Ұлы Мұхтар Әуезов 1918 жылы 21 жасында «Япония» деп атау алған мақаласын жазып, «Абай» журналына жариялады.Тек «Мұхтар» деп ғана қол қойған мақалада болашақ ұлы ғұлама өзі оқып-білген Күншығыс елінің тереңіне бойлап, олардың артық қасиеттерін алға тартады. Олар ілім-білімге келгенде біз сияқты әлі тісі шықпай қызыл иегі сыздаған сәби ел емес, Еуропаның жақсысын іліп алған зерделі халық. Зейінді тұлға майдан қыл суырғандай ғып өз ұлтын тасада ұстап тұрып, «сен де сондай бол» деген тұжырымды алға тартады. Ашып айтсаң, тісіңді сол күні қағып алады, өйткені, бұл 1918 жыл. Қысқы Сарайды большевиктер басып алып, гаубицалар көк аспанға қарап гүрсілдеп жатқан кез. Ильич оң қолын шалт көтеріп сөйлеп, Троцкий мен Шоқаев тіл табысса-дағы тақия киген Мұстафаға Петербор алая қарап, Троцкий ғана оның жазғандарын «Мынау таза дворяндар тілі ғой» деп басын иіп бағалап, Ильич пен азық-түлік таратқан Коба-Сталин тісін қайрап, түсін суытып жүрген шақ еді. Жігіт Мұхтар осының бәрін біле тұрып, өзге елдің жақсылығын өзіне үлгі тұтып, «жақсысын асырып» отыр. «Жапон жансызы» деген жаппай жаланың ауылы әлі алыс болғанмен уақыт бір әділетсіз өмірге әзірленіп жатыр ма дерсің. «Япония Европа не істесе, соған көз жұмып ере берген жоқ, әрқайсысының жиып апарған білімін зейінге салып, сынап, өздерінше қолайлы, жақсы дегендерін ғана алатын болды» дей келіп, «Біз Күнбатыстың жақсысын сіңіруге дайынбыз, бірақ өзіміздің жақсылығымызды да ұмытпаймыз» деген бір профессордың сөзін мысалға алады. Арада түйенің өркешіндей томпиып бір ғасыр өтті. Ұлы Мұхтардың Отаны қандай күй кешті? Жетпіс жыл дәурен сүрген социализмде қазақ астанасында қазақ мектебі жабылды, 15 «ақбоз» үйдің түтінін түтеткен КСРО шаңырағындағы ең еуропашыл «достық лабораториясы» атанған интернационал ел болдық. Қазақ елінің астанасында жалғыз қазақ мектебі (№12 мектеп) өлгенде әрең өмірге келсе, Алматыда ана тіліндегі астаналық газеттің болмауына не дерсің? Ең жақын көрші өзбектің «Тошкент охшомиі» 1958 жылдан жарқырап жанып тұрды, басқа да одақтас, автономиялы республикалардың ана тіліндегі астаналық басылымдары болды. «Алматы – қазақтың астанасы, орыстың баспанасы, ұйғырдың асханасы» деген тәмсіл сөз де осы кезде айтылды. Тек, ең соңынан, 13-ші боп амалсыз тәуелсіздік алуға талпынған елдің бір топ зиялысы жанталасып жүріп, Үлкен Үйдің «Вечерняя Алма-Атаның» аудармасы «Кешкі Алматы» боп шықсын деген ұсынысына қол жеткізді. Сонда ұлт жанашыры Шона Смаханұлы ғана топ жарып атып тұрып, «Сендердің аталарың ақшамда намаз оқымай ма? Сандалмаңдар! Газет атауы «Алматы ақшамы» болады деп, білгіштердің бетін қайтарды (мен осы газеттің алғашқы бас редакторының орынбасарымын). Сөйтіп, салбыраған бас пен мөлиген көздерге қарсы сөзбен оқ атқан Шөкең Тазша бала сияқты тауып айтып, томпаң-томпаң етіп тұрып алды, кешке шығатын қалалық «Ақшам» 1988 жылы өлгенде әрең осылай өмірге келді.
Әуезов сол «Япониясында» «Ол халық шеттен келгендерге шарт қойды. Ол шарттар: Японияның ұлттығына зиян келтірерлік нәрселерді оқытып жүрген шәкірттерінің жүрегіне сіңірмеулері, мұндай мінездері бар адамдар болса, қызметтеріне кіргізбеді» деп жазды. Біз ше? Біз кім болса соны құшағымызды ашып, жүрегімізді жайып қарсы алдық. Тың игеруші қырық сідік жерімізге қаптады, Байқоңырды айтсақ, менің ауылым – Төретам бекетіндегілер «Ата-бабамның сүйегі қор болды-ау!» деп аһ ұрады. Басқаны былай қойғанда, кейінгі ұрпақ Пушкинді айтып, Абайға келгенде, тілдері күрмеле беретін болды, өзбектің «Ялласы» ала шапанын жамылып, ала тақиясын милықтата киіп ап Мәскеудің төрінде «Шайхана» деп шырқап тұрғанда, біздің «Дос-Мұқасан» қара кәстөм, қызыл галстук байлап ап поляктың әнін екі тілде егілтті. Қазақша сөйлегендерге «чимкентский» деп кемсіту белең алды. Еуропеизм біз сияқты аңғал да бос халықты аяусыз жаншыды, жаға жыртысқан Ж. Тәшенов тектес зиялылар «шошқа тағалап» кетті. Біз неге осындаймыз? Бізде еуропеизмге деген ерекше жақындық бар. Мұсылман бола тұрып, қасымызға бір орыс келе қалса, бәрін ұмытып, соның ығына жығыламыз. Алматыда хиджаб жамылған даяшылары бар, бірақ бір ауыз қазақша сөйлемейтін мейрамханаға кіргенде «Осы біз қайда бет алып барамыз?» деп ойға шомасың.
«Сөз бен істің арасы Жапонияда 1 сантиметр, Америкада 2 сантиметр, бізде неше километр екенін бір Құдайдың өзі білсін» дейді математик Асқар Жұмаділдаев. Иә, осы екеуінің арасы бізде тым алшақ боп тұр. Қаулы-қарар дер кезінде өмірге келгенмен бәрі қағаз жүзінде қалады. Экс-президент төрт министрді шақырып ап, орысша сөйлескенде қыран депутат Оразкүл Асанғазиева: «Маған қазақша сөйлей алмайтын министрдің не керегі бар?» деп айқай салғанда зал демін ішінен алып, ешкім үн қатпады. Ұзамай Оразкүл орнын тапты…
Осы мақаласында ұлы Мұхтар елдің береке-бірлігі мен патшалық туралы қадап айтады. «Японияның патшасы, министрлері түгелімен білімді адамдар болған соң бәрінің де жаттан алған жолдары малды-басты аямай Японияға ғылым, өнер кіргізу. Осы себепті Японияның жас оқығандарының халыққа істейміз деген жақсылық мақсаттары болса, бәріне өздері көмекші болып, тілеген жаңалықтарын орнатып беріп отырады. Японияның алға басу жөніндегі тағы бір көзге көрінген мінездері – басшылары, білгіштерінің арасындағы ұйым, береке. Бұлар бәріміздің істемек бір мақсатымыз болса, сол мақсатымыз алдымен патшалықтың күшті болуына зиянды болмасын. Екінші, халыққа ауырлық келтірер болмасын деп шарт қоятын. Осымен бұл күнде Япония тура күшею жолында, ылғи іске жарарлық халық болды. Япония халқы – тарамыс, іскер, зейінді жұрт» дейді. Оу, бізде сол береке-бірлік болмай қайығымыз ескексіз жүзіп, кемеміз қайырлап қалған жоқ па? Әбден санасы пісіп-жетілген елге «қаңғып келген шүрегей» Колбинді әкеп қонжита салды. Біздегі қолдарына жұлдызшасы бар қызыл жалау ұстаған коммунистердің бір-бірін жібермейтін рулық-жүздік дәстүрін Кремльдің «ғылыми-зерттеу институты» жылдар бойы саралап, картасын сызып қойған. Сөйтіп, Е.Әуелбеков, М.Ықсанов, К.Салықов, Ш.Есенов, Е.Бөкетов секілді елге жаққан алтын асықтай кадрлар Алматыға жете алмай әр облыстың жыртығын жамап, кемесін алға сүйреп, ақырында, байлыққа белшесінен батқан ел «кіші көтерілістер» (Желтоқсан, Жаңаөзен, қаңтар қырғыны, т.б.) жасап, оқ пен оттың астында қалды. Кемелденген социализм – қазақтың кадр саясатында рушылдық пен жүзшілдіктің отына май құйған аса ауыр кезең болды. Өйткені, «әй дейтін әже, қой дейтін қожасы» жоқ жалғыз партияның аузына қарадық. Аты аталған іскер кадрлар бірі экспедиция жетекшісі болса, бірі лаборант, енді бірі туған жерге ту тіге алмай Қарақалпақ асып кетті.
Ғылым Академиясы мен Жазушылар одағы, т.б. шығармашылық мекемелер қоғамдық ұйымға айналып, әкімқаралар ғылым докторы боп, қаламгерлер қара жұмыс іздеп, арба сүйретіп кетті. 21 жасар Мұхтар шығыстағы жапонның жақсылығын айта отырып, өз ұлтының болашақ тағдырын бір ғасыр бұрын қалай тамыршыдай дөп басқан. Тек бір үйдің баласы үстемдік құрған жаңа дәуір бастауында ол халқын жаман әдеттен сақтандырып, ел бірлігіне Күншығыстағы қысық көз, тарамыс халықты үлгі етіп алып отырған жоқ па? 1957 жылы Мұқаң сол өзі үлгі тұтқан еңбеккеш елге сапар шегіп, «Жапон әсерлерін» жазды да, бес жылға жетер-жетпесте дүниеден озды. Мен де Пайғамбар жасына жетер-жетпесте құда боп сол жердің топырағын бастым. Ең әуелі, Күріш ғылыми-зерттеу институтының іссапарымен барғанда жоқтан бар жасап, тоқал тамның төбесіне күріш егіп отырған елге таңғалып қайттым. Бұлар атқан таң мен шыққан күнді бір-біріне «Қайырлы таң!» тілеп қарсы алып, қара жерді анасындай сыйлайтын халық екен. Мұғалім мен дәрігерді көрсе, бастарын иіп тұрады, бірі – адамның көзін ашса, бірі – өмір сыйлайды. Олар жерді көздің қарашығындай сақтайды, бір тұтам жер үшін жандары дызақтап, бүгін алынатын пәлен центнер өнім емес, жердің ертеңгі тағдырын ойлап, жанұшырып тұрады. Жоспар мен міндеттеме деген атымен жоқ. Кейіннен құда түсе барғанда шоқша сақал, тарамыс құда: «Қанша жеріңіз бар?» деп сауал қойды. Мен мүдіріп қалдым. Бұл – біздегі колхоз-совхоз тарап, жер жарықтық қазақтың уысынан сытылып шыққан шақ еді. «Бұйыртқаны бар ғой» деп қазақы әуенге салдым. Келінімді алып қайтқанда, айғыр пойыз Алматыдан Ақмешітке дейінгі айқай далада бас еркін бермей тепсініп келе жатқанда терезеден шет-шегі жоқ иен далаға көз алмай қараған келін: «Мына жердің бәрі сіздердікі ме?» дегені. «Біздікі» дедім ызамды ішке бүгіп. Жер сатылып, Қытай зауыт саламыз деп әрекет еткен әулекі шақта басқа не дерсің? Елге кеп, табалдырықтан аттарда есік алдындағы есек мияны опырып жеп тұрған сұр есекке сескене қараған келін: «Бұл жердің иесі жоқ па?» дегенде, жалаңдаған жас қайнысы: «Иесін көріп тұрсың ғой» деп тісі ақсия күліпті.
Соңғы барғанда кәсібім жазушылық екенін білген құда: «Қанша агентіңіз бар?» деп сұрап қалды. Шошып кеттім. Қазақтың құлағында тек 37-нің агенті ызыңдап қалып қойған, ниетім оң, жаман ойдан аулақ екенімді айттым. Осака префектурасының қызметкері – құдамның айтуынша, бір Муракамиде 300-ден аса агент бар екен. «Агентсіз қалай жазасыздар?» деп аңтарыла қарады. Оларда агентсіз әдебиет жоқ, жазушы жазады, насихатымен агент айналысады. Мен күні өтіп кеткен өзіміздегі әдебиетті насихаттау бюросын ойлап аһ ұрып отырдым. Бұл – кезіндегі мемлекеттік мекеме болса, енді біз де жекеменшік бағдар мен базарға көшкен елміз. Бірді-екілі «агентпіз» деп шапқылап жүргендерді көрем, оларға қолдау жоқ, олар тақпақ пен мақала жазған ақшасы бар қалталыларды сағалап, қазақ әдебиетінің дүлдүлі ғып шет елге шығарып, қолқабысын көргеніне мәз. Бізге ақшаны емес, әдебиетті ойлайтын жаны таза әдеби агенттер керек. Олар аяғынан қаз-қаз басып кеткенше үкімет қолтықтан демеп, қолдау білдірсе, бізде де агенттер әлемі өмірге келер еді. Олар «алтын көрсе періште жолдан тайып», заманның әніне салып, ақшасы барлардың емес, қаламы барлардың қасынан табылуы керек. Бір мысал – бір өмір. Ашық пікірталаста шығармасына көпшіліктің көңілі толмай салқын сөз естіген автор жабық дауысқа салғанда оза шауып, бәрін шаң қаптырып кетті. Бұл не құдірет? Хамелеондық көңіл-күй біздің әдебиетімізді де баурап алды. Көркем шығарманы бағалауда социалистік қоғам әлдеқайда әділ еді. «Жалынның» жабық бәйгесінің өзі неге тұрады? Онда ылғи әдебиет десе өзегін суырып берер нағыз әділқазылар отыратын. Қазір сыйлыққа ұсынылған шығарманың сапасын емес, сүйеушісін іздеу дәстүрге айналды. Социализм кезеңінде жалғыз Коммунистік партияның сойылынан сескенсе де, әдебиетке деген әділдіктің салтанатты сарайы болатын.
Осы барғанда префектура қызметкері құдам жексенбі – Осакадағы кішкентайлармен қыдыратын күн екенін айтып, басын иіп, кешірім сұрады. Мэр де балалармен бірге болады екен. «Сіздерде де осылай ғой» деп күлімсірей қарады. Өтірік айта алмадым, «Біздегілер ата-анасымен қыдырады» дедім. Ол «Мэр де балалардың ата-анасы емес пе?» деп жымиып тұр. «Бар жақсылық – балаларға» деп сыпайы құтылдым да, құдамның келуін күттім. Бізде халық пен әкімнің арасы, Асқар айтқандай, ұзақ жол, ұзақ шақырым. Дүбірлі жиынға әкім келе қалса сол маңай түгел қоршалып, бағдаршам өшіріліп, тіпті бүлдіршіндер асыр сап жүрген субұрқаққа дейін тоқтатылып, бір өлі дүние өмірге келеді. Осака префектурасының мэрі бұтына лыпа киіп ап, балалармен бірге субұрқаққа шомылып, мәре-сәре боп жүреді екен. Бұл – дәстүрлі дағды, адамнан адамның артықшылығы жоқ деген қағиданың қатаң ұстанымы. Бізде әлі де темір шарбақпен қоршалған кеңселер өмірімізге сән берсе, сол шарбақтардың алды анда-санда теңіздей толқып кететіні бар.
Осы күндері келінімнің қиналып жүргенін сезем. Сегіз жасар немерем қазақша, орысша, ағылшынша оқып, басы қатып жүргенін білем, тек бір рет: «Бізде 13 жасқа дейін тек жапон тілін оқытады» деп айтып қалды. Бір күні немерем сабақтан шаттанып келді, «Апай маған «сумисың» деді» деп қуанып тұр. Педучилище бітіріп келген жас мұғаліммен сөйлестім. «Оның самурайдың жиені екенін білесің ғой, бала қазақ болмаққа барынша құлшынып жүр емес пе?» деп едім, ұстаз көзіне жас алды. «Ағай, байқамай аузымнан шығып кетіпті, енді айтпаймын» деп ағынан жарылды. Ертеңіне немерем тағы да қуанып келді. «Апай маған «суми емессің» деді» дейді қолды-аяққа тұрмай шаттанып. Иә, бізде «жақсы, жаман» деген өзгермейтін трафарет бар. Оны педагогика саласындағылар осылай өмірге қолданса, тал бесік теріс шайқалмай ма?
Жапонға тағы жол тарттым. Ұлы Мұхаң басқан топырақты тағы да басам. Бұ жолы ақ күріштің жайын сөз етем, әдебиетті де айтам. Агентке келгенде, әлі ұяттымыз, сол жақтан біреуді ұстасам ба деген ойым бар. «Жапон, жапон» дегенше солардың «жақсысынан үйреніп, жаманынан жиренейік» те. Оның шет жағасын 1918 жылы 21 жасар Мұхтар жұқалап жеткізген жоқ па? Олар уақытты сыйлайды, уақыттың алдында есеп береді. Тойды уақтылы бастап, біреудің уақытына қол сұқпайды, мэрді күтпейді, олар үшін мызғымас қағида – «адамнан адамның артықшылығы жоқ». Лауазым олар үшін қатардағы қарапайым нәрсе. Ысырапқа жол бермейді, бөстекі сөзге мойын бұрмайды, бар мен жоқты тек біреудің еңбегі арқылы бағалайды. Ас та төк шашылуды жандары сүймейді, обал-сауаптан қорқады. Біз беріге дейін тойдан қалған тамақты мал мен құсқа берсек, қазір дастарханнан салып әкететін үрдіс шықты. Бұл да обал-сауапты ойлаудың бір көрінісі. Жапон тойында әркім ішкен асына өзі төлеп кетеді. Осыны айтып келгенімде бір қушыкеш құрдас: «Біз де конверт арқылы береміз ғой» деп қутың-қутың етті. «Ораза-намаз – тоқтықта» екенін біліп жүргеннің несі айып.
Дарақылық барда экономика өрге баспайды, ұрлықты жасырған жерде жұрт ұрлық істеуге әзір тұрады. Жұрттың бәрі «Ұрымын әрі жатыпішермін» деп, жұмыс сұрап келгенде басшыдан өмірбаянын жасырмаған Шукшиннің кейіпкері емес қой. «Қызыл бүрген» кеңестік қоғамда ұры образын бірінші планға шығарған тұңғыш шығарма, оның кейіпкері адал, достарын ешқашан сатпайды, біздің жаңа Қазақстанға да аржағы таза осындай адамдар керек. Қазір біз ұрлықы қойманы тазарту үстіндеміз, бұл жерде зіл тартар таразы – халықтың гір тасы. Дарақылық деген домбауыл дуал да құлаған жоқ. Қол жайып жүріп, банктен несие алып той жасап, ағайыннан жақсы сөз естіп, ақырында, көгілдір экраннан «Kaspi» арқылы көмек сұрайтын көрініс пайда болды. «Жабыл, кедей, жабылдың» күні өткен заман, қазір кедей де, бай да қатігез. Дарақылық анатомиясы қайран қазақты жарты жолда қалдырып жүр. «Жауды аяған жаралы» ынжықтығымыз да бар, Ф. Достоевскийдің «Қылмыс пен жазасының» тереңіне бойлай бермейміз, әйтпесе далиған жері бар зерек қазақтың Күншығыстағы жерге ұрып алғандай қысық көз құдалардан бір де кемдігі жоқ. «Әуезовтің маңдайы Сократтың маңдайы емес, өзіміздің маңдайымыз» дейтін кез келді. Барды бағалай білсек, біздей зерек ұлт жоқ жер бетінде. Осы мақаланы жазуға түрткі болған ұлы Мұхтар Әуезов, Одақтағы ең жас Лениндік сыйлықтың лауреаты атанған геолог Шахмардан Есенов, қазаққа Нобель алып берген атомшы Достай Раманқұловтардың тізімін төзіміміз жетсе жалғастыра беруге болар еді.
Осакаға аттанып барамын. Осака аспаны тұйық, Хиросимадан соққан ызғырық бар. Ол – өздерін атоммен тұншықтырған Американы қайтсек те ілім-біліммен басып озамыз деген ыза мен кектің лебі. Қазақтың терісі де, жері де кең, өзіне емес, өзгеге болса деп тілеп тұратын пейілі бар. Бұны Ақмешітке келген құдаларым да байқап қалыпты. Не де болса, сол атом бомбасы қабағында мұң боп қалған қайсар құдаларыма аттанып барамын. Ақмешіт пен Алматыға жер жетпейді. Екеуі де ескі астана. Екеуінің де қабырғасы толы ескерткіш-тақта, қабағында мұң. Біреуі Байқоңыр атанып, зымыран ұшқан жеріміз біреудің уысында кете бере ме деп аһ ұрса, біреуі қаңтар қырғынына кім кінәлі деп күрсінеді. Енді жаңа Қазақстанымыз қандай болар екен?
1925 жылға дейін қазақтың астанасы болған Қызылорда «Ақмешіт деген атымды қайтарып бер» деп бұлқынып қояды. Ат қоюға келгенде шайтандай шалтпыз, қайтаруға келгенде керенаумыз, себептен салдар іздеп жалтақтап тұрамыз. Оу, қып-қызыл Лениннің атын алған Ленинград бір күнде Петербург болған жоқ па? Біз кімнен қорқамыз? Петропавл мен Павлодар да қазақы атауымды қайтып бер деп жұтынып тұр. Нұр-Сұлтанды айтсаң, жұрттың мойны салбырайды…
Не де болса, Ақмешіттен Осакаға аттанып барамын. Жақсысы болса алып қайтам, оған ұлы Мұхтардың 21 жасында жазған жан сөзі ұлы бағдар, даңғыл жол. Сөзім сөз. Көңілімді беріп, «өз жақсымды жаттай сыйлап, жатты жанымнан түңілдіріп» қайтам. «Жапон, жапон» дей бермейік. Олар тоқал тамның төбесіне дән ексе, менің артымда айқай далам жатыр. Тек соған қара кетпенді батыра шауып, ұқсата білуіміз керек. Кетпенімнің ұңғысынан Ай көрінеді, топырағым тың. Артыма бұрылсам, картаға сыймай жатқан жерім бар. Қара жерім қанат байлап, Күншығысқа алып ұшып барады. Аспаннан қарасам, ата-бабамның көн етігінің ізі бадырайып көзге түседі. Ізгілігі зор елдің ізі өшпейді.
– Ата! – деген немеремнің даусы көк аспанда құлағыма естілді. – Қайда кетіп барасың?
– Нағашыларыңа…
«Менен сәлем!» деген жоқ. Алабұртып тұр. Тілінде әлі мүкіс бар…
Қуандық ТҮМЕНБАЙ,
жазушы, Халықаралық «Алаш» сыйлығының лауреаты
АЛМАТЫ