияның алғашқы екі бабын екі сағаттан астам уақыт ішін­де әрең дегенде еңсеріп, 3-бапқа көшеді.

Бұл жолы тағы да А.Княгинин сөз алып, баптың алғашқы сөйле­мін­дегі: «Қазақ ССР-інің территория­сы» тірке­сінің алдына «қазіргі шекара­сындағы» деген сөздерді қосуды ұсынады.

Бұл өте маңызды және қажет ұсыныс еді. Шекара-шебі жиі өзгеріп, әуелі Орынбор, кейін оңтүстіктегі үш ауданы көршілерге кеткен Қазақстанның жеріне сұғын қадаушылар ол кезде де, қазір де аз емес екендігі бесенеден белгілі. Сондықтан қазақ журналистері «орыс халқының қазақ ұлы» атап кеткен Александр Княгининнің бұл ұсынысын депутаттар бірден қолдап шықты.

Осы тұста тәуелсіздіктің елең-алаң шағында бар қазақтың жүрегіне жол тапқан Александр Александрұлы Княгинин жайлы аз-кем мағлұмат бере кетсек, артық бола қоймас.

Ол қан шеңгелдеген 37-жылы дүние­ге келіпті. Әкесі соғыста ерлікпен қаза тауып, анасы жетім қалған шиеттей 6 ба­ла­сын жалғыз өзі тәрбиелеп, сол уақыт­та ер-азаматтар ғана атқаратын совхоз директоры қызметін де абыроймен атқарыпты.

Александр әуелі Қостанайдың ауыл ша­руашылығы техникумын, кейін жер­гілікті институттың механика факуль­тетін тәмамдап, бүкіл өмірін аграрлы салаға арнапты. Торғай өңірінде ша­руа­шылық басқара жүріп, қазақ тіліне судай болып шығады. Еңбекті ұйым­дас­тырудың оңтайлы тәсілдерін енгізеді. Кейін сол «жаңалықтары» басына пәле болып жабысып, түрмеге де отырып шыққан екен.

Адалдығы дәлелденіп, абақтыдан босаған соң қайтадан қызу еңбекке араласады. Семейдегі «Овцекомплекс» атты ірі өндірістік бірлестік басқарған кезде Абай елі оны Қазақ КСР Жоғарғы Кеңе­­сіне депутат етіп сайлайды. Еге­мен­діктің елең-алаң шағындағы депу­тат­тар шоғырында адалдығы, әділ­дігі, бауыр­малдығымен көзге түсіп, әріптес­тері мен барша қазақтың құрметіне бөленді.

Декларацияның 4-бабы да біраз талқыға түссе де, ол комиссия ұсынған нұсқамен қабылданады.

Бесінші бапқа келгенде тағы да дау-шар шықты. Оны теміртаулық милиционер-депутат П.М.Федосенко бастап, осы баптағы «Қазақ КСР-і республика ішіндегі, респуб­лика мен басқа республикалар арасындағы көшу-қону үде­рістерін реттеп отырады» деген сөй­лемді тұтасымен алып тастауды ұсын­ды. Ол тіпті бұл норманың дискри­мина­циялық сипаты барын және Адам құқықтары жөніндегі декларацияға қайшы келетінін көрсетіп, зіл тастай сөйледі.

Тұтас бір қаланың милиция басқар­масын басқарып отырған қызыл жағалы депутаттың надандығына күйіп кеткен академик С.Зиманов: «Көші-қон үдерісін әлемнің барлық елінде мемлекет реттейді. Бұл – мемлекеттің міндеті, ешқандай халық­аралық нормаға қайшы келмейді, керісінше оның мазмұнын аша түседі»,  деп соқырға таяқ ұстатқандай түсіндіруге мәжбүр болды.

Тіпті мұнымен де тоқтамай, АҚШ тари­хында 50 мыңнан астам заң қабыл­данғанын, соның 100-ге жуығы дәл осы миграциялық үдерістерге арнал­ғанын да мысалға келтіруді ұмытпады.

Дауыс беру барысында даурыққан депутаттың ұсынысы қолдау таппады.

Декларацияны талқылау барысында жиі-жиі сөз алып, «тисе – терекке, тимесе – бұтаққа» деп, келсін-келмесін сөйлей берген айтақшыл депутаттар қатарында Козлов болды. Ол 5-бапты талқылау барысында төрағаның мәжілісті жүргізу тәртібіне наразылық білдіріп, әр бап бойынша сөз сөйлегісі келген депутаттардың бәріне сөз беруді талап етті.

Төраға Асанбаев дәл осы 5-бап бойынша 20 адамның есімі таблода тұрғ­анын, оның бәріне сөз берілсе, талқылаудың бүгін бітпейтінін жеткізді.

Бесінші бапты талқылау барысында депутаттар Е.А.Мұстафетов, А.Г.Перегрин, В.А.Туляев, С.Б.Шәкенов­тардың ұсы­ныстары қолдау таппай, Зиманов комиссиясы мақұлдаған нұсқа сол күйінде қабылданып, депутаттар үзіліске шығады.

Тартысқа толы талқылау

Сағат төртте Жоғарғы Кеңес декларацияны талқылауды жалғастырғанда академик, дәрігер-депутат Мұхтар Әлиев сөз алып, баяндамашы Салық Зимановтың түске дейін екі жарым сағат бойына депутаттарға тікесінен тік тұрып жауап бергенін айтып, сондықтан майдангер-депутатқа ендігі жерде орнында отырып жалғастыруға мұрсат беру керектігін ұсынды.

Төраға қолдаса да, бұған дейінгі сұрақтарға депутаттардың алдында қасқая қарсы тұрып жауап берген, бұл кезде жасы 70-ке тура бір жыл қалған ер Махамбеттің ұрпағы тұрған орнынан тапжылған жоқ.

Кейінгі әңгімелердің бірінде мен ұс­тазымды осы мәселе бойынша сырға тартқан едім. Сонда Салық аға: «Трибунада тұрған адам майдан даласындағы әрбір оқиғаны қалт жібермей бақылап тұрған командир сияқты. Залдағы 360 депутатты түгел меңгеру үшін олардың пікірін ғана есту жеткіліксіз. Қай сөзді қандай жағдайда, қандай қимыл-қозғалыспен, қандай екпінмен айтқанын білу үшін оның қарсы алдында тұрғаның дұрыс. Трибунадағы адамның мысы басымдау болады. Сол үшін талқылау қаншаға созылса да, тік тұрып жауап беруге бекем болып келдім», деп ағынан жарылған болатын.

Алтыншы бапты талқылау барысында депутат А.Княгинин халықаралық қатынастарда Қазақ ССР-і қазақ халқы­ның атынан шығуы керектігі жөнін­де ұсыныс енгізіп, Біріккен Ұлттар Ұйымын мысал ретінде келтіреді. Өзі де талай қуғын-сүргінді көріп, абақтының да азабын тартқан А.Княгининнің бұл ұсынысы «мың өліп, мың тірілген» қазақ халқына деген құрметтің бір көрінісі еді.

Бұл ұсынысқа іштей бүйрегі бұрса да қашанда қара қылды қақ жаратын Салық Зиманұлы Біріккен Ұлттар Ұйымы ұлттық принцип емес, мемлекеттілік бойынша түзілетін ұйым екендігін байыппен түсіндіріп, баптағы норманы сол күйінде қалдыруды қолдауға шақырды.

Алтыншы бапты талқылау барысында білгішсіне бастаған мұғалім-депутат Филаретова декларацияның 6-7 баптарын біріктіру жөнінде ұсыныс енгізеді. Бұл мүлде қисынға келмейтін еді. Алтыншы бапта мемлекеттің егемендігі, халықаралық қатынастағы құқық субъектілігі, әкім­шілік-территориялық құрылымы мен жергілікті басқару органдарының құзыреті айқындалса, 7-бапта мемлекеттегі ресми биліктің үш тармағы – заң шығарушылық, атқарушы және сот биліктерінің функциялары мен құзыреттері тарқатыла көрсетілді. Үш қайтара сөз алып, орынсыз ұсынысты қайта-қайта тықпалай берген мұғалім-депутатқа С.Зиманов: «Мем­лекеттік еге­мендік – бұл, ең алдымен, биліктің үстем­дігі. Осының шеңберінде билік үстемдігі дәл осы мемлекеттің егемен­дігі туралы декларациядан көрініс тауып отыр. Билік­тің тармақталуы – бұл біздің ішкі мәселе­міз», деп тәптіштеп түсіндіруге мәжбүр болады.

Әйтсе де депутат Филаретованың талабы бойынша ұсыныс дауысқа қойылып, қолдау таппай қалды.

Әлі егемендігін жариялап үлгермеген респуб­ликаның халықаралық қатынас­тардағы құқығы дәл осы 6-бапта қозғалды. Сондықтан бұл мәселеге келгенде орыс тілді жоғары білімді депутаттар ғана емес, жұмыскер депутаттар қосанжарланып, әліне қарамай Зимановтай академик, Асанбаевтай профессорлармен пікір жарыстыра бастады. Солардың бірі павлодарлық тепловоз машинисі, депутат А.С.Казаков баз баяғы әлі қабылданып-қабылданбауы белгісіз Одақтық шарт мәселесін көтеріп, 6-бапта мемлекеттік биліктің қай түрі Одақтық билікке берілетінін атап көрсету керектігін айтты. Баптың екінші абзацындағы «Қазақ КСР-і барлық мәселелерді дербес шешеді» деген тіркестен «барлық» деген сөзді алып тастауды үзілді-кесілді талап етті.

«Халқым надан болған соң, қайда барып оңайын» деп күйзелген данышпан Абайдай өнбейтін даудан қажыған өткір Зимановтың бұл жолғы: «Сіз не айтамын десеңіз де еркіңіз өзіңізде, бірақ біз билік үстемдігіне иеміз», деген қиғыр қылыштай жауабы ендігі жерде не қылсаң да, не десең де, барлық билік республиканың өз қолында деген сыңайда шықты.

Казаков та ұсынысын дауысқа салуды талап етіп, тауаны қайтты.

Қазақтың ең ақылман азаматтары түзген, небәрі 17-баптан ғана тұратын, бас-аяғы жып-жинақы, жұп-жұмыр дек­ларацияны ту-талапайға салу одан әрі жалғаса түсті.

Енді қызыл директорлар шабуылын «Казахтрансстрой» тресінің басшысы, депутат Н.И.Новиков жалғастырды. Ол басқаратын трест Алматы қаласында орналасса да, даңғарадай мекеменің филиалдары Қазақстанның көптеген облыс­ында жұмыс істейтін. Қызме­ті­нің осы ерекшелігін асыра пайдаланған ол өз қарамағындағы мекеме жұмыс­шыларының дауысын сайлау кезін­де айлакерлікпен қажетіне жаратты. Алматыдан депутаттыққа өту қиын бол­ғандықтан Новиков мырза Жамбыл облысының Шу ауданынан депутаттыққа сайланған еді. Ол да Қазақстан мен Одақтың билік бөлісу мәселесін қозғап, өз сұрағын Зимановқа бағыттады.

Үш сағаттан астам табанынан тік тұрған Зиманов бұл жолы да өзіне тән өткірлікпен: «Қалай болғанда да Одақ пен одақтас республикалардың құзыреттері Одақтық шарт негізінде жүзеге асырылады. Бұл айдан анық. Оны жасағанға дейін әр респуб­лика егер егемен болса, билік үстемдігін толықтай сақтап қалады», деп қысқа да нұсқа жауап қайырды. Амалы қалмаған Новиков ұсынысын дауысқа салудан бас тартты.

Осымен 6-бапқа арналған тәжіке де тұйықталып, депутаттар жетінші бапты талқылауға көшті.

Алғашқы сөзді көкшетаулық тергеуші-депутат В.И.Воронов алып: «Салық Зиман­ұлы, менің төмендегідей сұрағым бар. Неге жоғары атқарушы, жоғары сот билігі бар да, заң шығаруға келгенде – жай ғана заң шығарушы билік? », деген сұрақ қойды.

Егер бұл сұрақты балғалы депутаттың бірі қойса түсінуге болатын еді. Ал оны заңгер, күнделікті қызмет бабында Жоғарғы Кеңес қабылдайтын заңдарды ғана басшылыққа алатын, тіпті сол заңдардың қатаң сақталуын қадағалауға тиіс прокуратура органының аға тергеу­шісі­нің қоюы депутат Новиковтың кәсіби біліксіздігін айқын көрсетіп берді. Ол кез келген заң факультетінің 1-курсы­ның студентіне, тіпті сол кезде оқы­тылатын «Қоғамтану» оқулығы арқы­лы жоғары сынып оқушысына белгілі қарапайым қағидатты мүлде білмейтін болып шықты. Бірақ депутат қанша білімсіз болса да, оның төс қалтасында қып-қызыл коммунистік билет бар еді.

Зиманов дәл бір университет аудитория­сында тұрғандай: «Республикамызда заң шығарушы орган біреу-ақ – Жоғарғы Кеңес, заң қабылдайтын өзге орган жоқ, ал ат­қарушы-реттеуші органдар көп», деп жауап қайтарды. Тергеуші депутаттың үні өшіп, ұсынысын дауысқа салуға әддісі жетпеді.

Депутат Новиковтың тауы шағылып, үлкен дайындықпен келген қарсы топтың жау жығардай бастапқы екпіні бәсең тартқанмен шабуыл саябырсымады.

Осы кезде алдыңғы шепке қоста­найлық геофизик-депутат А.Г.Перегрин шықты. Ол Қазақстан аумағында заңдар­дың мүлтіксіз және бірыңғай атқа­рылуын республика Бас прокуроры жүзеге асыратындығы тура­лы нормаға «КСРО заңдары» туралы да ұғымды қосуды ұсынды. Депутаттың мақсаты декларацияда қайткен күнде республиканың одақтық билік пен заңдарға тәуелділігін сақтап қалу болатын. Алайда депутат Перегрин өз ұсынысын дауысқа салудан тайсақтап шықты.

Одақтық заңдар мен одақтық проку­рордың құзыретін сақтап қалуға ендігі жерде көкшетаулық ауылдық кеңес төраға­сы, депутат А.Ф.Понамарев өндіршек­тей кірісті. Ол республика прокурорын Одақтың Бас прокуроры тағайындайтынын алға тартып, республика прокурорын Жоғар­ғы Кеңес тағайындауы КСРО Конс­ти­­ту­циясына қайшы келетінін дәлелдеуге тырысты.

Қатайып алған Зиманов бұл жолы да: «Жоқ, қайшы келмейді, өйткені біз рес­публика егемендігі туралы сөз қы­лып отырмыз. Ескі ереже бойынша сөз жоқ, қайшы келер еді, бірақ нақты егемендік жағдайында бұл мәселені өзіміз шешеміз», – деп қатулана жауап қатты.

Осы тұста Президент Н.Ә.Назарбаев Салық Зиманұлының есімін атай сөйлеп, Қазақ ССР-і Бас прокурорының кандидатурасын КСРО Бас прокурорының келісі­мімен Республика Президенті ұсына­тыны туралы компромисті ұсыныс енгізді. Бұл пікірді залда отырған депутат, Алматы қалалық прокурорының бірінші орынбасары Серікхан Жақып қолдап сөйледі.

Бұдан кейін төраға Президент ұсын­ған түзетулермен 7-бапты тұтастай дауыс­қа қойып, оны депутаттар көпшілік дауыс­пен қолдап шықты.

Талқылау төрт сағаттан асқан кезде де­пу­таттар 8-бапқа енді ғана ке­ліп жетті. Бұл бап бойынша сол бая­ғы Новиков, одан кейін депутаттар Е.А.Мұстафетов, Т.Б.Сүлейменов, С.Жа­қыпов, Н.Қ.Есенғариндер кезектесе сөз алып, көбінесе редакциялық сипаттағы ұсыныстар енгізді.

Талқылау қыза түскен кезде депутат П.В.Своик сөйлеп, Одақтық шарт­ты бұз­ған актілерге республика өз аумағында тиым салу керектігін қыс­тыра кетуді ұмытпады.

Зиманов бұл сұраққа да өзіне тән мәнермен тереңнен тартып, Одақ пен Қазақстан Конституцияларының аражігі, қолдану аясы мен иерархиясы туралы жан-жақты жауап қайтарады.

Сегізінші бапты талқылау барысында депутаттар В.П.Шумиленко, М.М.Нұр­тазин, Т.В.Жаворонковалардың редак­циялық сипаттағы ұсыныстары талқыға салынып, кері қайтарылды.

Осы тұста сол жылдарда Орал казак­тарының атынан бірқатар аран­датушы­лық әрекетке барып, Батыс Қазақстан тұрғындары арасын­да жік түсірген орал­дық депутат, облыс­тық «Приуралье» газетінің тілшісі В.Б.Во­долазов экранда көрсетілген дауыс беру нәтижесіне күмән келтіріп, жұртты дүрліктіре бастады.

Мұндай құқайдың талайын көрген төраға Асанбаев оны депутаттардың дауысы қолдау, қалыс қалу, қарсы дауыс беру жүйесі бойынша есептелетінін, ал кей жағдайда депутаттар ешбір батырманы баспай, дауыс беруден тыс қалатынымен түсіндірді. Тіпті мысал ретінде соңғы ұсынысты 26 депутат қолдап, 299-ы қарсы болып, ал 6 адам қалыс қалып, 4 депутат мүлде дауыс бермегенімен дәлелдеп берді.

Водолазов бірінші сыныптың бала­сына да түсінікті арифметика тілі­мен ұғын­дырылған бұл жауапқа қана­ғат­тан­бай, екі мәртебе әңгімеге килік­се де, төраға сабырлық танытып, оның сұрақ­тары­на байсалды жауап қайтарумен болды.

Декларацияны талқылау төрт сағат­тан асқанда депутаттардың бастапқы қар­қыны бәсеңдеп, белсенділігі төмен­дей бастады. Басқа ұсыныстар болмаған соң 8-бап тұтастай дауысқа қойылып, бұл белес те ретімен еңсерілді.

Келесі 9-бапты талқылау барысында бірқатар депутат сөз алып, өз ұсыныс­тарын енгізуге әрекет жасағаны­мен, олар көпшілік тарапынан қолдау таппа­ды. Мәселен, көкшетаулық депутат В.И.Ермоленко 9-баптың алғашқы абза­цындағы Қазақстанның жері, қазба байлық­тары, бүкіл экономикалық, ғылыми-техни­калық әлеуеті санамаланып, осының бәрі рес­публика егемендігінің негізін құрай­тындығы туралы тұсқа шүйлігіп, осы сөй­лемдегі «егемендігінің негізін құрайтын­дығы» тіркесін алып тастауды ұсынды.

Зиманов тағы да микрофонын қосып: «Бұл жерде әңгіме егемендіктің эконо­микалық негізі туралы болып тұр, эконо­ми­калық егемендіксіз «мемле­кет­тік еге­мендік» те жоқ», деп егемендік сөзіне үш мәрте екпін түсіре, шегелей жауап қатты.

Осы тұста жоқтан өзгені сөз қылып, бол­машы мәселелерді талқылаудан ы­ғыр болған бастаған депутаттардың көңі­лін серпілтіп тастаған тағы бір оқиға орын алды.

Он екінші шақырылған Жоғарғы Кеңес депутаттары арасында белсенді­лігі, батылдығымен көзге түскен ақтөбе­лік дәрігер-депутат Ізбасқан Нұритден­ұлы Аймағамбетов деген азамат болды. Талқылау қыза түскен кезде ол тоғы­зыншы бапта көрсетілген республика бай­лықтары ішінде жануарлар мен құс­тар­дың да бар екендігі, ал олар үнемі ұшып-қонып, бір орнында тұрмай түрлі миграцияға ұшырайтыны және оны есептеудің қиындығы туралы аңғалдау сұрақ қойды.

Ондаған жылдар студенттер алдында лекция оқып, ғылыми ортада пікір­таласқа түсіп шыңдалған профес­сор әрі тәжірибелі аңшы Зиманов бұл сұраққа әзіл-шынын араластыра: «Егер сіз Ресей жеріне өтіп кеткен қазақстандық киіктерге аңға шығар болсаңыз, онда лицензияны РСФСР-ден алуыңызға тура келеді», деп жауап берді.

Біле білген адамға осы жауаптың өзінде көп ишара бар. Ол кездегі аңшы­лардың көбінің лицензия алудан хабары жоқ еді. Өзі кәнігі аңшы академик заң талабын мүлтіксіз орындап, саят сайын лицензия алуды ұмытпаған. Тіпті қоңыр аңға шыққанда аңшылық қызығымен көрші республика аумағына өтіп кету мүмкін болғанда, Ресей лицензиясын да алған.

Тоғызыншы бапта ел байлығы респуб­ликаның «ерекше меншігінде бола­ды» деп жазылған еді. Бұл депутат Своик­ке ұнамаған сияқты. Тіркесті түгел өзгер­туге шамасы жетпейтіндіктен, оның күшін әлсірете түсу үшін ең болмағанда «ерекше» деген сөзін алып тастауды ұсынды. Зиманов бұл жолы да өз ұстанымынан жазбай: «Бұл табиғи ресурстар шартсыз, толықтай республиканың қарамағында болады», деп негізгі нұсқаны қорғап қалды.

Оныншы бап қаржы-банк жүйесін қамтыды. Осы тұста академик-депутат Ө.А.Жол­­дасбеков сөз алып, еліміздегі бүкіл қа­ржы жүйесінің Министрлер Кеңе­сі ба­ғы­ны­­сында екендігін, ал құры­луы мүмкін Ұлт­т­ық банктің неліктен Жоғарғы Кеңеске бағы­­ныш­ты болуы керек­тігін түсіндіруді өтінді.

Бұл кезде Қазақстанда әлі Ұлттық банк құрылмаған еді. Бірақ Одақтық деңгейде қаржы, банк жүйесінде жүріп жатқан жаңашыл үдерістер мұндай сәттің жақындап қалғанын көрсететін. Сол себепті Зиманов бастаған комиссия дек­ларация мәтініне республикада мұндай банктің құрылу мүмкіндігін алдын ала қарастырып, «құруға праволы» (бұл кезде «құқық» термині әлі енгізілмеген) деген норманы енгізіп қойған еді.

Зиманов әріптесінің сөзіне әлем­нің көптеген елінде Ұлттық банк Үкімет қарауы­на берілмегенін, бұл ұйғарым қаржылық дағдарыс кезінде қаражат тапшылығын жою үшін үкімет ақша басу станогын іске қосу арқылы инфляцияны шарықтатып жібермеуі үшін жасалғанын байыппен түсіндірді.

Бұл, әрине, бүгінгі заман экономис­тері мен қаржыгерлеріне әбден түсінікті жайт. Ол кезде Қазақстанның Ұлттық банкін былай қойғанда, өз валютасы да жоқ еді. Ал мұн­дай банк құрыла қалған жағдайда ол Үкі­меттегі қаржы жүйесімен тепе-теңдік пен те­жемелікті сақтау үшін Парламентке бағы­нышты болуы керек еді. Академик Зи­манов мұны жақсы түсіне білді және бұл норманы декларация жобасына енгізіп, оны қорғап шықты. Кейін дәл осы норма Қазақ­стан Республикасының тәуелсіздігі тура­лы конституциялық заң мен екі бірдей Консти­туция­сынан (1993, 1995) көрініс тауып, әлі күнге дейін ел игілігіне жарап келеді.

Оныншы бапты талқылау барысын­да сол кезде Арыс қалалық партия коми­теті­нің бірінші хатшысы, депутат Қуаныш Айта­ханов пікірталасқа қосылып, баптағы Жо­ғар­ғы Кеңеске бағынысты финанс-кредит (бұл кезде «несие» термині енгізілмеген) жүйе­сінен кейін, «баға және ғылыми-техни­ка­лық сая­сат» ұғымын қосуды ұсынып, осыған орай эко­номика докторы, профессор Ерік Мағ­зұмұлының жауап беруін өтінді.

Сұрақтың жауабын анық біліп тұрса да про­фессор Асанбаев «Бұл мәселеге мен құ­зы­ретсіздеумін», деп қысқа қайы­рып, трибунада тұрған Зимановқа сілтеді.

Қай салаға салсаң да, ағыны күшті ақ дариядай аға жөнелетін академик Зиманов бұл жолы да баға және ғылыми-техникалық саясат мәселелері талқыланып жатқан Одақтық шарт бойынша Мәскеу билігінде екендігін, аталған баптан бұл мәселенің сол себепті тыс қалғанын түсіндіріп берді.

Талқылау бесінші сағатқа аяқ басқан­да депутат А.Княгинин сөз алып, әріптес­терін «буквоедство» мен «крючкотворство­мен» айналысуды қойып, нақты ұсыныстарын ғана айтумен шектелуге шақырды.

Төраға Асанбаев бұл пікірді қостап, өзі қаншалықты тырысса да, залдағы көпші­ліктің бұл әдетін тастамай отыр­ғанына қынжылыс білдірді.

Депутаттардың ішінде күйреу алдын­дағы Кеңес Одағы сияқты алып империяның бұдан әрі ыдырауына жол бермеуге тырысып, қайткен күнде егемендік қарсаңында тұрған республиканың Одаққа беретін құзыретін мейлінше молынан қамтып қалуға ты­ры­сушылар аз емес еді. Солардың бірі Целино­град облысынан сайланған мұғалім-депутат Т.Р.Кот банк, финанс-несие, бюджет және ортақ ақша жүйесіне байланысты мә­се­лелер бойынша депутаттарға деклара­ция жобасымен бірге таратылып берген Одақ­тық шарт жобасын басшылыққа алу керек­тігін айтып, тағы бір даудың ұшын шығарды.

Салық Зиманов әрбір мәселе бойынша әлі қабылданбаған Одақтық шартқа жүгіне беруге болмайтынын, тіпті оның тал­қылауға ұсынған жобасындағы қар­жы-қаражат мәселесі көп дау туғызып жат­қанын мәлімдеді. Жақында депутат С.Т.Тәкежановтың Мәскеуге арнайы сапар­мен барып, осындай талқылауға қатысқанын да тілге тиек етті.

Осы тұста депутат В.П.Шумиленко өз сөзін А.Княгининге қарата айтылған кекетуден бастап, осы баптағы «Қазақстан» сөзін «Республикамен» алмастыруды өтінді. Бұл шындығында заңдық тұрғы­дан ешқандай салмағы жоқ түзету еді. Сондықтан С.Зиманов ұсынысты дауысқа салмай-ақ бірден келісті. Бұдан кейін сөз алған депутаттар Н.Есенғарин, Ғ.Қалиевтар да өз пікірлерін ортаға салды. Нәтижесінде 10-бап жобадағы нұсқамен көпшілік дауыс­пен мақұлданды.

Осы кезде таблода дауыс бермеген депу­таттар санының азая бастағанын бай­қаған төраға «Бізде темекі тартуға шығу­шылар көбейе түскен сияқты», деп 20 минутқа үзіліс жариялайды.

Мәреге жеткен мерей

Депутаттар 11-бапқа көшкенде талқы­лау алты сағатқа қарай созыла түс­кен еді. Бұл бап экологиялық қауіпсіз­дікке және халқымызға қисапсыз мол қайғы-қасірет әкелген ядролық полигонды жауып, жаппай қырып-жоятын қаруды сынау мен оны өндіруге тыйым салуға арналды.

Полигон мәселесі 80-90 жылдардағы ең қызуы жоғары, көп талқыға түскен тақырыптардың бірі еді.

Кеңес одағы екінші дүниежүзілік соғыс­тан кейін Қазақстанды бірыңғай сынақ ала­ңына айналдырды. Декларация талқы­ланып жатқан 1990 жылдың қазан айын­­да Қазақ­стан жаппай қырып-жоятын қару­д­ың әлеуеті жөнінен әлемдегі төртін­ші мем­лекет еді. Бұл кезде республика аума­ғын­да құр­лықаралық баллистика­лық зымы­­ран­дар­ға арналған 1216 ядролық оқтұмсық­тар ор­наласты және оны әлемнің кез кел­ген жері­не жеткізетін сол заманның ең үздік тех­­но­­логиясына негізделген ядролық страте­гия­лық күштердің арнайы құрылғылары да болды.

Декларация талқыланып жатқан тұста Семей ядролық полигонында баллисти­калық зымырандарға толы 12 шахтада ұшырғыш қондырғылар дайын тұрды.

Мен Қызылорда облысында қызмет істеген жылдарымда дәл осы өңірде тоқсаныншы жылдары 14 шахтадан тұратын ұшырғыш қондырғылар кешені болғанын алғаш рет білдім. Қызметі аса құпия санала­тын Стратегиялық мақсаттағы зымыран әскерлерінің 38-дивизиясы Ақмола об­лы­сын­­да, ал 57-дивизия Шығыс Қазақстан об­лы­­сында жайғасып, онда 60-қа жуық ұшыр­ғыш қондырғылар мен 8 ядролық коман­далық пункттер жоғарыдан түскен әске­ри бұй­рықтарды орындауға сақадай сай тұрды.

Әлемде ядролық бәсекелестік бастал­ған соғыстан кейінгі қырық жылдан астам уақыт ішінде Қазақстанның осы күнгі бес Бельгиямен пара-пар аумағында бірне­ше әскери полигон мен сынақ алаң­ы жұмыс істеп тұрды. Мұның басым көпші­лігі дәл сол 1990 жылдары республика бас­шы­лы­ғының өзіне де белгісіздеу мағлұматтар еді.

Әрине, әр облыс халқы қарапайым адам­дарға баруға, көруге тыйым салын­ған мұндай аймақтардың бар еке­нін білсе де, оның орасан зор қырып-жоятын әлеуетінен мүлде хабар­сыз болды. Әскери полигондар мен онда жасалған жантүршігерлік сынақтардан жергілікті халық қисапсыз көп зардап шекті және оның зарары әлі күнге дейін жалғасып келеді.

Он бірінші бап талқылауға қойылған кезде қарағандылық шахтер, депутат Мараш Нұртазин сөз алды. Бұл өзі не болса да бетің бар, жүзің бар демей тура айтатын бірбеткей азамат еді. Ол аталған бапқа «ядролық қаруды өндіруге, сақ­тауға және сынауға тыйым салынады» деген тіркесті қосып, ұсынысты күлбіл­те­лемей бірден дауысқа қоюды талап етті.

Зиманов сөз алып, Қазақстанда ядро­лық қаруды жасау барысында қол­данылатын түрлі уран кеніштері, зауыттар, өндірістер бар екенін және олар­дың нақты саны мен немен айналысатынын көп ешкім білмейтіндігін жаймен түсіндіруге кірісті. Әрі қарай қолдарында нақты деректер болмағандықтан, ядролық қаруды «өндіру мен сақтау» мәселесі декларация жобасына қосылмағанын жеткізді. Қанша тентек болса да, Нұртазин ата дәстүрімен: «Кешіріңіз, құрметті ақсақал», деп бастап, өз пікірін одан әрі нықтай түсті.

Жерлесінің ұсынысын қарағандылық тағы бір шахтер, депутат Мұхтар Тіні­кеев қостап, сансыз көп сынақтан Қазақстанның ядролық қал­дықтар алаңына айналғанын ашу-ыза­мен жеткізді. Мұхтар Бәкірұлы сол кездегі құрамдағы жасы отызға да толмаған ең жас депутат еді.

Әріптестерінің заңды талабына ақ­төбелік депутат Ізбасқан Аймағам­бетов те үн қосып, аталған норманы одан да қатайта түсу мақсатында ұсыныс енгізді.

Талқылау шегіне жеткен кезде Н.Ә.Назарбаев сөз алып, бұл мәселенің өте күр­делі екендігін, тіпті мемлекет басшы­сы ретінде қордаланған құпия дерек­тер­дің бәрін бірдей өзі де білмейтінін айтуға мәжбүр болды. Әрі қарай Салық Зиман­ұлының аты-жөнін құрметпен атап, оның нұсқасымен келісуге шақырды. Қарсы аргумент ретінде мекемелердің жұмысына ты­йым салынса, ядролық салада жұмыс істейтін мыңдаған адамның жұмыссыз қалатынын да ескертуді ұмытпады.

Бұдан кейін төраға үш бірдей депутат ұсынған түзетуді дауысқа қойып, олар да кері қайтарылды.

Талқылаудың қызуы сәл төменде­генде Шымкент облыстық мемлекеттік қауіпсіздік басқармасының бастығы, депутат Е.Ә.Мұстафетов сөз алып, Қазақ­стан аумағында ядролық қаруды сынау мен орналастыру Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесінің рұқсатымен жүзеге асырылатыны туралы норманы енгізуді ұсынды.

Одақ өктемдігі әлі жойылмай тұрған кезде мұндай талапты енгізу өте қауіпті еді. Оның үстіне бұл кезде мемлекеттік қауіпсіздік органдары тікелей Мәскеуден басқарылатын. Сондықтан генерал Мұстафетовтің астары мол «рұқсат» сөзінің ар жағында күллі әлемді зәрезап қылған КГБ-ның зымияндық саясаты да жатуы әбден мүмкін еді.

Салық Зиманов бұл жолы да саспады. Алдымен егер қиын-қыстау заман бола қалса, Жоғарғы Кеңестің мұндай құқығы бар екенін еске салды. Ол өзі қабылдаған заңдарға өзі кез келген уақытта өзгеріс жасай алатынын да жеткізді. Бірақ декларация жобасында дәл осылай жазатын болса, сол оқиғаның болуы әбден мүмкін екендігін алдын ала жарнамалаумен бірдей қабылданатынын ескертті. Әрі қарай бес сағаттан астам депутаттар тас кенеше жабысқан декларацияның мән-мағынасын нақты ашып көрсететін классикалық дефиниция келтіріп: «Дек­ларация – ниет», – деп, талқыланып жат­қан құжатқа қысқа да нұсқа анық­тама берді. Оның бұл сөзінде Одақ бас­шы­­лығы «рұқсатты» ниет ретінде қа­был­­дауы мүмкін екендігін ескеру бар еді.

Сондықтан Зиманов баптағы ядролық қаруды сынауға, полигондарды салуға және олардың жұмыс істеуіне тыйым салумен шектелуді жақтады. Дауыс беру нәтижесі бойынша негізгі нұсқадағы норма сол күйінде қалды. Көп ұзамай 11-бап тұтастай дауысқа қойылып, бұл белес те еңсерілді.

Дәл осы бапта депутаттар талқы­лауы­­нан тыс қалса да, академик С.Зи­манов басқарған бастамашыл топ енгіз­ген одақтың әскери органдардың іс-әрекет­тері нәтижесінде республика территориясында орналасқан ядролық полигондар мен өзге де әскери-өнеркәсіптік кешендердің қызметінен келген залал мен зардаптарға республика халқының өтемақы талап ету құқы енгізілген норма болғандығын ерекше атап өткен абзал. Бұл өте қажет еді. Дәл осының негі­зінде кейін арнайы заңдар мен Үкі­мет қаулылары қабылданып, сол зұл­мат сынақтардан зардап шеккен мил­лион­даған адамдар өздеріне тиісті өтемақы­ларын алды және ол әлі күнге дейін жалғасып келеді.

Декларацияның 12-бабы бұған дейін Одақтың және Қазақстанның ешбір заң актісінде қамтылмаған Қазақстаннан тысқары жерде өмір сүріп жатқан қан­дас­тарымыздың ұлттық-мәдени, рухани және тіл жөніндегі қажеттіліктеріне қамқорлық жасауға қатысты еді. Аз-кем талқылаудан соң бұл бап та ретімен қабылданып кетті.

Он үшінші бап азаматтардың әскери қызмет атқару тәртібіне арналды. Жас депутат Мұхтар Тінікеев өзіне көпте­ген комсомол-жастар ұйымынан «бала­ма­лық әскери қызмет мәселесіне» бай­ланыс­ты ұсыныстар келіп түсетінін, сонд­ық­тан бұл норманы да декларацияға енгізуді ұсынды.

Иә, дәл осы жылдарда әуелі Балтық жаға­лауынан басталып, кейін Одақ құра­мындағы бірқатар республикада бала­малық әскери қызмет мәселесі көтеріле бас­таған. Тінікеев ұсынысы осыны меңзеді.

Зиманов өзінің бұл мәселеден әбден хабардар екендігін айтып, кей­бір жастардың әскери қызметтен қаш­қақ­тайтынын да кел­тіріп өтті. Тіпті бұл норманың одақтас рес­публикалар қа­былдаған декларациялардан да көрі­ніс тапқанын тілге тиек етіп, әзірше жоба­дағы нұсқамен шектелу керектігін ұсынды. Дауыс нәтижесінде депутаттар академиктің позициясын жақтап шықты.

Зимановтың бес ай бойы даярлаған декларацияның әр бабы, әрбір нормасына қатысты мәселелерге әбден дайын­дықпен келгендігі дәл осы тұста тағы да байқалды. Ол салған жерден күні кеше дәл осы мәселе бойынша Мәскеуде КСРО Мемлекеттік қауіпсіздік комитетінің төрағасы В.А.Крючков пен КСРО Ішкі істер министрі В.В.Бакатин баспасөз мәслихатын өткізіп, онда республикаларда болып жатқан қақтығыстарға ішкі әскерлерді жіберуді доғару керектігін айтқанын мысалға келтірді. Сол себеп­ті Қазақстандағы ішкі әскерлердің алда­ғы уақытта Жоғарғы Кеңес пен ел Прези­денті­не бағынышты болу керектігі жөнін­дегі норманы қолдауға шақырды. Гене­рал Қалматаев академиктің уәжіне тоқтады.

Осы тұста жарыссөзге Алматы қаласы Мәскеу аудандық партия комитетінің бірінші хатшысы, коммунист-депутат В.И.Котельников бір бүйірден қосылып, рес­публикада құрылатын ішкі әскерлер, мем­лекет қауіпсіздігі және ішкі істер ор­ган­дарының барлығын КСРО Одақтық үкі­метінің келісімімен ғана құру туралы нор­маны енгізуді ұсынды. Бұл сол баяғы Одақ­қа тәуелділік мәселесін тықпалаудан туған тышқан тірліктің сүйкімсіздеу көрінісі еді.

Бұл жолы Зиманов шыдамай кетті. Сөзін: «Получается вверх ногами» деп бастап, құрылатын күштік құрылымның үшеуі де ендігі жерде тек Жоғарғы Кеңес пен Президентке ғана бағынышты болуы керектігін қадап тұрып айтты. Төр­аға пі­кір­таласты ушықтырмай, Котель­никовтың талабы бойынша оның ұсы­нысын дауысқа қойып, ол да қолдаусыз қалды.

Одақтың мұңын мұңдап, жырын жырлаушылар мұнымен тоқтай қоймады. Рес­публиканың Жоғарғы Кеңесі мен Пре­зи­­дентіне ғана бағынышты ішкі әскер­лер­ді құруға қарсылықтарын біл­дір­ген қа­ра­ғандылық милиционер, депутат В.П.Шу­ми­ленко мен жезқазғандық экскаваторшы, депутат А.И.Мосоловтар даурыға бастады.

Бұл жолы Зиманов кеңінен қамтып, өзінің жақында ғана дәл осы мәселеге қатысты одақтық ішкі істер министрлігі генералдарының қатысуымен өткен үлкен басқосуда болғанын және Ішкі әс­керлер бұрынғысынша Одақтық ми­нистр­лікке бағынышты болып қала беретіні жөнінде шешім қабылда­ғанын жеткізді. Сонымен бірге әр респуб­ликаға өз ішіндегі кикілжіңдер мен қақтығыс­тарды шешу үшін өзіндік ішкі әс­кер­лерін құруға да құқық берілетінін де мағлұмдады. Сондықтан декларацияға енгізіліп отырған нормаға Одақтық басшылықтың еш қарсылығы жоқтығын жеткізді. Екіленіп алған екі депутат та райы­нан қайтпағандықтан, олардың ұсы­ны­старын да дауысқа қойып, көпшілік Зиманов нұсқасын қолдап шықты.

Бұдан кейін сол кезде Алматы қалалық атқару комитетінің төрағасы болып қызмет атқаратын депутат Заманбек Нұрқаділов сөз алып, әскерге шақырылған республика азаматтары өз борышын Қазақстан аумағында атқару керектігін және бұл күн сайын алаңға жиналатын халықтың талабы екендігін жеріне жеткізе айтып шықты.

Бұл да көкейге қонымды, көпшіліктің көңілінен шығатын ұсыныс еді. Оған төраға Асанбаев жауап берді және пікірта­ласты созбай-ақ ұсынысты дауысқа қойды. Нәтижесінде, декларациядағы нор­ма өзгеріс­сіз қалды. Бұдан кейін 13-бап тұта­сымен мақұлданды.

Декларацияның халықаралық қатынас­тар, дипломатиялық қызмет және сыртқы экономикалық саясатқа қатысты 14-бабын депутаттар ешбір талқылаусыз бірден мақұлдады. Шынын айтқанда, он екінші сайланған Жоғарғы Кеңес депутаттары ішінде халықаралық мекемелерде, КСРО-ның шетелдердегі елшіліктерінде қызмет істеген бірде-бір кәсіби дипломат жоқ еді.

Он бесінші бап сот органдарының қызметіне арналып, сот мекемелерінде пар­тиялық ұйымдар құруға тыйым салынып, «соттар заң талабын басшылыққа ала­ды және оның партиялық шешім­дер­мен еш байланысы жоқ», деп құ­қық­тық мемлекеттердің бәрінде бір­дей бас­шылық­қа алатын батыл норма енгізілген еді.

Бұл Мәскеуде КОКП, ал республикада Қазақстан Компартиясы билік құрып тұрған кезең үшін өте батыл жаңалық еді. Мұндай қағидат Ресей Федерациясы қабылдаған декларацияда жоқ болатын.

Талқылау басталысымен-ақ шығыс­қазақстандық депутат, Лениногор қаласы атқару комитетінің төрағасы Ю.Н.Сытов сөз алып, дәл осы норманың комиссия талқылауында өте көп қарсылық тудырғанын, сол себепті оны қабылдауға болмайтынын шаптыға жеткізді.

Оның бұл пікірін Е.Ә.Мұстафетов қызу қолдап, қазір Коммунистік партия мен коммунистерге қарсы шабуыл­дың өр­шіп тұрғанын, олардың мемле­кеттік бас­­қару органдарының бәрінен ығыс­ты­ры­лып жатқанын, 80 пайыздан ас­тамы ком­му­нистерден құралған қазақ­стан­дық Пар­ла­мент мүшелері мұндай шектеу­лікке жол бермеуі керектігін дәлелдеуге тырысып, аталған бапты алып тастауды талап етті.

Осы кезде залда шуыл басталып, депутаттар дүрліге түсті. Төраға даурыққан депутаттарды сабырға шақырып, сөзді Пре­зидент Н.Ә.Назарбаевқа береді. Ол дек­ларацияның аса маңызды құжат екендігіне тоқталып, сот органдарындағы бейпартиялық мәселесі алдағы уақытта талқыланатын «Саяси партиялар туралы» заңда қаралатынын алға тартып, даулы бапты жобадан алып тастауды ұсынды.

Төраға Асанбаев бұл пікірді дереу дауысқа қойып, оны сексен пайыздан астамы коммунистерден құралған Жоғарғы Кеңес депутаттары қолдап шықты.

Нәтижесінде, 7-бапта республикада мемлекеттік басқару: заң шығару, атқару және сот билігі бойынша үш тармақты принциппен жүзеге асырылатыны басшылыққа алынған декларациядан сот билігіне қатысты қажетті бап түгелдей сылынып тасталды.

Он бесінші бап алынып тасталғаннан кейін санамалық реті бойынша 16-бап оның орнына жылжыды. Онда Қазақстанның егеменді құқықтарын қорғау мәселесі сөз болатын. Бұл бап ешбір ескертулерсіз бірден мақұлданды.

Бұдан кейінгі ел егемендігінің символдары – герб, жалау, гимнге (бұл кезде «елтаңба, ту, әнұран» терминдері енгізілмеген) арналған 16-бап та ешбір талқылаусыз бірден қолдауға ие болды.

Қазақ КСР-інің жаңа Конституциясын және республикалық егеменді мемлекет ретінде мәртебесін жүзеге асыратын заң акті­лерін даярлау барысында бүгін қабыл­дан­ған декларацияның негіз болатыны нақты көрсетілген 17-бапты да депутаттар ешбір талқылаусыз бірден қабылдап жіберді.

Осы тұста залда отырған әйгілі академик депутаттар Шахмардан Есенов, Манаш Қозыбаев, Жабайхан Әбділдин, Айтмұхамед Абдуллин, Ораз Баймұратов, қайраткер депутат Өзбекәлі Жәнібеков, жазушы депутаттар Әбіш Кекілбаев, Әнуар Әлімжанов, Балғабек Қыдырбекұлы, т.б. дуалы ауыз ел ағалары неге талқылау барысында декларация жобасын қолдап сөз сөйлемеген деген сұрақ туындауы да мүмкін. Меніңше, олар өз пікірлерін комиссияға алдын ала ұсынған және олар академик Зиманов ұстанымы­мен толық үйлесім тапқан. Оның үстіне 6 сағаттық қызу талқыда жағадан алмаса да, етектен тартып, шаужайға жармасқан шәлкес, даукес депутаттар қойған сұрақтардың бәріне ақылман академик әріптестерінің жәрдемінсіз-ақ қасқая қарсы тұрып, үлкен білімдарлықпен жауап қайтарды. Сондықтан қазақтың бүкіл зиялы қауымының тілек-ниеті Зимановтың үстінде болды.

Түйін

Сонымен, 1990 жылдың 25 қазанында он екінші шақырылған Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесінің талқылауға қатысқан 360 депутаттың 71-інің қарсы дауыс берсе де, Қазақстанның мемлекеттік егемендігі туралы декларациясы қабылданды.

Қазақстан Республикасының Прези­денті Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев ұлттық мереке – Республика күніне орай Ақо­рдада өткен салтанатты жиында: «Еге­мендік декларациясы – тәуекел мен дип­ло­матияның, ақыл мен сабырдың жемі­сі. Осы тарихи құжаттың әсері көп ұза­май байқала бастады. Біз қоғамның іргета­сын жаңар­тып, жаңа белестерге ұм­тылдық. Қазақ­стан қиын өткелден өтіп, іргелі ел болу­ға бағыт ұстады», деп деклара­ция­ның тәуелсіз Қазақстан тарихында алар орны мен мән-мағынасына аса зор баға берді.

Иә, Республика күні – ұлтымыздың ұлық мерекесі ғана емес Президентіміз ұсын­ған Жаңа һәм Әділетті Қазақстанның бе­рік бас­тауы. Ал оның қайнарында Егемен­дік дек­ла­рациясы тұрғанын барша қазақ­стан­дық әрқашан жүрек төрінде сақтауы керек.

Осы тұста Зиманов басқарған комиссия құрамында қызмет істеген депутат, жаңа замандағы қазақ философия ғылымдарының патриархы, академик Жабайхан Әбділдин ағамыздың: «Салық Зиманов Мемлекеттің егемендігі туралы декларацияның жасалуы мен қабылдануының қайнар бас­тауында тұрды. Оның принципшілдігі әрдайым ержүректілікпен ұштасушы еді. Ол ойындағысын ешқашан ірікпей­тін. Ірі оқымысты, адал азамат ретінде депу­таттар­дың сапалы заңдар қабылдауына кепіл бола білді. Аса көрнекті ғалым әрі мемлекетшіл тұлға, академик Салық Зимановтың есімін Қаныш Сәтбаев пен Мұхтар Әуезов сияқты ұлы адамдар қатарына қосуға әбден болады», деген пікірін біз де толық қуаттаймыз.

Egemen Qazaqstan

24 қазан, 2022 ж.

 

Тағы көрсету

Пікір қалдыру

Ұқсас мақалалар

Back to top button