Өзбекстан өз азаматтарына Украинамен соғысудың қылмыс екенін ескертті
ТАШКЕНТ. 29 шілде. Өзбекстан билігі Украинаға қарсы соғысқа қатысатын ел азаматтарын түрме күтіп тұрғанын ескертті. Бұл туралы The Moskow Times хабарлады.
Ескерту елдің Ресейде тұратын азаматтарын жоғары жалақылы жұмыстарға шақырған жарнамаларға алданып, Украинаға барып соғысып жүрмеуден сақтандыру үшін жасалып отыр.
Республиканың сыртқы еңбек миграциясы агенттігі Өзбекстан заңнамасы бойынша жалдамалы әскер болған адамның бес жылдан он жылға дейін сотталатынын еске салып қойды.
«Бірқатар жаңалықтар телеарналары қазір Өзбекстан мен Қырғызстан азаматтарын Ресейдегі жоғары жалақылы жұмысқа шақырған хабарландыруларды таратып жатыр. Бұл хабарландырулардың негізгі мақсаты Ресей мен Украинаның соғысу аймағына азаматтар тарту болып табылады. Осыған байланысты біз өз отандастарымызды шетелден жұмыс ұсыну жөніндегі мұндай ресми емес хабарландыруларға сенбеуді сұраймыз», – делінген хабарламада.
Бұдан бұрын MediaHub журналистік зерттеулер орталығы өзбектер мен қырғыздарды Украинадағы соғысқа алдап апару «Вагнер» жеке әскери компаниясы арқылы жүргізілетінін жариялаған болатын. Осы үшін әлеуметтік желілерде жеке күзет кәсіпорнына адам алынатыны жайлы құлақтандыру жариялайды. Оған баруға талап етушілерге 100 мың рубль айлық пен Ресей азаматтығын беру уәде етіледі. Алайда, іс жүзінде олар Ресей қорғаныс министрлігінің мүддесін қорғау үшін Украинаға аттандырылады. Жұмысқа баруға келіскендерге Краснодар өлкесіндегі Молькино хуторына жиналу тапсырылады.
Өзбекстан мен Қырғызстан ресми түрде Украинадағы соғысқа бейтарап позиция ұстанып отыр.
Көші-қон жөніндегі халықаралық ұйымның мәліметіне сәйкес, Ресейде қазір Орталық Азиядан келген 4 миллион адам жұмыс істеп жатыр. Олардың 2 миллионы – Өзбекстан, 1 миллионы – Тәжікстан, 1 миллионы – Қырғызстан және 200 мыңы – Қазақстан азаматтары.