Қайдан оқығанымды, әйтпесе киносюжет пе екен, ұмыттым. Бірақ кейінгі кезде есімде қайта-қайта түсе берді
…Бір бала ақшаға кенелудің өзінше бір көзін табады. Онысы түнде автомагистральде зулап өтіп бара жатқан көліктерге тас лақтыру еді. Тас тиген авто төңкеріледі. Ішіндегілер жанымен қайғы болып жатқанда, бала апатқа ұшырағандардың қалталарын, боқшаларын, машинаның ішін ақтарып, құнды, бағалы деген заттарды, ақшаны, алтын-күміс әшекейлерді жинап алады. Сөйтіп, жолға шыққан талай адамның өліміне тікелей себепші болды.
Күндердің күнінде тергеудің тықыры таянғанын білген ата-анасы баланы бір монастырьге апарып жасырады. Сонда кәрі монах оларға қарап тұрып: «Жасаған қылмысқа бәрібір бір зауал қойылады. Ол үшін түн ортасында елден алшақ алаңқайға шығып тұрсаң болды» дегендей уәж айтады.
Ар мен ұяттан безген, өзінің жазасыз кететініне сенген жасөспірім қарт тақуаның әңгімесін күле тыңдайды да, сол күні түнде ғибадатхана жанындағы алаңқайға жалғыз барады. Сол кезде жан-жақтан оған қарай алуан түрлі тастар ұшып келе бастайды. Осылайша өзі кезінде трассада кетіп бара жатқан автоға қанша тас лақтырса, сонша тас бұршақша жауады. Соның салдарынан қызыл ала қан болып, қансыраған жас қылмыскер сол жерде тіл тартпай кетеді.
Осындай, адамды адам жазаламайтын қысқа да қарапайым сюжет…
Антика дәуірінің ойшылы Плутарх шындықтың кешеуілдеп жететініне, құдайдың жазасының кінәліге қарай асықпайтынына қынжылған көрінеді. Зауал жеткенше, озбыр жан өзінің күнәсін ұмытатынын, тосын қайғыға душар болса, оны кездейсоқтыққа жаба салатынын айтады…
Соғыстың, кісі өлімінің, ұрлық пен қарлықтың бастауында тұрған кәззәпқа әйтеуір бір кезде құдайдың тасы ұшып келіп, тас төбесінен ұратыны жайлы Плутарх та, Еврипид те жазып кетті. Бұл тұжырымды Софокл мен Дидро қайталап айтты. Бұл трактаттары мыңдаған жылдар өткен соң, Лонгфелло қазіргі тілге аударды. Күнәһарлар тылсым күштің әділдік диірменіне түспей қалмайды дейді көне ойшылдар. Бұл кейін пайда болған адамзат ойының жауһары болып тұрған Тауратта да, Інжілде де, Құранда да күнәһарлардың құдайдың жазасынан тыс қалмайтыны айтылады.
Сондықтан, бүкіл елді әлсіретіп алып, «шықпа, жаным, шықпа..» деп отырған халықтың ашық-тесік жатқан игілігін жымқырғандар жазасын алады.
Сол зауал тылсым күштен емес, қазіргі биліктен келсе, халық президент маңына тығыз топтаса түсер еді.
Бірақ, қайдам…
Бұғып отыр ғой.
Жаңа өмірге ұмтылған қазаққа қарап енді ешкім тас лақтырмаса екен…
Нұрхан ХАМЗЕҰЛЫ